«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дамуға қуатты серпін сыйлайтын қатынастар

Дамуға қуатты серпін сыйлайтын қатынастар
Ашық дереккөз
Бүгінде дүниежүзілік қоғамдастыққа экономикасы дамыған, қоғамдық-саяси негіздері тұрақты мемлекет ретінде танымал Қазақстанның басты басымдықтарының бірі – алыс-жақын шет елдермен саяси және сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуі. Қазіргі кезде әлемнің 131 елімен сауда-саттық жасайтын елімізде алғашқы жартыжылдықта сыртқы сауда 55 миллиард АҚШ долларынан асқан. Негізгі сауда серіктестерінің үштігіне Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ кіретін Қазақстанның экспорты биылғы қаңтар-шілдеде 1,8 пайызға өсіп, 32,5 миллиард долларды құраған.

ЕУРОПАДАҒЫ МАҢЫЗДЫ САУДА СЕРІКТЕСІ

Қыркүйек айының ортасында Қазақстанға Германия Федеративтік Республикасының канцлері Олаф Шольц ресми сапармен келді. Бұл сапардың себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия үкіметі басшысын елімізге келуге, сондай-ақ Астанада өтетін «Орталық Азия-Германия» екінші саммитіне қатысуға шақыруы болды.

ГФР – Қазақстанның Еуропа құрлығындағы негізгі стратегиялық серіктесі. Екі елді нығайтылған сауда-экономикалық ынтымақтастық, сенімді саяси қатынастар, экологиялық және гуманитарлық тәртіп мәселелерінде тығыз өзара іс-әрекет байланыстырады. Бүгінде екіжақты қатынастар шеңберінде сауда-экономикалық және инвестициялық салалар айтарлықтай өсуді көрсетеді. Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 3,9 миллиард долларды құраған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 41 пайызға жоғары. Бұл ретте Қазақстаннан Германияға экспорт 3,1 есеге (742,3 миллион доллар) ұлғайды. Қазақстан экспортының негізгі үлесі мұнай мен мұнай өнімдеріне, көмірге, ферроқорытпаларға, фосфорға, ұшу аппараттарына тиесілі болды. Германиядан Қазақстанға импорт былтыр 41,2 пайызға өсіп, 3,1 миллиард долларды құраған. Жалпы, Қазақстанға ГФР-дың Орталық Азиямен тауар айналымының 83 пайызы тиесілі, бұл Астананы өңірдегі Берлиннің негізгі экономикалық серіктесі етеді.

Инвестициялық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Әлемдегі ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Svevind неміс-швед компаниясының Маңғыстау облысында жасыл сутегі өндіретін кластерін құру. Инвестиция көлемі 50 миллиард АҚШ долларын құрайды. Ал, Bergbau AG холдингі Шығыс Қазақстан облысында литий (500 миллион доллар) өндіретін зауыт және тағы басқаларды салуды жоспарлап отыр. Өткен жылы Германия Қазақстанды инвестициялық кепілдіктер берудің жеңілдікті тәртібі бекітілген 34 елдің тізіміне енгізгенін айта кеткен жөн.

16 қыркүйекте «Ақорда» резиденциясында Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольцпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев: «Германия – біздің Еуропадағы, тіпті жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл – өте маңызды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпқырлы ықпалдастығымызға баса мән береміз. Өзара байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз», – деді. Мемлекет басшысының айтуынша, Германия Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде экономикамызға инвестиция салған жетекші елдердің санатына кіреді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Тараптар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға, әсіресе, энергетика, «жасыл» трансформация, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, климатты қорғау, экология және ауыл шаруашылығы салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге мүдделі екенін растады. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылданды. Сонымен қатар, ресми делегация мүшелері бірқатар маңызды құжаттарға қол қойды.

«Қазақстан-Германия» бизнес форумына дейін немістің іскерлік орта өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысының пікірінше, Германияның жетекші компанияларының Қазақстанға келуі екі елдің де экономикалық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін көрсетеді. Президент бизнесмендерге олардың компаниялары инновацияның алдыңғы шебінде келе жатқанын әрі жаһандық тұрақты даму үдерісінде негізгі рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар, Германия канцлерінің сапары аясында қол қойылған келісімдер мен бірлескен бастамалар Астана мен Берлин арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.

Сапар барысында федералды канцлермен бірге жоғары деңгейдегі іскер топ келіп, Қазақстан астанасында сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда жаңа келісімдер жасалды. Атап айтқанда, бұл экономика, энергетика, коммуникация және шикізат саласындағы ынтымақтастық. Германияның қажеттіліктерін және Еуроодаққа аса қажетті материалдарды жеткізу саласында келісімнің болуын ескерсек (Қазақстанда ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 шикізаттың 19-ы өндіріледі), келіссөздер осы саладағы ынтымақтастыққа әсер ететіні сөзсіз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, химия, машина жасау және тағы басқа салалардағы жаңа жобалар талқыланды. «Батыс – Шығыс» желісі бойынша тұрақты коммуникация жобасы ретінде жаһандық стратегиялық мүддені білдіретін Орта дәліздің (Транскаспий халықаралық көлік магистралі) перспективалары Қазақстанның еуропалық әріптестермен, оның ішінде Германиямен келіссөздерінің тұрақты константасы болып табылады.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Ерболат Сейлехановтың пікірінше, Қазақстан Германияның экология, климатты қорғау және орнықты даму саласындағы бастамаларына жоғары қызығушылық танытып отыр. Берлин 2007 жылы аймақтың су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға бағытталған Орталық Азия бойынша су бастамасын көтерді. Оның табиғи жалғасы мен дамуын 2019 жылы басталған ГФР-дың «Жасыл Орталық Азия» жаңа бастамасы деп санауға болады. Ол Германия үкіметінің қолдауымен экология және тұрақты даму мәселелерінде Орталық Азияның бес мемлекетінің кооперациясын көздейді. Сондай-ақ, Германияның бүкіл Орталық Азия аймағымен ынтымақтастығын дамыту аясында Шольц сапарының маңыздылығын атап өткен жөн.

Астана Орталық Азия астаналарының біріншісі болып осы форматтағы саммитті қабылдады, бұл Қазақстанның сыртқы факторлармен өңірлік ынтымақтастық үдерістеріндегі жетекші рөлін көрсетеді. Сонымен қатар, Германия мен Еуропалық Одақ үшін Орталық Азия бай және алуан түрлі шикізат ресурстарын, адами әлеуетті, транзиттік-көлік мүмкіндіктерін, сондай-ақ сатып алу қабілеті өсіп келе жатқан және тиімді сауда ұсыныстары бар ортақ экономикалық нарықты қамтитын біртұтас «организм» ретінде қызығушылық тудыратыны анық.

Бұл тұрғыда Германияның Қазақстанмен және басқа да Орталық Азия елдерімен байланысының жандануы айқын көрінеді. Мәселен, 2023 жылы Қазақстан мен Германия арасында жоғары деңгейдегі сапарлар алмасуы болды. Маусым айында Қазақстанға ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер келді, ал Қазақстан Президенті Германияға екі мәрте барған болатын. Қыркүйекте Берлинде өткен «Орталық Азия + ГФР» форматындағы бірінші кездесуге қатысу үшін, қараша айында – жеке ресми сапармен. Жалпы, ГФР Федералдық канцлері О.Шольцтың Астанаға сапары қазақстан-неміс қатынастарының дамуына және Орталық Азия мен Германия ынтымақтастығының жаңа сапалы деңгейге шығуына серпінді екпін береді деп айтуға болады.

Тағы бір айта кететін мәселе, Қазақстан-Германия консорциумы жаңа жүк-жолаушылар әуежайын салуға ниетті. Германияның федералдық канцлері Олаф Шольцтың Қазақстанға ресми сапары аясында Көлік министрлігі мен «Skyhansa» компаниясы арасында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жүк-жолаушылар әуежайын салу жобасын іске асыру туралы негіздемелік келісім жасалды. Жоба қуаты сағатына 500 адамға дейін жолаушылар терминалы бар әуежай инфрақұрылымын, сыйымдылығы жылына 550 мың тоннаға дейінгі отын қоймасын, жылына 250 мың тоннаға дейін жүктерді толық өңдейтін жүк терминалын салудың, әуе кемелеріне қызмет көрсету үшін авиациялық-техникалық орталық құрудың, сондай-ақ басқа да туристік және сауда-ойын-сауық қызметтерін дамытудың үш кезеңдік бағдарламасын көздейді. Жобаға жеке инвестициялардың жалпы сомасы 300-ден астам тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 500 миллион АҚШ долларынан басталады деп болжанған. Бүгінгі таңда Жетісу облысының әкімдігі әуежай салу үшін жер телімін бөлді, ал инвестор инвестициялар туралы келісім жасалғаннан кейін жобаны іске асыруға кірісуді жоспарлап отыр.

САУДА-САТТЫҚ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗІ

Өткен айдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сулейман әл-Джассерді қабылдап, әңгімелесу барысында ел экономикасының өсімін ынталандыру мақсатында өзара тиімді ынтымақтастық құру перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Ислам даму банкі Қазақстанның орнықты дамуға ұмтылысы жолында сенімді серіктес болып келе жатқанына назар аударды. Банкпен ынтымақтаса жұмыс істеген жылдар ішінде жалпы инвестиция көлемі 2 миллиард АҚШ долларына жуықтайтын 70-тен астам бірлескен жоба жүзеге асырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған банкпен арадағы Стратегиялық негізгі келісімнің жаңаруын құптады. Оның аясында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық және индустриялық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша қаржылай қолдау шарттары қарастырылған.

Мемлекет басшысы ОПЕК халықаралық даму қорының президенті Абдулхамид әл-Халифамен де кездесіп, өзара ықпалдастық және Қазақстандағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру бойынша ынтымақтастық перспективасын қарастырды. Мемлекет басшысы еліміз ОПЕК қорымен серіктестікке стратегиялық тұрғыдан мән беретінін, соның ішінде MENA (Таяу Шығыс және Солтүстік Африка) аймағымен байланысты нығайтуды көздейтінін атап өтті. Абдулхамид әл-Халифа болса, газ химиясы, көлік, су ресурстарын басқару және денсаулық сақтау сияқты негізгі салаларды қаржыландыру жоспарымен бөлісті.

Жақында Араб үйлестіру тобы қорларының басшыларын қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстан мен Шығанақ елдері арасында сауда-экономика салалары бойынша өзара тиімді және берік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Сонымен қатар, Араб елдерімен жан-жақты байланыс нақты келісімшарттармен және келісімдермен бекітілген. Президенттің айтуынша, Араб үйлестіру тобы өзін Қазақстанның стратегиялық серіктесі ретінде көрсетті. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде 2029 жылға қарай кемінде 150 миллиард доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартуды мақсат ететін жаңа инвестициялық кезең басталғанын айтты. Араб үйлестіру тобы қорларының басшылары Қазақстан Үкіметі мүшелерімен және бизнес қауымдастығының өкілдерімен екіжақты әрі көпжақты келіссөздердің табысты өткенін жеткізді. Онда экономиканың басым бағыттарында бірлескен инфрақұрылымдық және индустриалдық жобаларды қаржыландыру мен дамыту мәселелері қарастырылған.

8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға арнайы келген бірқатар құрметті меймандарды қабылдады. Мәселен, Саха Республикасының (Якутия) басшысы Айсен Николаевпен кездесуде өңіраралық ықпалдастықты нығайту және екіжақты байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Саха Республикасымен сауда, өнеркәсіп, IT-сектор, ауыл шаруашылығы және кен игеру индустриясы секілді түрлі салаларда ынтымақтастықты күшейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне назар аударды. Кездесуде Айсен Николаев Якутия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.

Аталған кездесуден соң Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады. Қазақстан вице-премьері соңғы жылдары Қазақстан мен Якутия арасындағы ынтымақтастықтың айтарлықтай артқанын атап өтті. 2023 жылы Қазақстан мен Якутия өңірлері арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсіп, 160 миллион доллардан асты. Қазақстаннан Якутияға экспорт 68,6 есеге өсіп, 160,7 миллион долларды құраса, ал Якутиядан Қазақстанға импорт 53,2 миллион долларды құрады. Кездесу барысында тараптар өзара сауданың әлеуеті толық жүзеге асырылмағанын, тауарлар жеткізілімін ұлғайтуға кең мүмкіндіктер бар екенін айтып, Қазақстан мен Якутия арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықтың белсенді дамуын атап өтті.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Астанаға келген Татарстан Раисы Рустам Миннихановпен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық жоспарлы түрде дамып келе жатқанын айтып, машина жасау және мұнай-газ химиясы салаларындағы бірлескен жобаларды уақтылы әрі сапалы іске асырудың маңызына тоқталды. Татарстан басшысы терең өңделген өнім шығару, IT-индустрия және экономиканың басқа да өзара мүдделі салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Ал, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуде Халк Маслахаты төрағасының Астанаға сапары аса маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, қазір қазақ-түрікмен қарым-қатынасы өте табысты дамуда және стратегиялық серіктестік деңгейіне толық сәйкес келеді. Әңгімелесу барысында сауда-экономика, энергетика және көлік-логистика салаларында бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарға назар аударылды. Тараптар Қазақстан Президентінің биыл қазан айында Түрікменстанға жоспарланып отырған сапарының дайындық барысын талқылады.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТЕТІН КЕЗДЕСУЛЕР

Өткен айда ел Президенті мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуда жетекші рөл атқаратын бірқатар шетелдік ірі компаниялардың басшыларын қабылдады. Glencore компаниясының бас директоры Гэри Нейглмен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Glencore компаниясы қызметінің нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді. Бұдан бөлек, еліміздің тау-кен, металлургия және энергетика салаларындағы компания жұмысының негізгі аспектілері талқыланды. Президент экологиялық стандарттарды қатаң сақтау және өндіріс процесіне инновациялық технологияларды енгізу қажет екеніне айрықша назар аударды.

Asia Infrastructure Solutions Singapore компаниясының төрағасы Вонг Хэн Файнмен болған кездесуде Alatau City жобасын жүзеге асыру перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вонг Хэн Файн шетелдің инвестициясын, технологиясын және білім әлеуетін тарта отырып, Алатау қаласын тиімді дамыту жөнінде егжей-тегжейлі пікір алмасты. Президент сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесе дайындалған Алатау қаласының Бас жоспары биыл мамыр айында қабылданғанын айтты. Мемлекет басшысы осы тектес жобаларды жүзеге асыруда Вонг Хэн Файнның мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондықтан оның бас консультант ретінде берген ұсынымдары халықаралық бизнес-хабқа айналуды көздейтін жаңа қаланы жобалау және салу ісінде нақты нәтижеге ұласатынына сенім білдірді.

Сербия Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды сауда серіктесі болып табылады. Қазақстан Сербияға шикізаттық емес тауарларды жеткізуді 500 миллион АҚШ долларына арттыруға дайын. Бұл ынтымақтастықтың перспективалары мен жаңа бағыттары 6 қыркүйекте Белградта өткен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының III отырысында талқыланды. «Бізде сауда ынтымақтастығының үлкен әлеуеті бар. Біз Сербияға 500 миллион доллардан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 90-нан астам түрін жеткізуді ұсынуға дайынбыз. Бұл металлургия, мұнай-химия, тамақ, машина жасау салаларының өнімдері, көлік құралдары, құрылыс тауарлары. Бұл үшін бізде барлық өндірістік және көліктік-логистикалық мүмкіндіктер бар», – деді Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин отырысқа қатысушыларға.

Қазақстан Сербияға бұршақ, пияз, қарақұмық, жарма және бидай экспортын ұлғайтуға дайын екенін атап өтті. Мал шаруашылығы саласында балық және балық өнімдерін, бал, құс еті, жылқы, сиыр еті және сүт өнімдерін жеткізу мүмкіндіктерінен бөлек, Қазақстан шошқа етiн жеткізуді қарастыруы мүмкін. Сонымен қатар, елімізде жаңа сүт-тауар фермаларының құрылысын ескере отырып, Қазақстан Сербиядан асыл тұқымды сиырлар мен асыл тұқымды материалдарды импорттауға мүдделі. Өз тарапынан Сербия Премьер-Министрінің орынбасары Ивица Дачич елдер арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдетуге мүдделілік білдірді. Айта кетсек, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Сербиямен тауар айналымы 91,2 миллион АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,3 пайызға жоғары. Экспорт 38,7 пайызға өсті. Импорттың негізгі көлемі жүгері, күнбағыс тұқымдары, тірі өсімдіктер болса, экспорттың негізгі көлемі қарақұмық, тары және басқа да дәнді дақылдар.

Қазақстан Тайландпен де сауда-экономикалық ынтымақтастықты жолға қойған. Былтырғы жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 367 миллион долларға жетті. Қазақстан ет, көкөніс пен жеміс, дәнді-дақылдар, ұн өнімдерін, өсімдік майларын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға мүдделі. Бұның барлығы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүргізілуде. Өйткені, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және дистрибуциялаудың тиісті инфрақұрылымы бар ұлттық тауар өткізу жүйесі қалыптастырылу үстінде. Бұл біздің елімізде азық-түлік хабын құру үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Осы мәселеде Қазақстан мен Тайланд арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің келешегі зор әрі бұл екі жаққа да тиімді болары сөзсіз. Осыған сәйкес, қыркүйек айында Тайланд пен Қазақстан арасында экономикалық өзара іс-қимыл туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат әртүрлі салалардағы, соның ішінде сауда, экономика және инвестициялардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

19 қыркүйекте Премьер-Министр Олжас Бектенов Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Грузия үкіметаралық комиссиясының 12-ші отырысына қатысу үшін Астанаға келген Грузияның бірінші вице-премьері – экономика және орнықты даму министрі Леван Давиташвилимен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Тараптар транзиттік-көлік секторындағы перспективаларға назар аударды. Екі елдің аумағы арқылы Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға апаратын ең қысқа жолдар – ірі трансконтиненттік көлік дәліздері өтеді. «Қазақстан мен Грузия – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында белсенді ынтымақтастықта. Аталған бағыт бойынша жүктерді ауыстырып тиеу өткен жылы 65 пайызға, биылғы 8 айда 69 пайызға өсіп, 2,9 миллион тоннаға жетті. Мемлекет басшысы Орта дәлізді дамытуға үлкен көңіл бөліп отыр, біз бұл бағыт бойынша тасымал көлемін 10 миллион тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Ол үшін Үкімет дәйекті шаралар қабылдауда», – деп атап өтті О.Бектенов. Кездесуге қатысушылар сауда-экономикалық әріптестіктің қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін көпжоспарлы жұмысты жалғастыру ниетін растады.

Айта кетсек, Грузия – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Биыл бірінші тоқсанда грузин инвесторлары Қазақстан экономикасына 88,5 миллион доллар инвестиция құйды, жалпы соңғы он жыл ішінде инвестиция көлемі 500 миллион доллардан асқан.

Қорыта айтқанда, елімізде шет мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективалары мен жаңа бағыттары үнемі талқыланып, оны дамыту күн тәртібінен түскен емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті» деген болатын. Ал, халықтың бейбіт, бақуатты өмір сүруі үшін ел экономикасын дамыту, саяси, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту өте маңызды. Сондықтан, еліміз үшін алдағы уақыттарда алыс-жақын мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың маңызды бір бағыты болып қала берері сөзсіз.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар