Облыста буллингтің алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан 2 пилоттық жобаның бірі «Komek Stop Bullying» телеграм каналына 400-ден астам хабарлама түскен. Оның 270-і жазбаша хабарлама болған. Олардың 14-і буллинг, 14-і бопсалау, 9-ы тиісу орын алатыны туралы болса, 2-уі тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы. Ал, 20-сы мұғалімдерге, 7-уі ата-аналарға шағымданған, 33-і көңіл-күйлерін білдіру түріндегі жазбалар, 171-і ойлары толық жеткізілмеген хабарламалар.
Сондай-ақ, облыста буллингтің алдын алу бойынша «Психологиялық қызмет HR+» пилоттық жобасы да іске асырылуда. Өткен 2023-2024 оқу жылының қыркүйек айынан бері облыста оқушылар мен колледж студенттері арасында буллингтің алдын алу және психологиялық көмекті қажет ететін балаларға дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying» жобасы жүргізіліп келеді.
Буллингті болдырмау үшін жүргізіліп жатқан жобаның тағы бірі – «Бестерек». Бұл білім басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде облыс мектептерінде өткен жылдан бері «тәуекел» тобындағы балаларды анықтап, олармен профилактикалық алдын алу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. Жобаның бірінші кезеңінде 634 жауапты білім мекемелерінің қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарымен қамтылса, екінші кезеңде 15 қаңтардан бастап 638 педагог-психологтар мен 445 мектеп директорларына арналған оқыту курстары ұйымдастырылыпты. Осы жобамен биыл жүргізілген диагностикалаудың нәтижесінде жасыл аймақтағы 52162 оқушы, сары аймақтағы 511 оқушы және қызыл аймақтағы 20 оқушы анықталып, олармен түзету жұмыстары қазір де жалғасып жатыр.
Алайда, бұл іске мекеме қызметкерлері ғана емес, ата-аналар да жауапты болса, бала үшін қауіпсіз қоғам құру әлдеқайда жеңілдер еді. Психологтардың айтуынша, әдетте буллингке тұйық, момын, көнгіш балалар жиі ұшырайды. Себебі, интроверт балаларды басқару, ұрып-соғу оңай әрі олар ата-анасына жиі шағымдана бермейді. Одан бөлек, оқу үлгерімі жоғары оқушылар да, бет әлпетінде, дене бітімінде қандай да бір ерекшелік бар, мысалы бетінде меңі бар немесе көзілдірік тағатындар да, отбасылық жағдайы төмен балалар да жиі буллингтің құрбаны болады.
Оқушылар бір-біріне қалай қысым көрсетеді? Ақша талап етеді, ұрлық жасауға еріксіз итермелейді, топтасып көздеген оқушыны аяусыз ұрып, соққыға жығады. Жағымсыз әдеттерді жасауға күштейді, мәселен, шылым шегу, кәмелет жасқа толмай ішімдік ішу деген секілді. Немесе буллингке ұшыраған оқушының жекеменшік заттарын иемденіп, күштеп тартып алады. Отбасындағы адамдарды да кемсітіп, зиян келтіреді. Сатып алуға тыйым салынған заттарды заңсыз сатып алуға итермелейді.
Психолог Марал Исақұлованың айтуынша, буллингке ұшыраған бала біріншіден психологиялық тұрғыдан әрдайым қорқынышта жүреді. Сабақ үлгерімі нашарлайды, мектепке бармау үшін жиі сылтау айта бастайды, сабаққа жиі кешігеді. Сондай-ақ, бұл балалар үзіліс кезінде емін-еркін жүре бермейді және үнемі күйзелісте, қорқынышта жүрген балада көптеген созылмалы ауру пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, тәбеті күннен-күнге нашарлайды. Ұйқы режимі бұзылып, тұрақсыз бола түседі. Адамдардан оқшауланып, көпшілік ортадан тез кетуге тырысады. Баланың бойындағы агрессия мөлшері жылдам артып, ата-анаға немесе өзгелерге қол көтеріп, жиі шу шығарады. Жиі өтірік айтуды әдетке айналдырады. Түр-әлпетіне, киім-кешегіне мұқият бола бастайды. Киімдерін өзі жуып, ешкімге көрсетпеуі мүмкін. Мектептен әртүрлі қысымды көрген бала бұл жайында ата-анасына айтуға, шағымдануға батылы жетпейді.
Ел болашағы жарқын болуы үшін балалар мен жасөспірімдердің бүгіні бақытты әрі кемел тәлім алғаны аса маңызды. Қорқып-үрку мен өтірікке бейімділікті бойға сіңіру толыққанды дамыған тұлға қалыптастыруға мүлдем кереғар. Осыны естен шығармай, келешегіміздің бақыты үшін бүгінгімізге мұқият болайық дегіміз келеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Тіл оқыту орталығы: Жалақы аз, штат бос, маман жоқ
- 26 желтоқсан, 2024
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді