АЙМАҚТАҒЫ АВТОКӨЛІК ЖОЛДАРЫ
Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым жол – республикалық және халықаралық маңызға ие болса, 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызға ие. Сәйкесінше, бірінші жағдай бойынша нормативтік күйдегі жолдардың көлемі 91 пайызды құраса, екінші жағдайда 85 пайызға тең. Өткен жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 11 мыңнан астам автожолдарды жөндеуден өткізуді, сөйтіп жолдардың нормативтік күйін сәйкесінше 92 пайызға және 87 пайызға жеткізуді жоспарлаған.
Автокөлік жолдарының жай-күйінің өзектілігіне тоқталған Мемлекет басшысы: «Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.
Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек», – деді өз Жолдауында.
Осыған орай, жол жөндеу жобалары Жамбыл облысында да қарқынды түрде қолға алынуда. «Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 6,3 миллиард теңгеге 34 жоба немесе 164,2 шақырым, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 170 жоба немесе 6,2 миллиард теңгеге 203,0 шақырым, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 2,6 миллиард теңгеге 5 жоба немесе 18,3 шақырым, оның 1,8 шақырымы жаңғырту, 16,5 шақырымы жаңа құрылыс, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 0,2 миллиард теңгеге 3 жоба немесе 1,2 шақырым, сондай-ақ, жергілікті бюджеттерден 7,9 миллиард теңгеге есептелген 145 жоба немесе 303,8 шақырымды жөндеу жұмыстары іске асырылуда.
Автожолының ұзындығы жалпы 5241 километрді алып жатқан Жамбыл облысы негізінен Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарымен республикалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез», «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автомобиль жолдары арқылы байланысады. Сонымен қатар, облыс Қырғыз Республикасымен «Тараз-Өтмек-Қырғызстан шекарасы», «Қырғызстан шекарасына Батыс кіреберіс» және «Қырғызстан шекарасына Шығыс кіреберіс» автожолы арқылы байланысқан. «Алматы-Ташкент-Термез», «Меркі-Шу-Бурылбайтал» бағыттары ең көп пайдаланылатын автожолдар болып есептеледі.
Облыс автомобиль жолдарының жай-күйі оған жауаптылар тарапынан үнемі назарда және қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастыру басты мақсат екенін айта кету керек. Аймағымыздың жалпы пайдаланымында 10 084 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары 4358 шақырым болса, елді мекен көшелерінің желісі 5726 шақырым. Бүгінде оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1194 шақырым, облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 1756 шақырым, ал аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 1408 шақырым.
2024 жылы, соңғы бюджет нақтылауын қосқанда, жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 25,5 миллиард теңге бөлінген. Бөлінген қаражат есебінен «Бурыл А,Б,В», «Барысхан» алқаптарындағы 16,5 шақырым көше жолдары мен Мойынқұм ауданындағы «Радай» көпірін құрылыспен, облыс орталығындағы Шостакович, Саңырық батыр көшелері мен Қаратау қаласындағы 3 шақырым жолды қайта жаңғыртумен және 671 шақырым жолдарды орта жөндеумен қамту жоспарланған.
Оның 87,2 шақырымы облыстық маңызы бар автожолдар, 77 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар, 526,3 шақырымы – елді мекен көшелері. Барлығы 357 жол жөндеу жобалары іске асырылып, 690,5 шақырым жол көлемі құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеулермен қамтылуда. Бөлінген қаржылар ішінде, жалпы 2,3 миллиард теңге жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымды жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталып, 113874 шаршыметр шұңқырлықты жөндеу, 385 текшеметр жол жамылғысындағы ісіңкі орындарды жою, 1761 шаршыметр жаңа жол белгілерін орнату және ауыстыру, 301 дана жол бойына белгі беру бағандарын орнату, 591 п.м. жасанды тегіссіздік орналастыру, 13817 километр жолдың жүріс бөлігін таңбалау жұмыстары, 101 шаршыметр шулы жолақтарын орнату, 256 гектар өртке қарсы минералданған жолақтарды жырту секілді көптеген жұмыстар атқарылған.
Одан бөлек, әкімшілік полиция басқармасының ұйғарымдамалары негізінде үнемделген қаражат есебінен мемлекеттік сатып алу конкурстарының нәтижесінде қосымша келесі жұмыстарды атқару жоспарланды, олар: 4 700 шаршыметр шұңқырлықты жөндеу; 126 дана жаңа жол белгілерін орнату; 80 текшеметр жол жамылғысындағы ісіңкі орындарды жою. Жалпы, 2024 жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, ал елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу межеленіп отыр.
Бүгінде жол жөндеу бойынша 357 жобаның 24 жобасы 2023 жылдан өтпелі болатын. 82 жобада жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласы бойынша 1, Байзақ ауданында 4, Жамбыл ауданында 4, Жуалыда 1, Қордайда 3, Меркіде 1, Сарысуда 1, Таласта 1, Шуда 4, барлығы 20 жобада мемлекеттік сатып алу конкурстарының рәсімдері жүргізіліп, анықталған жеңімпаздар іске кірісуде. Таразда 1, Байзақта 3, Қордайда 3, Меркіде 20, Мойынқұмда 1, Т.Рысқұлов ауданында 8, яғни, 36 жобаның жұмысы әлі басталмаған.
Жалпы, жобалар кесіндісінде облыстық маңызы бар жолдар бойынша жоспарланған 12 жобаның 87,2 шақырымының бүгінде тоғызында 89 пайыз жұмыстар аяқталды. Үш жобада жұмыстар бекітілген өндірістік кестеге сәйкес жалғасуда. Айталық, аудандық маңызы бар жолдар бойынша 77 километр болатын 22 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 15 жобада 54,4 километр немесе 71 пайыз жұмыстар аяқталды. Байзақ ауданында 2, Қордайда 2, Таласта 1, Шу ауданында 1, жалпы алғанда, төрт жобада жұмыстар жүргізілуде. Жуалы мен Талас аудандары бойынша 2 жоба конкурста. Мойынқұм ауданындағы бір жоба әлі басталмаған.
Мойынқұм ауданында 2023 жылдан өтпелі болып табылатын «Аудандық маңызы бар «Көкжелек ауылына кіреберіс» автожолына орта жөндеу 4,7 шқ» жобасы бойынша биылғы жылға жұмыстар басталмай отыр. Жобаның аяқталуына жыл басында облыстық бюджеттен 70,2 миллион теңге бөлінген. Нысанның мердігері «Dauren Build» ЖШС. Аталған мердігер былтырғы жылы облыста 19 жобада жұмыстарды сапасыз атқарып көптеген қиыншылықтар туындатқаны мәлім. Бүгінде тапсырыс беруші тарапынан сотқа арыз дайындалуда. Осыған орай, жұмыстардың аяқталмай қалу қаупі бар.
Сонымен қатар, Қордай ауданындағы «Аудандық маңызы бар «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» автожолына 0-16 шқ орташа жөндеу» жобасы бойынша жұмыстар өндірістік кестеден кешігіп, баяу жүргізілуде. Жұмыстар мердігер «Қордай ТҮКШ кәсіпорыны» мекемесі тарапынан 2024 жылдың мамырында басталғанымен, бүгінде 16 шақырымының тек 6,7 шақырымында, яғни 42 пайызында ғана асфальт төселген. Осыған орай, бұл жұмыстардың да аяқталмай қалу қаупі бар.
Талас ауданында «Аудандық маңызы бар «Есейхан ауылына кіреберіс» автожолына орта жөндеу 0-10,35 шқ» жобасы бойынша жұмыстар да мердігер «Каратау жолдары» ЖШС тарапынан баяу жүргізілуде. Мұнда да жұмыстардың мерзімінде аяқталмай қалу қаупі туындап отыр.
Аймағымызда қайта жаңғырту жұмыстары, құрылыс нысандары бойынша 8 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде 3 құрылыс жобасы және 5 қайта жаңғырту жобасы бар. Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Яғни 2 жоба аяқталған, алты жоба 2025 жылға өтпелі.
Елді мекен көшелерін орта жөндеу бойынша барлығы 506,8 шақырымдық 315 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде, 311,5 километр немесе 61,5 пайызды қамтыған 190 жобада жұмыстар аяқталды, 72 жобада жұмыстар жүргізілуде, 18 жоба конкурста екен. Тараза 1, Байзақта 3, Меркіде 20, Қордайда 3, Т.Рысқұлов ауданында 8, жалпы алғанда барлығы 35 жоба бойынша жұмыстар басталмапты.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, жол жөндеу жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін, «Жол активтері ұлттық сапа орталығына» бүгінгі таңға жергілікті бюджеттен 219,4 миллион теңге бөлініп, жобаларды сараптамамен қамту үлесі 100 пайызды құраған. Жалпы, жасасқан келісімшарттар шеңберінде жыл басынан жөнделетін автожолдар бөлімдерін бірлесіп тексеру кестесіне сәйкес, Сапа орталығымен 228 жерге шығып зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 962 сынама алынған. Нәтижесінде, 538 сынамада сәйкессіздіктер табылған. Бес ескерту жасалып, бірқатар кемшіліктер анықталып, жұмыс тәртібінде жою бойынша шаралар қабылданған.
Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, барлық сынақ қорытындылары мен хаттамалары «KazRoadLab» зертханалық мәліметтер базасына орналастырылған. Бұл ретте, «KazRoadLab» базасында жолға төселген асфальтбетонның нормативтік тығыздық коэффициенті 0,99 пайыздан төмен болмау қажет. Алайда, ҚР ЕР 218-35-2016 «Құрылыс және құрылыс кезінде жұмыстардың сапасын бақылау және қабылдау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес, III және IV санаттағы жолдарға орта жөндеу жұмыстарына арналған тығыздау коэффициентінің талаптарының орташа көрсеткіші 0,98 пайызды құраған кезде, жұмыстарды қабылдауға жол беріледі.
Осы тұрғыда, 0,98 пайызды құраған сәйкессіздіктерді базадан алып тастау бойынша аталған басқарма, Жамбыл және Талас ауданы әкімдіктері тарапынан «Жол активтері сапасының орталығымен» бірқатар жұмыстар атқарылған.
Қалған аудандар бұл бағытта шаралар қабылдамай отыр екен. Соның салдарынан «KazRoadLab» зертханалық мәліметтер базасында сәйкессіздіктер мен кемшіліктерді жоймау көрсеткіші жоғары болып қалуда. Арнайы кесте бекітіліп, Сапа орталығы және басқарма бірлесіп аудандарға шығып базамен жұмыс істеу тәртібі ретімен қажетті семинарлар да бірнеше рет өткізілген. Сондықтан, Мұрат Құттыбайұлы өз басқармасы тарапынан саланы жетекшілік ететін аудан әкімдері орынбасарларының бұл мәселені өз бақылауларына алып, тиісті жұмыстар жүргізуін қамтамасыз ету сұралып отырғанын айтты.
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ
Облыс бойынша бүгінде 139 автобус маршруттары ұйымдастырылған, оның ішінде 13 маршрут облысаралық, 28 ауданаралық, 54 ауданішілік және ауылішілік, 39 қалалық және 5 қаламаңылық болып табылады.
Жалпы облыс бойынша 2024 жылы әлеуметтік маңызы бар 91 маршрутқа (39 қалалық, 6 ауданаралық, 43 ауданішілік, 3 темір жол бағыты) 5,1 миллиард теңге субсидия бөлінді.
«Басқарма тарапынан облысаралық 13 маршрут, ауданаралық 28 маршрут ұйымдастырылған. Облысаралық 13 маршрут ішінде халық тарапынан сұранысқа ие, Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына, яғни «Тараз-Алматы» 2 маршрут, «Жаңатас-Алматы», «Меркі-Алматы», «Мойынқұм-Алматы», «Қордай-Алматы», «Қаратау-Алматы» бағыттарына, барлығы 8 облысаралық маршрут, Шымкент қаласына 3 маршрут, Қарағанды қаласына 1 маршрут, Астана қаласына 1 маршрут ұйымдастырылған.
Ауданаралық 28 маршрут құрамында Байзақ, Жамбыл аудандарын қоспағанда, Тараз қаласы мен 8 аудан орталықтарын қосатын маршруттар және екі ауданды қажеттілікке байланысты өзара қосатын 3 маршрут ұйымдастырылған. Сонымен қатар, Тараз қаласын аудандардың елді мекендерімен қосатын 17 маршрут қызмет көрсетуде», – дейді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.
Ұйымдастырылған ауданаралық 28 маршруттың ішінде әлеуметтік маңызы бар 6 автобус маршруты бар екен. Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар 3 теміржол маршруты танылған. Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың 2024 жылғы 28 маусымдағы №15-7 шешіміне сәйкес «Ойық-Аққұм-Тараз» және «Мойынқұм-Тараз» ауданаралық автобус бағыттары әлеуметтік маңызы бар бағыттар тізіліміне қосылған. Ол автобус бағыттары 2023 жылдан бастап қызмет көрсетіп келеді.
Биыл басқармаға қарасты 9 маршрутқа 492,1 миллион теңге қарастырылып отыр. Оның ішінде, автобус маршруттарына 158,2 миллион теңге, теміржол маршруттарына 333,9 миллион теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда, аудан әкімдіктері тарапынан 16 тасымалдаушымен жалпы ауданішілік 54 маршрут қызмет көрсетеді. Оның ішінде 43-і әлеуметтік маңызы бар маршруттар. Жалпы аудандық бюджеттерден 2024 жылы 812 миллион теңге субсидия қарастырылған.
Тараз қаласының тұрғындары мен жолаушыларына да талапқа сай, лайықты жағдай жасалған. Жолаушы тасымалдау қызметімен 8 тасымалдаушы мекеме 39 автобус маршруты бойынша 373 автобуспен күнделікті желілік 360 бірлікте қызмет көрсетіледі.
Тараз қаласын қоспағанда, жалпы облыста 371 елді мекен бар. Оның ішінде, тұрғын саны 100 адамнан асатын 354 елді мекеннің қоғамдық көлікпен қамтылғаны 305 немесе 85 пайыз.
Бұл ретте, биыл басқарма Тараз қаласы және төрт аудан әкімдіктері тарапынан 17 жаңа және тоқтап қалған автобус маршруттарын қайта ашу жұмыстарын, өткен жылдың қорытындысымен алғанда Тараз қаласы және он аудан әкімдіктері тарапынан жалпы саны 41 жаңа және тоқтап қалған автобус маршруттарын қайта ашу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде, Меркіде 2 маршрут, Шуда 2 маршрут, Қордайда 3 маршрут, Сарысуда 2 маршрут, Тараз қаласында 5 маршрутта көлік үздіксіз қатынап келеді. Оның ішінде, 3-і ауданаралық, 9-ы ауданішілік және 5-і қалалық бағыттарда жүреді. «Ойық-Аққұм-Тараз», «Игілік-Саудакент-Тараз» және «Бөлтірік шешен-Тараз» маршруттарының ауданаралық бағытта, Меркі ауданында 2, Қордайда 3, Шуда 2 және Сарысу ауданында 2 автобустың ауданішілік бағытта қатынап тұрғаны соның бір дәлелі.
Тараз шаһарының тұрғындары ағымдағы жылы №13, 18, 41, 50 және 57 бағыттарының ашылып, іске қосылғанынан хабардар деп ойлаймыз. Сонымен қатар, келер жылы аудан әкімдіктері тарапынан 29 елді мекенді қоғамдық көлікпен қамтитын 10 автобус маршрутын ашу және Тараз қаласында қосымша 5 маршрут ашу жоспарлануда. Автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту жұмыстары бойынша биыл Тараз қаласына жалпы 112 жаңа автобус жеткізіліп, қосымша, жылдың аяғына дейін 45 жаңа автобус жеткізу де жоспарлануда. Оның ішінде «СапарТранс-2012» ЖШС – 20, «Smart City Servise» ЖШС – 14, «Автобусный парк – 2020» ЖШС – 31, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС – 15, «RashLau» ЖШС – 20, «ТаразТрансМоторс» ЖШС – 12 автобус жеткізді.
Сонымен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы негізінде ауданішілік және ауданаралық маршруттарға қызмет көрсетуші «Ақжол-2000» ЖШС (Шу ауданы) тарапынан 6, «Меркі жолаушы» ЖШС мекемесі (Меркі ауданы) тарапынан 7 жаңа автобустар алынды.
«Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек», деген Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзіне жүгінсек, облысымыздағы жолдар мен көлік және байланыс салаларын қамтитын өндірістік инфрақұрылымның дамытылуы көңіл көншітерліктей екеніне осылай көз жеткізуге болады.
Сонда, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы айтқандай, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне биылғы жылға жоспарланған жобалардың мерзімінде аяқталуын және заң талаптарына сәйкес сапаның қамтамасыз етілуін жүйелі қадағалау ісі ғана қалмақ.
Үміт БИТЕНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Тұрғындар мәселеcі тұрақты назарда
- 7 қараша, 2024
Жоба тауарлы несие беруді арттыруы керек
- 7 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді