Президент денсаулық сақтау саласына биыл бюджеттен 3,3 триллион теңге бөлінгенін, бірақ оның нәтижесі әлі көрініп жатпағанын айтқан болатын. Расында, ел ішінде медициналық қызметке айтылатын сын бар, әсіресе сырқатының себебін анықтауда аппараттарға түсуге кезек күтуге шағым жиі айтылады. Кезекті ұзақ күтуге тура келетіндіктен, науқастар ақылы медициналық қызметке жүгінеді. Бұл мәселенің түбіне үңілсек, маман тапшылығы байқалады. Бүгінгі таңда облысымызда дәрігерлер тапшылығы 110 бірлік, оның ішінде 45-і қалада, 65-і ауылдық аймақтарда. Тапшы дәрігерлердің басым бөлігі – жалпы практикалық дәрігер. Яғни, 18 жалпы практикалық дәрігер жетіспейді, оның 3-і қалаға, 15-і ауылдарға қажет. 11 радиология, сәулелі диагностика маманы жоқ, оның 6-уы қалаға, 5-уі ауылға керек екен. Сол секілді 10 анестезиолог-реанимотолог, 7 инфекционист, 7 акушер-гинеколог, 4 оториноларинголог, 4 психиатр, 4 эпидемиолог, 3 педиатр, 3 балалар хирургы, 3 кардиолог, 3 клинфармаколог, 3 офтальмолог, 3 травмотолог-ортопед, 3 фтизиатр, 2 терапевт, 2 аллерголог және иммунолог, 2 невролог, 2 дерматовенеролог, 2 неонатолог, 2 хирург, 2 онколог, 2 уролог, 2 клиникалық лабораториялық диагно стика, 1 гематолог, 1 шұғыл медицина, 1 нефрология, 1 сот медициналық сараптама, 1 физикалық медицина және реабилитация, 1 провизор тапшы.
Халық игілігі үшін заманауи құрылғылар әкелінгенімен, оны игеретін маман толықтай жеткілікті бола бермейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселені өз Жолдауында «Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», деген еді.
Осы тұста өз облысымызда аталған салаға бөлінген қаржыға, жүзеге асқан жұмыстарға тоқтала кетейік. Биылға денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 14,2 миллиард теңге қарастырылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі бюджет көлемі 131,8 миллиард теңге болған. Бекітілген халық тіркеліміне сәйкес, 1 миллион 174 мың 946 адамға 392 денсаулық сақтау нысаны медициналық қызмет көрсетеді.
Биыл 3,9 миллиард теңгеге 26 нысанның құрылысы іске асырылған. Оның ішінде 20 медициналық-санитарлық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасымен жүргізілуде.
– Өңірлерді дамыту бағдарламасымен 136,4 миллион теңгеге Жамбыл ауданының, Қоңыртөбе ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункт құрылысы салынуда. Облыс бойынша медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру деңгейі 91,94 пайызды құрады. Ауылдың шалғай елді мекендерінде орналасқан халықты қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында 10 жылжымалы медициналық кешен 274 елді мекендегі 131753 адамды медициналық тексерумен қамту жоспарланған. Биылғы 6 айда 64791 адам осы кешен арқылы дәрігерлерге қаралды. Жалпы, 23625 диагностикалық зерттеулер, 2930 зертханалық тексеру, 71592 бейінді мамандардың консультациясы көрсетілді. Тексеру барысында 2475 науқас анықталып, оның ішінде 617 науқас МСАК ұйымына есепке алынды, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ерік Мұсабаев.
Президент халыққа арнаған Жолдауында медицина саласына ауқымды өзгерістер қажетін айта келіп, цифрландыру болмаса оны сәтті жүзеге асыру мүмкін еместігін де еске салды. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керегін тапсырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері де Президент тапсырмасы жүзеге асса, бірыңғай медициналық жүйе жұмысты жеңілдететінін айтып отыр. Бүгінде облыстың денсаулық сақтау мақсатында жұмыс істейтін ұйымдары 3 медициналық-ақпараттық жүйемен қызмет көрсетіп отыр. Облыстық қан орталығы «Инфо-Донор» ақпараттық жүйесімен, медициналық жедел жәрдем станциясы «Kөмек» автоматтандырылған басқару жүйесімен, мемлекеттік және жеке меншік медициналық ұйымдар «Damumed» кешенді медициналық- ақпараттық жүйесімен халыққа қызмет көрсетуде.
Жолдауда жүктелген міндеттер уақытылы жүзеге асырылса, медициналық қызмет те сапалы орындалып, кемшіліктердің түзелеріне сенеміз. Ұлт саулығы кемел келешектің кепілі екені анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
- 2 желтоқсан, 2024
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді