Бүгінде атом энергетикасы төңірегінде алыпқашпа әңгіме де, нақты дәйекке негізделген тұжырым да жетерлік. Арасынан ақиқатын ашып алу оңайға соқпасы анық. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық таратқан мәліметке көз жіберсек, өткен жылдың қарашасы мен осы жылдың қаңтар айлары аралығында Франция, Германия, Жапония, Польша, Оңтүстік Корея , Швеция, Ұлыбритания мен АҚШ елінде онлайн-сұрау жүргізілген екен. Бәрі де атом энергетикасын айрықша қолдаған, әсіресе Польша, Франция мен Швециядағы қолдау көрсеткіші өте жоғары болған. Бейсенбі күні Тараз қалалық №2 емхананың ұжымына жобаның пайдасымен қауіпсіздігін түсіндірген Халықтық штаб мүшелері атом энергетикасын пайдаланудағы дамыған елдердің тәжірибесін және АЭС-тің қауіпсіздігі мен тиімділігі жөнінде жан-жақты сөз етті. Іс- шараға қатысушылар өз еліміздің болашағын өзіміз таңдай алатын мүмкіндік ретінде әр қазақстандықтың алдағы референдумға қатысуының маңызына баса назар аударды.
Сондай-ақ, бұл күні жиналғандар атом энергетикасын дамытудың заманауи әлемдік трендтерін талқылап, елімізде бейбіт атомды дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыс туралы айтты. Жиын соңында штаб мүшелері медицина саласының қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.
Ал, «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлерімен өткен кездесуде алдағы референдумға халықты жұмылдырудың маңызы атап өтілді. Штаб мүшелері өз сөздерінде қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне тоқталып, жиналғандарды референдумға қатысуға шақырды.
– Атом электр стансасы – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің пәрменді тәсілі. Әлемдік экономиканың көшбасшы елдері ондаған жылдар бойы бейбіт атомның энергиясын пайдаланып келеді. Сонымен қатар, көмір генерациясы арқылы алынған энергияны пайдалана отырып, өндірілген өнімдерге көміртегі салығы енгізілетінін де ұмытпауымыз керек. Бұл – қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілетіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бізге ел дамуының кепілі болатын таза энергияның тұрақты әрі сенімді көзі қажет. Біз бәріміз бірігіп, Қазақстанның жарқын болашағы үшін осы маңызды шешімді қабылдауымыз керек, – деген штаб мүшелері басқосуда АЭС-тің қауіпсіздігі туралы да сөз қозғады. Олардың айтуынша, АЭС құрылысын жобалау, салу және пайдалану кезіндегі барлық қауіпсіздік стандарттары МАГАТЭ тарапынан жіті тексеріледі.
АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штаб мүшелері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өндірістік филиалының қызметкерлерімен кездесуде 6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор екенін баса айтты. Әңгімелесу барысында олар АЭС салынған жағдайда еліміздің экономикалық жағдайы қалай өзгеретінін де жеткізді. Сөздерінше, мұндай стансаның ұзақ уақыт жұмыс істеуі электр энергиясының тұрақты тарифін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, олар Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын еске салды. Яғни, көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға қосымша салық салынады. Демек, АЭС құрылысы қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетін күшейтеді. Жиын соңында жиналғандар энергетикалық проблемаларды шешу және тұрақты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі атом энергетикасының маңызын түсініп, АЭС құрылысына толық қолдау білдірді. Олар атом стансасы құрылысына дауыс беруге ниетті.
Тараз қалалық №6 емхананың ұжымымен кездесуде облыстық штаб мүшелері мамандарды даярлау, атом құрылысы және халықаралық шарттар туралы пікір алмасты. Айтуларынша, атом энергетикасы саласындағы жаңа технологиялар мен инновациялар өскелең ұрпақты жоғары білікті мамандар ретінде тәрбиелеуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Бұл Қазақстанның ғылым мен технология саласындағы әлеуетін арттырып, білім беру сапасын жақсартады. Жалпы, жиында АЭС құрылысының болашағы және оның ел өміріндегі маңызы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Бұдан бөлек, жаһандық энергетикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның экологиясы мен болашағы мәселесіне ерекше назар аударылды.
Шын мәнінде, қазіргі таңда электр қуатының тапшылығы еліміздің оңтүстік аймақтарында көбірек байқалуда. Ал, бұл мәселе уақтылы шешіліп, электр энергиясының жаңа көздері енгізілмесе, тапшылық жыл сайын өсе бермек. Осы ретте Мемлекет басшысының атом электр стансасын салу бастамасы экономикалык тұрғыдан ең тиімді шешім екені сөзсіз. Оның үстіне, алдағы oнжылдықтa әлeмдe энepгeтикa сaлaсындa жaғдaй күpдeлeнуі бек мүмкін. Бүгінгі күннің өзіндe eліміздe энepгияғa дeгeн сұpaныстың apтуы уaқыт өткeн сaйын apтпaсa, aзaймaй отыр. Өйткeні, тaбиғи өсім мeн экoнoмикaның дaмуы энepгияғa дeгeн тұтынушылықты ұлғaйтып келеді. Сoндықтaн, 100 жыл бoйы жeлдің күшінe, күн бeлсeнділігінe тәуeлді eмeс, энepгия aлудың тұpaқты әдісі – AЭС жoбaсы.
Кеше үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездескен облыстық Халықтық штаб мүшелері осындай деп тұжырым жасады. Көпшілікті референдумға белсене қатысуға шақырған олар жиын барысында көпшілікпен бірге ел таңдауына түскен ұсыныстың мән-маңызы талқыланды. Сондай-ақ, мұнда Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттер баяндалып, референдумның маңыздылығы баян етілді.
– Атом электр стансасын салу туралы шешім барлық ықтимал тәуекелдерді ескере отырып және ел мүддесіне толық сәйкес келетін болады. Сонымен қатар, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға және экономикалық өсу үшін тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – таза энергия көзі. Климаттың өзгеруі жаһандық қауіпке айналған жағдайда бұл қадам экономикалық қажеттілік қана емес, сонымен қатар қоршаған орта мен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. АЭС құрылысы мен пайдаланудың барлық кезеңдерінде қауіпсіздікке басымдық беріледі, – деді штаб мүшелері.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Тиісті жұмыстар жүргізіледі
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді