«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мақпал тауынан табылған соқа

Мақпал тауынан табылған соқа
Ашық дереккөз
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде бүгінде 4 мыңға жуық жәдігер бар. Оның барлығы да маңызды әрі құнды дүниелер. Ішінде сәндік үшін тұрған арзанқол дүние жоқ. Соның бірі – бір ғасырлық тарихы бар соқа.

Шүкір, қазір техникалық жағынан едәуір алға кеттік. Соқа мен жер жыртатын жылдар тарихтың алтын парағы. Үлкен буын соқа кезеңін естіді, кітаптан оқыды, сезінді. Ал, қазіргі жас ұрпақ үшін соқа туралы мәліметтің барлығы ертегідей әсерлі.

Соқа қалай табылды деген сауалға келсек, бұл жағдайға Көкбастау ауылының тұрғыны Досымжан Тәттіқұловтың тікелей қатысы бар екен. Ол: «Биыл қыста құмнан малымменен тауға көшкен едім. Т.Рысқұлов ауданының аумағындағы Мақпал тауының етегінен жалға жер алған едім. Сол жерге орналасып, малымды қарап жүргенмін. Содан өзінше өзгеше көрінетін төбе бар екен. Оның үсті ойлы-қырлы, қопарылған. Бірер күннен соң сол жерге бардым. Қазып көрдім. Қызығушылық қой. Содан кішкене қазған соң, ескі дат басқан үзеңгі шықты. Тартпа, таралғы шықты. Содан тағы қаза беріп едім, күрегім шақырлап кетті. Бір қоңыр заттың шеті көрінді. Тартсам еш қозғалмайды. Тағы да қаздым. Толық аршығанда байқағаным әлгі зат соқаның бір дөңгелегі екен. Қысқасы, соқаны толық қазып алдым. Оның ғасырға жуық уақыт жатқан жәдігер екенін ескеріп, аудандық тарихи- өлкетану музейіне хабарласып, сол кісілерге өткіздім. Қазір сол мекеменің сырт жағында тұр», – деді. Музейдің ғылыми қызметкері Айнагүл Мамытбекованың айтуынша, соқаны келіп көріп кетушілер аз емес. Тарихи өз алдына жәдігер ретінде де көз тартады. Алдағы уақытта бұл соқа толық зерттеліп, нақты қай ғасырда екені, қандай қызмет атқарғаны, кімдікі екендігі анықталар деп ойлаймыз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар