Қазақстанда ең көп таралған қатерлі ісік түрлеріне сүт безі обыры, колоректальды обыр, өкпе, асқазан, жатыр мойны обыры кіреді. Елімізде қатерлі ісікті емдеу және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген мөлшеріне кіреді. Маусым айында елімізде онкологиямен ауыратын науқастарды емдеуге арналған бюджет бірден 20 пайызға қысқарғаны белгілі болды. Бұл жаңалық өз кезегінде Мәжіліс депутаттарының наразылығын тудырды. Денсаулық сақтау министрлігі мұны салада 30 миллиард теңгеге негізсіз қайта қаржыландыру операциялары анықталғанын айтып, түсіндірді. Өз кезегінде Қазақстан онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Диляра Қайдарова мекеме тарапынан бұл тарифтер қайта қаралатынын мәлімдеді. «Онкологияға шалдыққан науқастарды емдеу үшін кейде құны 3 миллион теңгеге дейін жететін қымбат препараттарды алуға тура келеді. Сондықтан біз арнайы жұмыс тобын құрдық. Онкологтар қандай тарифтерді төмендетуге болатынын және қайсысын төмендетуге болмайтынын талдауы керек. Яғни, бұл жағдайда бірде-бір онкопациент зардап шекпейді. Қазақстанда онкологиялық аурулардың өсуі қатты байқалады. 2023 жылы біз 41 мыңнан астам жаңа жағдайды анықтадық. Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде коронавирус пандемиясынан кейін онкологиялық аурулардың күрт өсуі басталды», – дейді Диляра Қайдарова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда бес жыл ішінде қатерлі ісіктің нөлдік және бірінші сатысында анықталуы 5,5 пайызға өсіп, 35 пайызды құраған. Ал, бес жылдық өмір сүру деңгейі 55 пайызға дейін артқан. «Жаңа технологияларды, аз инвазивті операцияларды, ерте диагностиканы, заманауи сәулелік терапияны енгізу, мақсатты және иммунопрепараттарды қолдану Қазақстанда онкологиялық көмек көрсетуді жақсартуға мүмкіндік берді», – дейді бас онколог.
Бұл ретте депутат Гүлдара Нұрымова қазақстандықтар онкологтың емін алу үшін кезек күтуге мәжбүр екенін айтады. Нәтижесінде қатерлі ісіктің асқынған түрлерінің саны азаймайды. Гүлдара Нұрымова өзіне 2023 жылдың сәуір айында ауыр диагноз қойылған 42 жастағы әйел жүгінгенін айтады.
– Жас, жалғызбасты ана, төрт жасар қызын тәрбиелеп отыр. Әкесі мүгедек, бәрін емдеу ақылы. Өткен сәуірде оған сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Барлық тексеруден өткен. ПЭТ,КТ, МРТ ақылы болған. Операцияға квота ала алмаған. Ол да ақылы болған. Барлық гистологиялық талдауларға ақша төлеген. «Тамоксифен» препаратын да сатып алуға мәжбүр. Онколог дәрігерге жазылу кезінде үлкен проблемаларға душар болған. Оларға да көріну ақылы негізде жүріп отырған. Егер қарапайым науқастар дәрігерге тегін бара алмаса, онда бұл салаға бөлінген қаражат қайда кетіп жатыр? Бес ай бойы МРТ-ға кезек күту керек, дәрігердің ұдайы кеңесі қажет. Осындай келеңсіздіктің салдарынан қараусыз қалған науқастар бар. Онкологиялық көмектің қолжетімділік мәселесіне келгенде күмілжитін тұстарымыз көп, – дейді депутат.
Ал, депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктен 13 мың адам көз жұмады.
– Онкологиялық науқастарды емдеуді қаржыландырудың 20 пайызға қысқаруы науқастарға едәуір әсер етеді. Бұл неге алып келуі мүмкін? Бүгінгі таңда Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан сырқаттар химиотерапиядан бөлек басқа да қымбат терапиядан өтеді. Нәтижесінде онкологиялық науқастарға шығындарды ескермей, мұқият клиникалық-экономикалық талдау жасамай қабылданған шешім олардың денсаулығын қалпына келтіру мүмкіндігін азайтады. Жалпы, бұл азаматтардың өмір сүру және мақсатты емделу, өте қымбат дәрі-дәрмектерді алу мүмкіндігіне кесірін тигізеді, – деді депутат.
Мысал ретінде ол сүт безі обырын емдеуге қатысты жағдайды атап өтті.
– Сүт безі қатерлі ісігін емдеу барысында химиялық-мақсатты терапияны жүргізу кезінде «Кадсила» препараты қолданылады. Оның бір курсының бағасы басқа шығындарды есепке алмағанда, 1,9 миллион теңгеден асады. Бұрынғы тарифтер кезінде бюджеттен бөлінетін өтемақы 1,8 миллион теңгені құраған. Бұл препараттың бір курсқа шаққандағы құнынан шамамен 114 мың теңгеге аз. Ал, жаңартылған тарифтер кезінде бұл ақшаны кесіп тастағандықтан, курсқа қаражат тапшылығы 500 мың теңгені құрайды. Мұның неге әкеп соқтыратыны түсінікті, – дейді ол.
Оның айтуынша, Қазақстанда онкогематологиялық ауруларды диагностикалау бойынша референт-зертхана жоқ. Пациенттерге арналған талдаулар таяу шетелдерге жіберіледі. Алайда, денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда онкологиялық емдеуге жұмсалатын шығындар 2020 жылдан бастап 42-ден 153 миллиард теңгеге дейін өскенін айтты.
– Зерттеу барысында жоғары тарифтердің орын алғанын көріп отырмыз. Біз Денсаулық сақтау министрлігі ретінде медициналық ұйымдардың қаржы-шаруашылық қызметіне егжей-тегжейлі талдау жасадық және шоттарда айтарлықтай қалдықтардың бар екенін анықтадық. Біздің міндетіміз – барлығына қолжетімді медициналық көмек көрсету. Міндеттердің бірі — ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту. Бірақ онкопациенттерге барлық көмек толық көлемде қамтамасыз етілетінін айтқым келеді, – деді ол.
Қатерлі ісіктің ең үлкен көрсеткіші Қазақстанның бес облысында, атап айтқанда Маңғыстау, Қызылорда, Абай, Ақтөбе облысында және Шымкент қаласында тіркелген. Дәрігерлер жақын арада Үкімет онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарына 460 миллиард теңге көлемінде қаржыландыруды бекітеді деп күтуде. Еліміздің бас онкологы Диляра Қайдарованың айтуынша, маман жетіспеушілігінің, сондай-ақ диагностиканың жеткіліксіз болуының бір себебі – елдегі медицинаның барлық саласын толық қаржыландыруға бір триллион теңгеге жуықтайтын қаражат жеткіліксіз көрінеді.
Онкологтар үшін ауруды ерте анықтаудың маңызы зор. Бұл 100 пайыз жағдайда денсаулықты толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 30 пайызды құраған. 2023 жылдың күзінде ел Президентінің тапсырмасы бойынша онкологиялық аурулармен күресудің жаңа жоспары әзірленді. COVID-19 пандемиясы іс жүзінде жоспарды толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермеген. Өйткені, барлық мемлекеттік қаржыландыру коронавирустық инфекциямен күресуге бағытталған. 2021-2022 жылдары онкологияны емдеу өткен жылдардағы қаржыландырудан қалған қаражатқа жүргізілген. Бес жылға, соның ішінде 2027 жылға арналған жаңа жоспар 2023 жылдың соңында мақұлданған. Бұл тұрғыда онкологиялық аурулардың алдын алуға көп көңіл бөлінеді. Яғни, ел бойынша скринингтер жиі ұйымдастырылып тұрады. Айтпақшы, елімізде жуырда шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, жатыр мойны обырын диагностикалау әдісі өзгерді. Сондай-ақ, онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің негізгі себебі көптеген жылдар бойы өкпенің қатерлі ісігі екені ескеріле отырып, ДДҰ ұсынысы бойынша аурудың осы түрінің скрининг тәртібі де өзгерген. Диагностика сапасын жақсарту аясында елдегі медициналық мекемелер үшін диагностикаға қажетті жабдықтың жаңа үлгілерін, бірінші кезекте 60 маммограф сатып алу көзделген.
Жамбыл облысында қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға онкологиялық қызметті 200 төсек орындық, оның ішінде 55 күндізгі бөлімнен тұратын онкология диспансері көрсетеді. Облыс бойынша 21 онкологиялық, 22 маммологиялық және 48 қарау бөлмелері бар. Диспансер бөлімі бір ауысымда 50 адамға қызмет көрсетуге арналған. Осы жылдың алты айында диспансерлік есепте 8536 науқас тұр. Жыл басынан бері есепке 814 науқас алынған. Оның ішінде ерлер 347, әйелдер 467, ал 2023 жылдың осы кезеңінде есепке 807 науқас алынған. Жалпы облыс бойынша аурушаңдық былтырғыға қарағанда 0,45 пайызға көтерілген. Тараз қаласы бойынша биыл 377 науқас тіркелсе, 2023 жылдың алты айында 391 науқас болған. Қала бойынша аурушаңдық 1,6 пайызға ұлғайған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жарты жылдықта Жамбыл облысында сүт безінің қатерлі ісігіне 107, өкпе қатерлі ісігіне 99, асқазан қатерлі ісігіне 59, жатыр мойны қатерлі ісігіне 52, бүйрек қатерлі ісігіне 31, тоқ ішек қатерлі ісігіне 31 науқас шалдыққан. Ал, қатерлі ісіктен көз жұмғандардың қатарында өкпе обырына шалдыққандар алғашқы орында. Жыл басынан бергі алты айда 59 адам осы дерттен жан тәсілім еткен. Екінші орында асқазан қатерлі ісігінен 41 адам, сүт безі қатерлі ісігінен 27, жатыр мойны қатерлі ісігінен 17, бауыр қатерлі ісігінен 16, ұйқы безі қатерлі ісігінен 13 науқас көз жұмған. Қаңтар айынан маусымға дейін 214 науқастың диагнозы алғашқы сатыда анықталған. Асқынған III-IV сатысында 30 науқастың диагнозы белгілі болған. Осы жылдың алты айында тәуліктік стационарда 2666, күндізгі стационарда 995 науқас ем алса, 2023 жылдың алты айында тәуліктік стационарда 2317, күндізгі стационарда 1103 науқас ем алған. Өңірде қатерлі ісіктен жыл басынан бері 356 адам көз жұмса, Тараз қаласында 152 адам осы дерт салдарынан өмірден озған. Облыс бойынша көз жұмған ерлер саны 204 адам, әйелдер 152 адам. 2023 жылдың айында 321 науқас тіркелген. Яғни, қатерлі ісіктен болатын өлім көрсеткішінің динамикасы 10,6 пайызға жоғарылаған. Ал, Тараз қаласы бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда қатерлі ісіктен болатын өлімнің динамикасы 34 пайызға артқан. Облыс бойынша ең көп өлім көрсеткіші Байзақ ауданында тіркеліп отыр. Былтыр жарты жылда 17,1 пайыз болса, биыл 33,9 пайызға ұлғайған.
Жыл басында онкологиялық қызметті жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру үшін Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы онкологиялық қызметпен бірлесіп, заманауи, жоғары технологиялық диагностикалық және емдік әдістерді практикаға енгізу бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірледі. Диагностиканың барлық заманауи жүйелері мен әдістері КТ, МРТ, ЭНДОСКОПИЯ, зертханалық зерттеулер қарастырылған жаңа онкологиялық диспансерді ашуға дайындық аяқталуда. Сонымен қатар, жаңа онкодиспансердің жобасын әзірлеген уақыттан бері шамамен 5 жыл өтті, ал қазіргі заманғы технологиялар жыл сайын жаңарады. Соңғы үш жылда Карл Сторц, Медтроник, Медикус-М компанияларының белсенділігімен облыста бірнеше шеберлік сыныптары өткізілді. Олар профессор П.Л.Щербаков (РФ) басшылығымен диагностиканың жаңа әдістерін (капсулалық эндоскопия) енгізуге және сараптамалық білімді қажет ететін күрделі патологияларды эндохирургиялық емдеуге мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау басқармасы профессор П.Л.Щербаковпен жаңа онкодиспансердің базасында «сараптамалық деңгейдегі капсулалық және эндоскопиялық диагностика орталығын» құру туралы келісілген шешім қабылдады. Сонымен қатар, 2025 жылға дейін диагностика мен емдеудің бірқатар жаңа заманауи әдістерін енгізу көзделуде.
Жамбыл облыстық көпбейінді хирургия және онкология орталығының дәрігер-онкохирургы Дулат Көкімбаевтың айтуынша, өңірде қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі – сүт безінің қатерлі ісігі. Қазіргі таңда аталған орталықта 1782 науқас осы диагнозбен тіркелген. Оның 193-і өткен жылы тіркелген. Бұл дегеніміз осы сырқатқа ұшырау деңгейі өте жоғары дегенді білдіреді.
– Бұл дертке шалдығудың бірнеше себебі бар. Оның біріншісі, науқастардың жасы. Сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығатындардың жасы 40-70 аралығында. Бұл дертті анықтау үшін скринингтік бағдарлама бар. Әйелдер қырық жастан асқаннан кейін әр екі жыл сайын скринингтен өтіп тұруы тиіс. Екінші себеп – тұқымқуалаушылық. Анасы немесе әкесі жағынан қатерлі ісік болса қыз баланың да осы дертке ұшырау жиілігі артады. Үшінші себеп – физикалық травма. Төртінші әрі басты себеп – дұрыс тамақтанбау. Майлылығы, каллориясы жоғары азық-түлік тұтынса, витамин жетіспесе ағзада қатерлі ісік пайда болуы мүмкін. Бесінші себеп – гипподинамия, яғни қимыл-қозғалыстың аздығы. Алтыншысы – гормоналды бұзылыс. Бауыр, қалқанша, аналық бездерінің бұзылысы.
Дулат Әлиұлының айтуынша, науқастар өзінде қатерлі ісік бар екенін көзбен көріп, қолмен ұстағанда ғана біледі немесе өзінде қандай да бір қолайсыздық сезілгенде ғана түсінеді. Яғни, 2-3 стадияда. Бұл дертті елімізде көбінесе хирургиялық тұрғыда, химотерапия және сәулелік терапия арқылы емдейді. Сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратын науқастар өмір бойы есепте тұрады. Емі аяқталып, ремиссияға өткен науқастар динамикалық бақылауда болады. Қуантарлығы өңірде ремиссияға өткен науқастардың көрсеткіші жоғары.
– Қатерлі ісікті дер кезінде анықтаудың негізгі жолы – үнемі арасын созбай медициналық тексерістен өтіп тұру. Қандай да бір шағымдар болса онкологқа дер кезінде жүгіну. Онкологияға шалдыққан науқастарға тамақтану мен күнделікті қимыл-қозғалысына байланысты ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданудың маңызы зор, – дейді онколог дәрігер.
Айтпақшы, онкологияға қарсы препараттан еліміз үмітсіз емес. Биыл маусымда ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық ғалымдар қатерлі ісікке қарсы әзірлеген препаратты сынау бойынша бірінші кезеңнің нәтижесінде ісіктер орта есеппен 30 пайызға қысқарғанын хабарлаған болатын. Министр ғалымдар сынақтың екінші кезеңінде оң нәтижеге жеткен жағдайда келесі жылы дәрі-дәрмекті тіркеуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Клиникалық сынақтардың бірінші кезеңі сәтті аяқталды. Алматыдағы радиология институтында 15 науқас емделді. Өте жігерлендіретін нәтижеге қол жеткіздік. Біз қатерлі ісіктің өте агрессивті түрі тоқ ішек қатерлі ісігін таңдадық. Ісік 30 пайызға кішірейді, – деді министр. Ол тестілеудің екінші кезеңі 1 шілдеде басталғанын, оған 5 мың онкологиялық науқас жазылғанын, бірақ әзірге тек 3 мың адам қабылданғанын айтты. Бұл сынақты жүргізу үшін шамамен 2 миллиард теңге бөлінген.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Қауіпті дерттің алдын алу маңызды
- 2 желтоқсан, 2024
Қан қысымының көтерілуі неден пайда болады?
- 26 қараша, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді