Аштық жайлаған өлкені мал мен астыққа толтырған

Аштық жайлаған өлкені мал мен астыққа толтырған
Ашық дереккөз
Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген Жапар Түйебековтің жүріп өткен өмір жолы тақтайдай тегіс болмаған. Ең әуелі жарық дүние сыйлаған аяулы анасы Мереке өмірден озады. Араға бірнеше жыл салып, ауруы асқынған әкесі Түйебақ көз жұмады. Үлкені Жапар болғандықтан, төбесінен жай түскендей тал бойын қорқыныш сезімі билей бастайды. «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, ол туған інісі Қайымды қамқорлығына алады. Өзі де ойын баласы болғандықтан бауырына жаны ашып, соның қас-қабағына қарай бастайды. Әке-шешесінің жанарының ағы мен қарасындай болған екі бозбала ойда жоқта жетімдіктің қамытын киіп, панасыздықтың күйін кешеді. Осы кезде әкесінің інісі Мұқатай мен оның әйелі Сұлубала жетімдерге қолұшын беріп, қолдарынан келгенше қамқорлық жасайды. Мұқатай да қатардағы шаруа адамы болғанымен, бауырларымен бүтінді бөлісіп, жартыны жарып жеп, бірге күн көреді.

Күз айының салқын тартып қалған бір күнінде кешке қарай екі бала ауласында ойнап отырған сәтте ат дүбірі естіледі. «Бұлар кім болды екен?» деген оймен ағайынды балалар сыртқа қарай бет алады. Сол кезде өздерін «Ауылдың белсенділеріміз» деп таныстырған орта жастағы, түсі суық адамдарды көреді. Әкесі үйретіп кеткендей үлкендерге «Ассалаумағалейкүм!» деп сәлем береді. Ат үстінде қаздиып тұрғандар мұндай қошеметті күтпесе керек, қабағы қатыңқы біреуі:

– Әй, бала, бізге сенің сәлеміңнің керегі жоқ. Қораңды аш та, қой-ешкіңнің бәрін бері шығар, – деді дауысын көтеріп.

– Ағай, ол біздің малымыз ғой. Неге шығарамын?

– Қазір сенікі-менікі деген жоқ. Бәрі де артельдің меншігінде болады.

– Көріп тұрсыздар ғой, мына інім әлжуаз. Қой мен ешкінің сүтін сауып беріп, талшық етіп отырған жағдайымыз бар. Бізден мал алмай-ақ қойыңыздаршы, – деп Жапар жасқана қоймайды. Сол кезде сұсты қара кісі өзінше ашуға булығып:

– Қарай көр мынаның пысықтығын. Айтқанды істемесең тіліңді кесемін, – деп қолындағы қамшысын алға қарай сілтеп қалып еді, оның ащы үні мылтық атылғандай әсер қалдырды. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпаған Қайым қатты қорқып кеткендіктен даусын шығарып жылап жіберді. Жапар інісіне қарап:

– Сен қорықпа, бұл кісілер жақсы адамдар ғой, біздің ұсақ-түйек малымызды қайтсін, – деп өзінше үкім шығарғандай болды. Інісі ағасын медет тұтты ма, көз жасын сап тыйып, оның қолтығына кіре бастады. Ағайынды балалар қора есігіне арқасын тіреп тұрып:

– Ағайлар, бізді аяңыздаршы, – деп тағы да табандылық танытты. Бұдан әрі шыдамдары жетпегендей әлгі екі адамның басшысымағы қолындағы қамшысын балаларға қаратып сілтеген кезде, екі боздақтың жеңгесі Сұлубала оқыс оқиғаның үстінен түседі.

– Құдай-ау, бұларың қалай? Жетімдерді жебеудің орнына қара жерге қазықтай етіп қадап, қорлағандарың қалай? Өздеріңде ұят, ар деген бар ма? Сендердің балаларыңа да біреулер осындай қоқан-лоққы көрсетсе қайтер едіңдер, – деп бар даусымен айқайға басады. Осы шақта көрші-қолаң әйелдердің төрт-бесеуі де жиналып қалады. Ат үстіндегі бастықсымақ қайтадан ашуға булығып, көмекшісіне:

– Қашанғы аузыңды ашып, қатындардың айтқандарын тыңдап тұра бересің? Аттан түс те, бар, қой-ешкіні қорадан шығар, – деп ақырып қалды.

Сұлубала мұндайды күтпеген еді. Қора есігіне жақындай берді. Әлгі көмекшісі оны қуып жетіп, бір қолынан алып, шыр айналдырғанда әйел кісі жерге қаңбақша домалап түсіп, бет-аузын жаралап алды. Қан деген бетін жуып кетті.

– Кедейдің сөзін сөйлейді деген кеңес өкіметінің тірлігі осындай болса, Құдайға қарғыс айтпағанда кімге айтамыз? Алып жатқандарың аз болса, тағы да алыңдар! Төбеде бір Құдай қарап тұрған шығар, осындай айуандық істерің алдарыңнан шықсын, – деп шолақ белсендінің бетіне қарай түкіріп жіберді.

Жетімді де, жесірді де, қарттарды да, жалғызбасты жандарды да аяп көрмеген әлгі белсенділер айтқандарын істеп бақты. Қатын-қалашты улатып-шулатып, бар малды алдарына сап айдап кетті...

Тосын оқиғаға біреулер таңғалғандай аяушылық сезімдерін білдірсе, енді біреулері байлар мен кедейлердің арасы әлі де аспан мен жердей деп күйзеліс танытты. Мұндай оспадарсыз іс-әрекет толассыз жүріп жатқандықтан, елдің еті үйреніп қалған еді. Басу айтқан қарттардың бірі бұл жағдайды «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп түсіндіріп жатты.

Сол түні ағайынды екі бала ағасының үйіне қонған болатын. Үй иелері күнделікті шаруаларын күйттеп болған соң оларды таңғы асқа шақырады. Өкінішке қарай, екі бала да бөлмеде болмай шығады. Ерлі-зайыпты екеуі «Әлгі балалар қайда кеткен?» деп бас қатырады. Мұқатай үйінен шығып, ауыл сыртындағы ескі қорымға бет түзейді. Қос өкпесін қолына ұстап барса, екі бала әкелерінің қабірінің жанында ағыл-тегіл жылап отыр екен. Үлкен кісі бауырларына дауыс көтермей, «Қарақтарым-ай, ең болмаса бізге бір ауыз айтып кетпедіңдер ме?», – деп үйіне қайтып ертіп келеді. Жол-жөнекей балалар да өздерінің қайғы-мұңдарын әке-шешесімен іштей бөліскендігін жасырмай айтады. Мұны естіген Мұқатайдың ішкі дүниесі дауыл соққандай алай-дүлей болып, көзіне жас үйіріледі. Бірақ, оны жас бауырларына көрсетпейді.

Осыдан кейін-ақ Шу өңірін араны ашылған аштық жайлайды. Қолдағы бар малынан ішпей-жемей айырылған жергілікті жұрт әрі қарай өмір сүрудің тиімді жолын көре алмай, ақыл-естері шығады. Кейбіреулері бір үзім нан үшін ата жұртын тастап, шет ел асады. Қысқасы, күн көрудің қамымен әр пенде өз тіршілігін күйттеп бағады. Ашаршылық жылдарында қаншама ауыртпалықты көріп, қайғы-қасіретті терең сезінсе де, Жапар аға Шу өңірінен жан-жаққа аттап баспаған. Көрер күнінің нәсібі бұйырғандықтан болар, өзінің дін аман қалғанына тәубе айтып, мұндай індеттің қайталанбауын тілеп отыратын. Жетім балалардың көрген зорлық-зомбылығы мұнымен біте қоймайды... Оның бәрін жіпке тізуді мақсат тұтпадым. Ең қиыны, Жапар ағаға уайым-қайғысы жоқ балалық шақ бұйырмаған.

Жапар ағаның жарық дүниеге келген мекені «Шұбар ешкі» деп аталатын шағын ауыл болған. Ол осында жүріп ауыл молдасынан хат таныған. Бірақ, молданың дөрекілігі мен қатыгездігіне одан әрі шыдай алмаған. Сол тұста Шу өзенінің оң жағалауына алғашқы қоныстанған орыс ұлтының өкілдері бесінші бекетті тұрғызады. Ол жерді жергілікті жұрт «Теңдік» ауылы деп атап кеткен. Осы бір аядай ауылда орыс тілінде оқытатын бастауыш мектеп салынады. Жастайынан жетім қалса да, зерек өскен Жапар аға сол мектептен дәріс алады. Арада бірер жыл өткен соң, аталмыш бекет жабылып, аудан орталығы – Новотройцк селосындағы қазақ орта мектебіне ауысады. Оның жанындағы пансион интернатта ғұмыр кешеді. Кәмелеттік жасқа толып, аттестаты қолға тиісімен Алматыдағы педучилищеге оқуға қабылданады. Осы оқу орнын тәмамдауға бір ай қалғанда Кеңес армиясының қатарына шақырылады. Бұл 1939 жылдың көктемі болатын. Жапар аға сынды жас жауынгерлер пойызбен ұзақ жол жүріп, Қиыр Шығыстан бір-ақ шығады. Әскери тәртіпке бағынғандықтан, командирлерінің бұйрығын бұлжытпай орындайды. Жауынгерлік қызметін берген антына сай жалғастыра береді. Бұл жақтағы ауа райы қыстағы шілдеде қырық градустан кем түспейді екен. Оңтүстіктегі шілдеде, қырық градус ыстықты көрген бозбала сыр бермеуге күш салады. Күн артынан күн өтіп, азаматтық борышын өтеп жатқанда еліміздің батыс бөлігінде соғыс өрті тұтанып, лап етеді. Енді ауылға қайтам деп жүрген Жапар аға Отанын қорғаушылардың қатарына қосылып, қолына қару алады. Украина жеріндегі қиян-кескі майданға қатысып, елін жаудан қорғауда аянып қалмады. Майдан даласында жүріп, бірнеше рет жарақат алды. Госпитальдың дәм-тұзы тартып, емделген кезі де болды. Адал қызметі мен ерен ерлігі үшін бірнеше жауынгерлік ордендермен, медальдармен марапатталды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жан берісіп, жан алысқан сұрапыл шайқас жүріп жатқанда, яғни 1942 жылдың күзінде Кеңес одағы коммунистік партиясының мүшелігіне қабылданып, үлкен сенімге ие болды.

Жақаң алпысыншы жылдардың бас кезінде Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Бұған дейін қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдады. Өзі коммунист, өзі жоғары білімді маман болғандықтан, республикалық комсомол ұйымының орталық комитетінде нұсқаушы да болды. Бұдан соң Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып, жастармен жалынды жұмыс атқаруды жалғастыра түсті. Осындай биік белестердің көкжиегінен көрінген Жақаң ауданның бірінші басшысы болғанда да өз міндетіне білек түре кірісті. Әсіресе, басшы кадрларды іріктеуде олардың кәсіби шеберлігі мен біліктілігін арттыруға жете көңіл бөлді. Ең бастысы, ол қандай деңгейдегі басшы болмасын, қол астындағы қызметкерлер онымен ашық әңгіме жүргізіп, сырласа білді. Қателігін көре қалса даусын көтеріп, дөрекі мінез танытпады. Кемшілігін бетіне айтып, кімнің болса да ұятын оятты. Талап пен талғам жоғарылаған сайын орындаушылардың да еңбекті ұйымдастыруы оң нәтиже бере бастады. Жақаң сырт көзге қатыгез адам сияқты көрінгенімен, іс жүзінде қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен ерекшеленетін.

Жаңа басшы іске кіріскенде Тасөткел су қоймасының құрылысы жүріп жатқан болатын. Алып құрылыстың басына жиі барып тұрды. Ауданы 78, ұзындығы 18, жері 8,5 шақырым, сыйымдылығы алты жүз жиырма миллион текшеметр болатын қойманың құрылысы басты бақылауда болды. Бұрындары ерке Шудың суы еркін ағып жатса, қойма құрылысы аяқталысымен аудандағы суармалы танаптың көлемі әлденеше рет өсе түсетіндігі қуантты. Суармалы жердің көлемі артқан сайын егіншілік мәдениеті де артып, одан алынатын өнім түрлері де мол болатындығы диқан қауымға үлкен үміт сыйлады. Сондай-ақ Жақаң Шу қаласында салына бастаған қант зауытының құрылысына да ат ізін суытпай барып тұрды. Бірінші басшының өзі ат үстінен түспеген соң, оның көмекшілері де аталмыш нысандарға бақылауды күшейте түсті. Осындай екі алып құрылыстың қарқынды жүргізілуін бір жүйеге келтірген соң, малшылар қауымының тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысуды жөн көрді. Желдің өтінде, ауылдың шетінде қоғам малы үшін жанкешті еңбек етіп жүрген малшылардың тұрмыс тауқыметінің ауыр екендігін көзбен көрді. Жылдың төрт мезгілінде бірдей қойдың соңында жүрген шопандардың тұрып жатқан үйлерінің қабырғасы таспен қаланған жаппа үйлер болып шықты. Кеш түссе сығырайған майшамға мәз болған үйлер... Осының бәрін көзбен көрген бірінші басшы жергілікті жұрттың жағдайын қатты ойлады. Мемлекетке етті де, сүтті де, жүнді де беріп жатқан малшылар қауымына қамқорлық қашан жасалады деп бас қатырды. Сол сәттен бастап шаруашылық басшылары да жергілікті құрылыс материалдарын пайдалана отырып, әр қыстаудағы шопандарға жаңа үй салып беруді жіті тапсырды. Сондай-ақ аудандағы іскер мамандарды өзінің соғыс кезінде табаны тиген Украина жеріне іссапарға аттандырды. Олар арнайы зауыттарға барып, электр жарығын беретін қондырғыларға тапсырыс береді. Еңбек адамына деген жанашырлық пен қамқорлық ұштасса болды, игілікті істердің жүзеге аса беретіндігі аян. Айналасы екі жылда аудан шопандары жаңа пәтерлерге көшіп, еңселері көтерілді. Бұған қоса, әр малшы үйіне электр қуатын беретін қондырғылар тегін таратылды. Бұрынғыдай емес, малшылар қауымы кеш түссе болды арнайы қондырғыларды іске қосып, самаладай жарық үйлерде тұрып жатты. Сол кезде Шу ауданындағы осындай жаңашылдық республикалық басылымдарда кеңінен жарияланды. Әлеуметтік жағдайлары жақсара түскеннен кейін еңбек адамдарының белсенділігі одан әрі арта түсті. Соның бір жарқын дәлелі, Абай атындағы совхоздың аға шопаны Мәртай Юсуповаға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1966 жылғы Жарлығымен Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» ордені омырауына тағылды. Бұл кісі аудандағы ақтылы қой өргізген әйелдер қауымының тұңғыш өкілі болатын. Еңбек адамын алақанына салып, ардақтай білетін Жақаң бір күні жергілікті композитор С.Әденовті кабинетіне шақыртып алып, аға шопан Мәртай туралы ән жазуына өтініш білдіреді. Сонымен, көп кешікпей, «Шу еркесі» әні жарық көреді. Бұл әннің сөзін ұлағатты ұстаз, ақын Өмірзақ Балмұхамбетов жазған болатын. Жаңа ән аудан өнерпаздарының қолдауымен беріге дейін шырқалып жүрді.

Ауданның негізгі көрсеткіштері әр бес жылдықта көңілден шығып жатқандықтан, еңбеккерлерге деген құрмет те арта түсті. Атап айтқанда, Абай атындағы совхоздың майталман механизаторы Заманбек Досжанов пен «Коммунизм» совхозының аға шопаны Абдрахман Дәуітов Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Сонымен қатар, Ленин, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған ауыл еңбеккерлерінің бәрін бірдей атап шығу мүмкін емес.

Аудан басшысы ауылдар мен аудан орталығына жаңадан мектеп үйлерін салғызып, көктем мен күзде аяқ алып жүре алмайтын жолдарды тегістетті. Елді мекендерді көріктендіруге, абаттандыруға көбірек көңіл бөлді. Тағы бір қызығы, аудан орталығында жаңадан аэропорт алаңы пайдалануға берілді. Бұл алаңнан кезінде жергілікті жұрт «Кукурузник» деп аталып кеткен АН-2 маркалы ұшақпен Алматы, Фрунзе, Жамбыл қалаларына және Бетпақдаланың бер жағында жатқан Ұланбел ауылына қатынап тұрды. Қазіргі Amanat партиясы аудандық филиалы орналасқан ғимараттың да іргетасын қалатып, пайдалануға беруге де мұрындық болған Жақаң еді. Бұрынғы аудандық «Кировшы» газетінің «Шу өңірі» газеті болып аталуына да бірінші басшы ұйытқы болған. Орталықтан «Жайсан» кинотеатры бой көтеріп, көрермендердің көз қуанышына айналды. Тағы басқа да көпшілік нысандары мен тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Айта берсек, ауданда ауыл шаруашылығымен қатар құрылыс саласы да қарқынды даму жолына түсті.

Жақаң 81 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Оның есімін қалдыру үшін Шу қаласындағы бұрынғы Ленин көшесі Жапар Түйебеков көшесі деп өзгертілді. Тараз қаласында тағы бір көшенің аты Жапар Түйебеков көшесі деп аталды. Бұл игі шаралардың жүзеге асырылуына тіл жанашыры, Жақаңның інісі Уәш Асатұлының ұйытқы болғандығын атап айтқан жөн. Осындай тар жол, тайғақ кешулердің талайынан өткен қоғам қайраткері Жапар Түйебеков Шу ауданын он шақты жыл абыройлы басқарып, жетпісінші жылдардың бас кезінде Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін құрметті еңбек демалысқа шыққанға дейін жауапкершілікпен атқарды. Халқына қалтқысыз қызмет еткен жылдарында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев, ел ағалары Асанбай Асқаров және Ілияс Омаровпен, ағайынды Түймебай мен Тұтқабай Әшімбаевтармен, Бименде Сәдуақасовпен, Хасан Бектұрғановпен, Сейілхан Аққозиевпен және тағы басқа да қазақ зиялыларымен қоян-қолтық араласып тұрды.

Жақаңның сексен жылдығы Тараз қаласының Ж.Баласағұн атындағы мәдениет сарайында көпшіліктің қатысуымен аталып өтті. Бұған облыс, аудан басшылары, қала жұртшылығы көп қатысты. Алматыдан келген қонақтарды қоғам қайраткерлері Қаратай Тұрысов пен Шерхан Мұртаза бастап келіп, ел ағасына деген шынайы құттықтауларын жеткізді.

Жақаң жұбайы Амина екеуі жарты ғасыр отандасып, үбірлі-шүбірлі болған жандар. Кейіпкерім Қазақ мемлекеттік университетінен кейін Мәскеудегі СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Жоғарғы партия мектебін бітірген. Олардың үлкен ұлы Нұрлан да Мәскеудегі полиграфиялық институтты тәмамдап, Алматыдағы бірнеше республикалық баспаларда басшылық қызмет атқарды. Алматы жоғарғы партия мектебінің түлегі. Кіші ұлы Нұржан Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын аяқтап, мамандығы бойынша лауазымды қызметтер атқарды. Жақаңның қыздары да өз алдына шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болып отырған жайлары бар.

«Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» деген аталы сөзді Жақаң жадында ұстаған. Ол саналы ғұмырын еліне елеулі қызмет ете отырып, кейінгілерге тағылымды өсиет айтуға арнаған. Оның өсиет сөздері әлі күнге дейін ел аузында. Қартайған шағында да тура жолдан жаңылмай, еліміз егемендік алғаннан кейін ата-бабаларының аруағын ардақтауға үлкен үлес қосты. Соның бір дәлелі, Қосы батыр қайырымдылық қорының алғашқы төрағасы болып, өскелең жастарға ұрпақтар сабақтастығын насихаттаудың үлгісін көрсете білді.

 

Ахметжан ҚОСАҚОВ,

ардагер журналист,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

 

Ұқсас жаңалықтар