Жылда халыққа арнайтын Президенттің Жолдауларынан да түспейтін бұл мәселе ауылдық аймақтарда қалай жүргізіліп жатқанына назар аударып, Луговой ауылдық емханасына барған едік.
Т.Рысқұлов ауданындағы Луговой ауылы – он мыңға жуық халыққа қоныс болған ең үлкен елдімекендердің бірі. Мұндағы ауылдық емханаға 9512 халық тіркелген. Оның ішінде 6420-сы ересек болса, 1800-і 14 жасқа дейінгі балалар. Осы тұрғындардың денсаулығын қарап, сырқаттанса тиісті ем-домын жасау мақсатында ауылдық емханада 49 медицина қызметкері жұмыс істейді.
– Емханамызға осыдан 6 жыл бұрын жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Заман талабына сай барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген екі қабатты емхананың сыйымдылығы 75 орынға арналған. Халықтың денсаулығы үшін қызмет ететін мамандарымыздың алтауы жалпы тәжірибелік дәрігер болса, бір акушер-гинеколог, бір психологымыз бар. Қалған 33 қызметкер орта буынды мейірбике. Мұндағы дәрігерлердің бесеуі жоғары дәрежелі, екеуі 1-дәрежелі маман. Адам өмірі үшін қызмет көрсететіндіктен денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жұмыс тәжірибесі маңызды рөлге ие. Біздің ұжымдағы барлық мамандардың жұмыс өтілі 20 жылдан асады, – дейді емхананың бөлім меңгерушісі Айгерім Шайлаева.
Ал, аға мейірбике Қалдыкүл Нұрсейітова емхананың өз зертханасы да барын көрсетіп, ішкі жұмыстарымен таныстырды.
– Денсаулығына шағымданып дәрігердің алдына келген науқас әуелі анализ тапсыруға жіберіледі. Яғни, науқасқа нақты диагноз қою үшін талдау жасалады. Зертханашы Гүлжан Болысбаева күнделікті таңертеңмен жұмысын бастап, науқастардан аш қарында алынатын талдауларды қабылдайды. Сонымен қатар, емханаға өз аяғымен келетін науқастардан бөлек, жаңадан босанған келіншектер, өзі жүріп-тұра алмайтын науқастар болады. Емханаға қарасты ауыл халқы тұрғылықты жеріне қарай 6 аймаққа бөлінген. Соған қарай, емханаға өздігінен келе алмайтын науқастарды аймақтық мейірбикелеріміз Раушан Ибрагимова, Ардақ Рәпілбаева, Гүлмира Рсалиева, Айман Байкүшікова, Арайлы Кемерова, Шолпан Мұсылманқұлова үйлеріне барып, денсаулықтарын қарап тұрады. Акушер-гинеколог Рано Толықбаевамен бірге акушер Меркель Рысалдиева жүкті және жас босанған келіншектердің, болашақ аналардың денсаулықтарын қарайды. Олар жасөспірім қыз балалардың да саулығына назар аударып, болашақта дүниеге дені сау ұрпақ әкеліп, өз ағзасын да күтіп-баптауына қажетті кеңес беріп отырады. Дені сау бала – дені сау анадан туылатыны бәріне белгілі. Бақытты бала болашақта жан-жақты дамыған тұлға болып қалыптасатыны ақиқат. Ал, бақытты бала – бақытты ананың алдынан шығатыны да анық. Біздің мамандар осыны ескеріп, қызмет етеді. Қазіргі уақытта да акушер-гинеколог маманымыз жатыр мойны обырының алдын алатын екпені 11 жастағы қыз балаларға салу ісін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, емханамыздың екпе мейірбикесі Гүлжанар Абдуллаевамен бірге қосалқалы мейірбике Әсел Аманқосова да қауіпті дерттердің алдын алатын вакциналарды уақтылы егіп, қатердің бетін қайтаруға қызмет етіп жүр, – дейді аға мейірбике Қалдыкүл Әшімжанқызы.
Бұл емханада күндізгі стационарда емдеу қызметі де жүргізіледі. Онда 5 төсек орын бар, осында айына 40 науқас жатып, ем алады. Бөлім меңгерушісі Айгерім Базарбайқызының айтуынша, «Д» сынақтағы артериялық қан қысымымен, қант диабетімен, өкпе ауруымен, асқазан-ішек жолдарының ауруларына шалдыққан 248 науқас есепте тұрады. Олардың бәрі жылына 3 рет дәрігерлердің қабылдауына келіп, қаралып тұрады.
Мұндағы медициналық қызметкерлер жақында жарияланған Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ұлт саулығын нығайтуға қажетті тапсырмалармен етене таныс. Халыққа көрсетілетін қызметті одан ары дамыту мақсатындағы жаңашылдықтарға әзірміз деп отыр. Ұжымның ел ертеңі, халық саулығы үшін атқарып отырған еңбектеріне сәттілік тіледік.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді