Ұлт ұстазының ұлағаты – ұрпаққа үлгі

Ұлт ұстазының ұлағаты – ұрпаққа үлгі
Ашық дереккөз
«Ахмет. Ұлт ұстазы» фильмінің шығармашылық тобы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұжымымен және студенттерімен кездесті. Кездесуге ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, фильмде Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдаған белгілі актер Байғали Есенәлиев пен фильмнің режиссері Мұрат Есжан қатысты. Басқосуда аталған институттың вице-президенті Махметғали Сарыбеков модераторлық етті.

Шығармашылық топ ұлт ұстазының ақындығы, оқу-ағарту саласына қосқан үлесі, ғылыми- зерттеу еңбектерінің маңызы жайында сөз қозғап, туынды жарық көрген соң ел жастарының Алаш мұрасына қызығушылығы артқандығын атап өтті.

– Фильмнен кейін Ахмет Байтұрсынұлының өмірін танығысы келетін жандар қатары көбейді. Әсіресе, «Мәдениет тарихы» еңбегіне, Ғазымбектің өміріне қатысты сұрақ қойғандар да жиі кездеседі. Шынында, біздің сериалдың бір мақсаты осы болды. Өйткені, бізге белгісіз болып келген сондай бір буынды, тұлғаларды танытқымыз келді. Мысалы, әдебиетке, мәдениетке қатысты жазбалары бар алаштықтар көбірек танымал да, ал өздері жазбайтын, бірақ ғылым саласымен айналысқан Алаш тұлғалары да көп. Ғазымбекті көрсету арқылы көрермен өзі тарихи шындыққа көз жеткізу үшін ары қарай ізденсе деген ой болды. Қуантарлығы, жастардың арасында сериалдың ішінде болған оқиғаға байланысты Жангелдин, Тұңғаншин секілді кейіпкерлерге қатысты да қызықты сұрақтар көбейе түскен, – деді фильмнің режиссері Мұрат Есжан.

Өз сөзінде Махметғали Сарыбеков фильмнің ұлт тәрбиесі мен ұстаз мәртебесін арттырудағы мәніне тоқталып өтті.

– Қоғамның қарқынды дамуы үшін бәсекеге қабілетті, әлеуметтік белсенді тұлғаны қалыпт астыруда білім беру мекемелері мұғалімдерінің жанқиярлық еңбегі мен игі істерінің маңызы зор. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Тек үздіксіз рухани ізденісте мұғалім оқушының жан дүниесіне жарық түсіре алады», – деген. Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасы біздің алдымызда кітаптардан гөрі жанды әрі жарқын болып көрінді. Оның нағыз ұстаз талантты, ізденуші, рухты болуы керек деген пікірі барша ұстаздар қауымына бағыт-бағдар бола алады, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Бұдан бөлек, жиналғандар көркем фильмнің түсірілім барысы, актерлерді іріктеуге қойылатын талаптар жайында сұрақ қойып, пікір алмасты.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар