Жаннаның өзі орыстың қызы болғанымен жаны қазақ десек, артық емес. Тілі де жатық, бойынан да қазақы тәрбиенің ибалылығы есіп тұр. Мұның бәрі де оның әжесінің тәрбиесінен екен.
– Бала күнімнен Құмарық ауылында әжем Мұхтарам Мұхамеджанқызының тәрбиесінде өстім. Әжем дүнгеннің қызы. Бірақ қазақша жақсы білетін, көргені көп кейуана. Қолөнерге де шебер. Бар білгенін маған үйретті. Тіпті, тігіншілікке де сол кісі жетеледі. Маған «Әрбір іс жаңадан бастағанда бірден дұрыс шыға қоймайды, сонда да үмітіңді үзбей жалғастыра бер. Мақсатыңа жетуде табанды болсаң, табысқа кенелесің» деп жиі айтатын. Расында да солай болып шықты. Әжемнен көрген- білгенімді біліммен толықтыру үшін Тараздағы «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінде оқып, «модельер- конструктор» мамандығын үздік дипломмен алып шықтым. Оқуымды тәмамдаған жылы сол жерде графикалық дизайнер болып жұмыс істеп, Айдархан Қалиевтен көп нәрсе үйрендім. Айдархан Миралыұлы өте сауатты және өз ісінің нағыз маманы әрі білгенін жастарға үйретуден де аянбайды. Алайда, өмір заңдылығымен тұрмысқа шығып, Құлан ауылына келдім. Сонша жыл үйренгенімді, қолымнан келетін істі ары қарай жалғастыру үшін осы ауданнан шағын ғана тігін цехымды аштым. Күйеуім Руслан неміс ұлтынан. Бала күнімде біздің отбасымызда қазақша да, орысша да сөйлейтінбіз, қазір де солай. Мектепте де қазақ сыныбында оқыдым. Қазір өзімнің кішкентай қызым да қазақша, орысша, ағылшынша сөйлеп, өсіп жатыр, – дейді Жанна Калинина.
Жеке кәсіпкерлігін ашарда қорқыныш болғанын жасырмаған Жанна әжесінің үнемі айтатын ақылын ескеріп, діттеген мақсатына жету жолында ешбір кедергіге тоқтап қалмаған. Жанындағы жолдасы да жігерлендіріп, жылы сөздерімен қолдау көрсеткен. Сөйтіп, 2023 жылдың басында тігін шеберханасын ашқан. Онда тапсырыспен киім тігумен қатар, өз шығармашылығымен әзірлеген сәндік костюмдерді де тігіп, сатылымға шығарады. Сонымен қатар, барлық киім- кешектерді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарын да жүргізеді.
– Ең алғаш тапсырыс берген кісі мен тіккен көйлегін киіп көруге алғашқы келгенінде-ақ дәл ойындағысындай шыққанын айтып, қуантты. Содан бастап, тапсырыстар қабылдап, тігіншілікке бет бұрғанымда тұтынушыларымның әрбір айтқан сөздері жігерлендіріп, ризалық лебіздері шабыттандырды. Содан соң қиялдарымды қосып, өз ойымша жаңа үлгі ойлап табуды бастадым. Осылай ісім алға басты. Әрбір түскен тапсырысты күндіз- түні ойланып, іштей әбден пісіріп аламын. Кез келген істе де, шығармашылықта да адамды алға жетелейтін тұтынушының разылық пікірі. Ақысын алардан бұрын тұтынушының алғысын алуға тырысамын. Былтыр күзде оқу орындарында, мектептерде өтетін күзгі баллдарда матадан емес, қағаз, целлофан секілді материалдардан сәндік киім тігіп, көрсетуге басымдық берілді. Сол кезде мен де өз қолымнан жасаған осындай түрлі киімдерімді TikTok желісіне салдым. Миллионға жуық қаралым жинады. Өз еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес мемлекеттерден көптеген адамдар хабарласып, гофрленген қағаздан жасалған көйлегіме тапсырыстар түсті. Ол көйлекке Мемлекеттік Туымыздағы күннің бейнесін салған едім. Әттең, сол уақытта ауырып қалып, біразына тауарымды дайындап үлгере алмай қалдым. Бірақ менің өнерімді көптеген халық таныды. Содан кейін тапсырыстар әлеуметтік желілер арқылы келетін болды. Бірақ, өз ауданымыздан басқа аймақтардан келетін тапсырыстарды жеткізіп беру қызметін жүзеге асыра алмай отырмын. Әрі бәрін тігуге үлгермей де қаламын. Көмекші іздеп жатырмын, бірақ сәндік киім-кешек тігуге қабілетті адам өз ауданымыздан әлі табылмай тұр. Егер сондай шебер болса, барлық жағдайды жасауға дайынбыз. Тіпті болмаса осы шеберханамда отырып, түскен тапсырыстарды тігіп, менімен тек осы орынның жалақысын ғана бөлісіп, өзі табыс тапса да қарсы емеспін, – дейді ісмер Жанна Калинина.
Он саусағынан өнер тамған шебердің ендігі мұраты – біраз тұрғындарды жұмыспен қамтитын үлкен тігін цехын ашу. Сол арқылы Құланның атын сәндік киім-кешек саласында шығаруды көздейді. Әрі өскен өлкесінің экономикалық тұрғыда да дамуына өз үлесін қосуды көксейді. Бірақ, қазірше үлкен цех ашуға дайындық жасап, шебер жандарды іздестіруде. Сонымен қатар, шағын бизнесті қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға да ниеттеніп, дайындалуда. Талабы таудай, еңбекке құлшынған жастың қадамы құтты болып, мемлекеттік қолдауларды иеленсе, аймақтың әлеуетін әлдендіру үшін де үлесі зор болар еді.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді