Ішкі туризмді ілгерілетудің жолы қандай?

Ішкі туризмді ілгерілетудің жолы қандай?
Ашық дереккөз
Жадыраған жаз айлары да сырғып өте шықты. Еңбек демалысында болып, оны тиімді, тартымды, пайдалы, жақсы, көңілді өткізгендер абыр-сабыр болып қызметтеріне қайта кірісіп те кетті. Бір сәт бас қосыла қалса кім қайда, қай елде, қай курортта болғанын, одан алған әсерлерін жарыса әңгімелеп, жыр қылып айтып тауыса алмай жүргендер аз емес.

Әрине, кейбіреулер Түркияның, Еуропаның, Вьетнамның айтулы керемет жағажайларына, Жетісудағы «Алакөлге», көрші Қырғызстанның Ыстықкөліне немесе Өзбекстанның минералды суларына барса, жергілікті халықтың басым көпшілігі «көрпесіне қарап көсіліп» «Мерке-Родон», «Манкент», «Жаңақорған», «Сарыағаш» демалыс орындары мен курорттармен шектеліп жүр. Оларға қолы жетпейтіндер жергілікті таудың көрікті шатқалдарындағы табиғаты тартымды «Ақсу-Жабағылы», «Көксай», «Берікқара», «Тау самалы» сияқты жерлерге топ-топ болып бір-екі рет демалуға баруды қанағат етіп отыр. Тіпті, оған мүмкіншілігі болмағандар ауылдарына ат басын бұрып, туған ауылының тыныс-тіршілігін күйттеп жүргендері де бар. Әрине, еңбек демалысын жоғары дәрежеде тиімді өткізіп, бойға күш-қайрат жиып, біраз сергіп, тың ойлар жиып қайтқанға, шіркін, не жетсін?! Ол да мәдениеттіліктің бір қыры.

Кезекті еңбек демалысымды жылдағыдай, өзіме үйреншікті «Мерке-Родон» санаториясында өткіздім. Оның мені көп қызықтыратыны – табиғаты. Тау шатқалына орналасқан санаторий маңындағы тыныштық адамға ерекше әсер етеді. Қысы-жазы мұнда келушілер саны бір азаймайды. Әсіресе, жаз айларында орын таппайсың. Ту сонау батыстағы Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе, ортадағы Қарағанды, Астана, Павлодар өңірлерінен ат терлетіп демалып-емделуге келгендердің саны аз емес. Бәрін қызықтыратыны – шипалы родондық минерал суы мен кербез сұлу табиғаты. Буындар, бел-омыртқа, жүрек-қан, гинекологиялық ауруларға родон суының шипалық қасиеті аса зор екені белгілі. Өкпе-тыныс жолдарының ауруларына таудың саф таза ауасы ерекше әсер ететіні бар. Келушілер тек родон ванналарын алумен шектелмейді, мұнда үгу (массаж), парафинмен емдеу, физиотерапиялық емдер кеңінен қолданылады. Диеталық тамақ та денсаулыққа көп пайдалы әсер етеді. Олардан бөлек, тәбеті барларға қымыз, саумал сусындары тағы бар. Қысқаша қайырғанда, онда барып емделгеніңізге еш өкінбейсіз.

Санаторий-шипажай директоры Серік Мақажановтың бұл қызметке келгеніне екі жылдай болыпты, қолдан келген істі бір кісідей атқарып жүрген тәрізді. Әрине, заман бір орында тұрмайды, уақыт талабына сай әлі де талай істер атқару керек сияқты. Санаторий-шипажай территориясын одан әрі көгеріштендіруге көңіл бөліп, гүлзарларды көбейту, кіші архитектуралық құрылыстарды жаңарту, қосымша орындықтар орнатып, табанжолдар жасап, өзен жағалауларын тәртіпке келтіру қажет-ақ екен. Емделушілердің кешкі демалысын жандандырып, көңілді өткізуге көңіл аударған артық емес. Әлі де қалауын тауып, игерілетін істер бар екен.

Жексенбі күндері емшаралар жоқ болғандықтан, шатқалдағы табиғаттың аясына серуендеп шықтық. Көп жылдардан бері жөндеу көрмеген асфальт жол тоз-тоз болып, әрі-бері жүйткіп жүрген автомашинаның соңынан шаң көтеріліп, қолқаңды қабады. Табиғат аясына келіп демалушылар саны аз емес. Өзен бойына жарыса әртүрлі үйшіктер, киіз үйлер, палаткалар ретсіз қойылыпты. Біраздарының көркі тым жүдеу, жұпыны, көзге қораш көрінеді. Оған жергілікті билік иелері мен жауапты құрылысшы-архитекторлар мән бермейтіні көрініп тұр. Келушілер топ-топ болып өзен жағасындағы тал-дарақтардың арасына дастархандарын жайып, бала-шағаларымен серуендеп, демалып жүр. Бірақ, біздің ойымызды бөлген нәрсе – шатқалда бірде-бір дәретхана жоқ, бұталардың арасы толған құтылар, шишалар, қағаздар, тамақ қалдықтары, ошақта күйген резина балондар және қоқыс заттар. Шатқал бойында қоқыстар жинайтын бірде-бір контейнер қойылмаған. Бүкіл елімізде жүріп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының дабыры бұл аймақты айналып өткендей сезімде боласыз. Сол әсем табиғатқа, тазалыққа деген жергілікті халықтың көзқарасы неге солай екен деп ренжисің. Шатқалдағы жол қозғалысына да шектеу қойған дұрыс сияқты. Одан әрі бұл шатқалда әлгілердей тәртіпсіздік жалғаса берсе, бірер жылда әсем таза табиғат жоқ болып кету қаупі бар. Жергілікті атқамінерлер, жауапты мекемелер біздің бұл ұсыныстарымызды дұрыс қабылдап, айтылған кемшіліктерге назар аударады деп сенеміз.

Өңіріміздегі тағы бір көзтартар тамаша демалыс орны – Жуалы ауданындағы Алатау бойындағы «Көксай» шатқалы. Ол – табиғаттың біздің тұрғындарымызға берген ерекше сыйы. Талай көрікті жерлерде болып жүрміз. Бірақ, бұл «Көксай» адамға ерекше әсер ететін, бір көрген адамды өзін еріксіз сүйсіндіретін киелі мекен. Сондықтан болар, жерлесіміз, халық жазушысы Шерхан Мұртаза бұл өңірдегі Көксай мен Ақсайды біраз шығармаларына арқау етті. Өйткені, Шераға басқалар сияқты еңбек демалысын атақты курорттарда, шипажайларда өткізгеннен гөрі, туған топырағы Мыңбұлаққа, ондағы «Талаптыға» келіп, ел-жұртпен дидарласып, бір мезгіл атпен серуендеп, таудың саф ауасымен тыныстап, таудың мөлдір салқын суына шомылып, армансыз аунап-қунап қайтқанды ұнатады екен, жарықтық.

Бірер жыл бұрын Шерағаның інісі Батырханның ұлы Әлижанмен Көксайға демалуға барғанымыз бар. Әлижан бұл өңірдің табиғатын қорғау мекемесінің басшысы болып жиырма жылдан астам қызмет еткен азамат болған соң табиғатты жанындай сүйеді, әр әңгімесі аңызға бергісіз. Шатқалды бірде аралап келе жатып, екі мүйіске таянғанымызда: «Жазда елге Шерағам келгенде осы жерге киіз үй тіккізіп, екі жұмадай жатып демалатын, алаңсыз шығармасымен айналысатын. Сәлем береміз деп келгендерді, ойымды бөлді деп аса жақтырмайтын. Мінезді кісі еді ғой. Әр уақтысын тиімді, пайдалы өткізуге, уақытын бос жібермеуге тырысатын», – деген еді.

...Көз қызықтырар көрікті табиғатымен, саф таза ауасымен, сүйекке дейін қаритын салқын мөп-мөлдір тау өзенімен талайды тамсандырған «Көксай» шатқалы Тараздан тым қашық емес. Бар болғаны 70 шақырымдай жерде. Оның 18 шақырымы асфальттанбаған, тегістелген тас жол. Жол қырғыз ағайындармен шекаралас аймаққа таяу өткен, мемлекеттік шекара белгілері әр жерден көрініс беріп тұрады. Күншығыс жақта терең құз – Көксай каньоны. Айтушылар бұл каньон тереңдігі және көріктілігімен еліміздегі Шарыннан кейінгі екінші орын алады дейді. Ал, Шарын АҚШ-тағы Колорадо каньонынан кейінгі әлемдегі ең терең құздың бірі екен. Табиғаттың бұл ғажап сыйына таңғалмасқа шараң жоқ. Өкініштісі, Көксай каньоны екі елдің нейтралды аймағында қалғандықтан оның кереметін тамашалап өз көзіңмен көру бүгіндері жай адамдарға мүмкін емес. Каньонда небір сирек ұшырасатын аң мен құс мекендейді екен. Менің ойымша, олардың тыныштығын бұзбау, аң-құстар мен табиғат көркін сақтау үшін мына қатыгез уақытта орынды болған сияқты. Әйтпесе, бұрындары мылтық асынған малшылар, браконьер-аңшылар, «жабайы» саяхатшылыр жөн-жосықсыз тыныштықты бұзып, аң-құстардың берекесін алатын. Сөйтіп, табиғат берген ерекше сыйды, табиғи байлықты бірте-бірте жойып жіберуі әбден мүмкін ғой.

Тауға жақындай түсе шың бастарын аққалпақ шалған – қар-мұз басқан, биікке шаншылған тәкаппар Манас және Шыңғыс шыңдарына көз тастаймыз. Анау Манас шыңы – Тянь-Шаньның батыс аймағындағы ең биік шың – 4800 метр (оны халық жазушысы Шерхан Мұртаза өз шығармаларында Тәңіртау деп әдемі суреттеп кеткен). Екі көрікті шың да көрші Қырғыз жерінде. Көксай өзені екі елдің егін шаруашылықтарын қажетті сумен қамтамасыз етіп отыр. 2014 жылы сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың араласуымен мемлекетіміз су дауын толық шешу үшін 5 миллиард теңге бөліп, «Көксай» шатқалындағы тау өзені «құрсауға» алынып, 17 шақырымға ені құшаққа сыймас бетон құбыр тартып, сумен Жуалы ауданының картоп, жүгері, бау-бақша егетін екі шаруашылығын толық қамтамасыз етіпті. Енді сол ағысы қатты құбыр бойында бірнеше шағын гидроэлектростанциялар салу жоспарланып отырған жайы бар екен. Сәті түссе таяу жылдары олардан өндірілген электроэнергия аудан тұрғындарын барынша қанағаттандырады деген есеп бар.

...«Көксай» шатқалы бірер жылдың ішінде біраз өзгерістерге ұшырапты: тауды екі жарып, көлікке ыңғайлы тас жол жүргізіліпті, бағаналарға сымдар тартылып, электроэнергиямен қамтамасыз етіліпті. Бұрынғы су ағысын бақылайтын қызметкердің үй маңы шағын этноауылға айналдырылып, 7-8 ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, 15-ке жуық ыңғайлы сәкілер (тапчандар) тал-дарақтар көлеңкесіне орнатылыпты. Келушілер егер ас-тамақ дайындағысы келсе әр демалыс орын маңында қазан-ошақ, мангал, шай қайнатуға арналған титан дап-дайын тұр. Балалар ойнайтын әткеншектер, алтыбақан, ойын алаңдары бар. Тіпті, балық аулағысы келгендерге де шағын бассейннен балықты қармақпен ұстауға жағдай жасалыпты. Моншаға түсіп, бір сейіліп аламын деушілерге де мүмкіншілік бар. Ақкөбік болып төмен ұмтылып, бұлқынып, сарқырап ағып жатқан суы мол тау өзені, оның құлаққа жағымды сарқыраған үні, тал-дараққа малынған көрікті тау беткейлері, исі жұпар аңқыған нешебір өсімдіктер әлемі, таза саф ауа, тыныштық құшағындағы нілдей көк аспан, көкке оранған беткейлер кез-келген адамды өзіне ынтық етеді. Табиғаттың бұл сұлулығын, әсемдігін жай сөзбен жеткізу мүмкін емес.

– Көп жылдар бойы игерусіз жатқан «Көксай» шатқалын көпшілік рахатын көретін демалыс орнына айналдыру идеясы 2018 жылы келді. Содан, міне, 2-3 жыл өтті, ағайын-бауырларыммен бірігіп, «Алла жар болсын!» деп осы игілікті істі бастап кеттік. 40 гектар жерді жалға 49 жылға алып, кездескен біраз қиындықтарға қарамай, бірте-бірте игеріп келеміз. Негізгі жоба жасалып, оны 2024-2026 жылдары іске асырамыз деген ойымыз бар. Ол үшін 4,5 миллиард теңге қаржы жұмсамақпыз. Жергілікті тұрғындардың 40-қа жуығын тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік. Көріп отырғандарыңыздай, бастамамыз әзірше жаман емес. Тау қойнауында этноауыл ұйымдастырып, тынығушыларды саумалмен, қымыз бен шұбатпен қамтамасыз етіп, бірнеше спорт кешендерін, су бассейндерін, асхана мен кафе ашып, беседкалар орнатып, тау шатқалдарына туристік маршруттар жасау, атпен саяхат ұйымдастыру ойымызда бар. Тіпті, ойымыз іске асса, ту сонау биік тау аңғарындағы мөлдір сулы «Айнакөлге» соқпақ жол арқылы туристік маршрут ашсақ деген арман бар. Сонымен қатар, 40 орындық екі қабатты қонақүйін салу да – алдымызда тұрған мақсат. Биктікке көтерілетін бетоннан саты-жол арқылы панорамалық алаң жасадық. Тау беткейіне қанатты жол тартып, қыс мезгілінде қонаққа келгендерді шаңғы және шанамен сырғанауға мүмкіншілік жасадық. Коньки тебуге де жағдай жасаймыз. Сонда «Көксай» демалыс орны қысы-жазы көпшілікке үзіліссіз қызмет етер еді. Жас саяхатшылар – балалар үшін туристік маршруттар ашсақ артық емес.

Бүгіндері таза ауада демалғысы келетін қала тұрғындары аз емес. Апта сайын бізге 200-250-ге жуық тынығушылар бір-екі күнге келіп-кетіп жатыр. Айына орта есеппен 2000-нан астам адам келуде. Оларға сапалы қызмет ету біздің басты парызымыз. Орын жетпей, қиналып қалатын кездеріміз де бар. Алдағы жылдары демалушылар саны арта түсетініне кәміл сенеміз. Облыс басшылығымен 18 шақырым асфальт жол және газ құбырын тарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Өкінішке қарай, тас жолдың кедір-бұдыры көп болғандықтан демалушылар қиналып келетінін көріп жүрміз. Айтуға оңай, әйтпесе көптеген қиындықтар туып отырғаны жасырын емес. Бірақ бәсекеге қабілетті болсақ, болашақта бұл «Көксай» демалыс орны тек біздің елдің ғана емес, шетелдіктердің сұранысына ие болатын ең көрікті демалыс орны боларына сеніміміз мол, – дейді демалыс орнының басшысы, жергілікті кәсіпкер Нұрмухамед Исақов.

– Біздің өңірде көрікті, әсем, адам қызығар таңғажайып тау шатқалдары, тоғайлар аз емес. «Көксай» шатқалы солардың бірегейі. Оның жоғарғы бөлігі, 1925 жылы КСРО-да алғашқылардың бірі болып ашылған, әйгілі Ақсу-Жабағылы ұлттық табиғат қорығының буферлі аймағы. Табиғатының сұлулығынан бөлек, мұнда сирек кездесетін, тіпті, реликті, эндемикалық ағаштар (Талас және Тянь-Шань қайыңдары, аршаның бірнеше түрлері, Түркістан рябинасы және т.с.) мен сандаған әртүрлі өсімдіктер бар. Ғалым-ботаник зерттеушілердің айтуынша, шатқалда 1200-ге жуық өсімдік өседі екен. Олардың арасында ағаштың 12, бұтақтардың 62 түрі бар. Емдік қасиеті бар өсімдіктер де аз емес. Жойылып бара жатқан, қорғауға алынған бірнеше ағаштар түрі, бұтақтар, өсімдіктер де кездеседі. Бұл – табиғаттың бізге берген үлкен сыйы, ырысы. Оны қорғап қалу, келешекке жеткізу қазіргі адамдардың мойнындағы парыз. Табиғатты аялай алмасақ – бізге сын. Діттеп келгенде, барымызды бағалай білгеніміз жөн. Дертке дәру, жанға шипа іздегендер шетел асып, ақшаны сыртқа шашқанша елімізде демалып, экономиканы нығайтып жатса несі артық. Түсінген жанға, туған жердің табиғаты аясында демалудың өзі бір керемет дүние емес пе. Табиғат пен адам – егіз ұғым. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, оны айтар табиғаттың тілі жоқ» деп бабаларымыз дұрыс айтқан. Демалыс орындарына, табиғатқа саяхат жасап шыққандар табиғатқа жанашырлықпен қарау керек. Бірақ демалудың жолы осы екен деп, себепсіз, жөнсіз бұлақтарды лайлап, бұтақтарды сындырып, шөптерді таптап, гүлдерді жұлу үлкен әбестікке жатады. Демалған, отырған жерін былғап, ішкен-жеген тамақтарының құтыларын айналаға шашып, қоқысқа айналдырып кететін жандарды кім дерсің?

Табиғаттың жауы – өрт. Оның болу себебі кейбір демалушылардың мәдениетсіздігі, тәрбиесінің төмендігі, жаққан отты сөндірмей кету, балалардың отпен ойнауы. Табиғатты қорғау әркез күн тәртібінен түспеу керек. Мына демалыс орны территориясын қоршап, оған кіріп-шығатын арнайы қақпа-есік орнатса артық болмас еді. Сонда тынығуға келгендер бей-берекет жүріп, шашып-төгіп, қоршаған табиғатқа көп залал келтірмес еді.

Осы жерде, реті келіп тұрғанда, соңғы жылдары қолға алынып, жаңадан құрылысы салынып жатқан өңіріміздегі «Қара алма» демалыс орны жайлы өз ойымды айта кетейін. Расына келсек, тау бөктерінде қар ұзақ уақыт жатпайды, яғни пайдалану мерзімі анағұрлым қысқа. Ал, Көксайға таяу «Қорым» деп аталатын тау бөктері шаңғы теуіп, шанамен сырғанауға өзі сұранып тұр. Мұнда қар мол, қалың түсіп, ұзақ мезгіл жатады және сырғанауға ыңғайлы – жыра, арық-атыз жоқтың қасы. Сондықтан оны меңгеруге көп қаражат кетпейтін еді. Осы жағын мамандар есепке алмай, «Қаралма» демалыс орнын бастап кетті. Енді міне, біраз жылдардан бері қиындықтар туындап отырғанын көріп отырмыз. Аяқсыз болып бара жатқан құрылыстың болашағы неғайбыл, халық оның игілігін қашан көретіні әзірге белгісіз...

Тағы бір ойда жүрген мәселе, «Көксай» шатқалында су электростансасын салуға өзі сұранып тұрған ыңғайлы, ұтымды орын бар. Ол қазіргі демалыс орнына айналдырамыз деп жүрген орыннан сәл жоғары, 300 метр арырақ өзен бойы. Тау өзені сол екі жақын жартас арасын «тіліп» өтеді. Менің ойымша, ол құрылыс көп қаржыны қажет етпейді. Білгір-мамандардың, жергілікті билік иелерінің қаперінде менің осы ұсынысым жүрсе артық болмас еді. Оны іске қосу үшін, әрине мемлекеттің де мүдделі болып, нақты қолдау көрсетуі қажет-ақ, – дейді Жуалы ауданының орман-табиғатты қорғау шаруашылығының бұрынғы басшысы, тәжірибелі орманшы Әлижан Мұртазаев.

Бір байқағанымыз, «Көксай» демалыс орнына кіру үшін әрбір тынығушы 1 мың теңге, киіз үйге орналасу – 35 мың, сәкі-тапчан – 25 мың, бір бума отын-ағаш – 1 мың, музыка аппараты – 5 мың теңге төлеуі қажет екен. Олардан бөлек, керекті ыдыс-аяқты жалға алу тағы бар. Зер салсаңыз, бұлар – әркімнің қалтасы көтере бермейтін баға. Сондықтан болар, біз барған күні 5-6 киіз үй, он шақты сәкі бос тұрды (мүмкін, ол жолдың қиындығынан болар). Демалушыларды мұндай жоғары, тым қымбат бағамен «үркітіп» алу ықтимал-ау деген ой түйдік. Бұл да ойланатын мәселе...

Ия, ойлап отырсақ, өкінішке қарай, облысымыздың, тіпті еліміздің талай көрікті жерлері халықаралық туризм аймақтарына, отандық демалыс орталығына толық айналмай отыр. Қанша жерден ішкі туризмді дамытып, жандандырамыз десек те, бұл мәселе төңірегінде шешімін таппаған, тіпті, ақсап жатқан іс аз емес. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, әсем табиғатымызды пайдалана алмай отырғанымыздың басты себебі, демалыс орындарымызды үлкен табыс көзіне айналдыратын туризм саясатын әлі де дұрыс жолға қоя алмай отырмыз. Қайсыбір демалыс орнына барсаңыз инфрақұрылымы сын көтермейді. Демалыс орындарының инфрақұрылымын ретке келтіруге жекенің талабымен бірге мемлекеттің қолдауы керек еді. Бірақ бізде көпшілік демалатын орындарға қарағанда, жекеменшік демалыс орындарының жағдайы әлдеқайда оңды (мысалы, Алатау шатқалдарындағы жеке демалыс үйлерін алыңыз). Ал, бізді қызықтырар демалыс орындары орта кәсіпкерлерге тиесілі болып қалады. Олар болса, елдің іші-сыртынан демалушылардың келуіне толық шарт-жағдай жасай алмай отырғаны тағы бар.

Біз жоғарыда сөз еткен аймағымыздағы көрікті табиғаттың інжу-маржаны Меркі, Көксай туралы аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Өкініштісі, сол керемет табиғат сыйын ретін тауып, ішкі туризмге, жөнді демалыс орындарына айналдыра алмай отырғанымыз. Мемлекетіміздің ішкі туризімді дамыту бағдарламасына сай қолда барымызды ел-жұртқа жеткізіп, оларды халық игілігіне айналдыра алмай отырғанымыз қынжылтады. Халық қашанда табиғат сыйының игілігін көргісі келеді.

Тағы бір айта кететін мәселе, бізде демалыс мәдениеті дұрыс қалыптаспаған. Өзіміздің көз тартар көркем табиғатымыздың қызығын өзіміз көргіміз келмейді. Қалталылар шетел асып жатса, қарапайым халықтың басым көпшілігі өз ауылының төңірегінен шыға бермейді. Күйбең тіршілікпен алтын уақытымызды, бар мүмкіндігімізді тиімді пайдалана алмай жүргеніміз өкінішті.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, облыстың Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар