1994 жылы айдың-күннің аманында оққа ұшқан Батырханов небәрі 19 жасында бақилық болды. Содан бері сынаптай сырғып, отыз жылға жуық уақыт өтті. Батырдың анасы Қизат Батырханова перзентінің есімі халық жадында мәңгі сақталса дейді.
«Ұлым мектепті бітіре сала әскерге аттанды. Ол мектепте сыныптастары арасында да сыйлы болды. Әдеби кітаптардан бас алмайтын. Ағалары «әлгі оқымысты қайда?» деп іздейтін де жүретін. Сурет салатын, волейболға баратын. Бірақ, тұйықтау еді. Есімде, 11-сыныпты бітірген жылы бір баланың өмірін құтқарып қалды. Қалай дейсің ғой, кешкісін ауруханада жатқан ағасына тамақ апарып келе жатып, саябақ ішінен қашып шыққан балаларды көреді. Сөйтсе, сол жерде біреуді пышақтап кетіпті. Кімдер екенін ұмытыппын. Раджанымның қамқорлығы ғой, топпен бірге ілесе қашпай, жанындағы досы екеуі әлгі жараланған баланы көтеріп алып, жолай кездескен көлікпен ауруханаға жеткізген. Ол әскери борышын өтеуге іргедегі Күршімге барды. Алты айдан соң үлкен ұлыммен бірге барып қайттым. Бір күн қасымда болды. Бұл соңғы көруім екен. Тәжікстанға кетіп қалады деп кім ойлаған?! Ағаларымен ақылдасып, маған айтпаған. Ол жаққа кеткенін білген де жоқпын. Бір сөйлескенімде, «телефонмен сөйлесуге шақырмаңыз, хат жазбаңыз, Алматыға волейболдан жарысқа кетіп барамын. Сол жақта кідіретін болуым керек», деді. Ал, ағаларына «барлық тактикалық жаттығулардан өттім, уайымдамаңдар. Келген соң жоғары оқу орнына құжат тапсырамын», депті. Мен баламның сүйегін үйге әкелгенде ғана оның Тәжікстанда болғанын білдім», – дейді ақ жаулықты ана.
Білуімізше, Тәжікстанда мектеп пен көшеге Раджан Батырхановтың есімі берілген. Ал, біздің елде Қатонқарағай ауылында көше мен түкпірдегі Шындығатайда застава батырдың атымен аталады. Өкінішке қарай, «Халық Қаһарманы» атағын беру туралы ұсыныстар айтылғанымен, әзірге нәтиже болмай тұр. Батырдың сыныптасы Айқын Зелемұратов құрдасының есімін өзі оқыған мектепке беру керек деп есептейді. «Біз ғана емес, қазақ елі Раджандай батырымен мақтануы керек. Р.Батырханов атында дәстүрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрса дейміз. Ал, өзі оқыған мектепке атын берсе, өте орынды болар еді. Бұл ұсынысты халық қолдайды деп ойлаймын», – дейді ол.
Естеріңізде болса, 1993 жылдың қаңтар айында ТМД аумағына үлкен қауіп төнгенін байқағанда мемлекет басшылары шұғыл жиналыс өткізеді. Нәтижесінде шекараны бірлесе қорғау туралы шешім шығып, сарбаздар сапқа тұрады. Тәжік-ауған шекарасында болған ардагерлердің сөзінше, «Қазбатқа» арнайы жауынгерлік дайындықтан кіл мықтылар топтастырылған екен. Өйткені, бақайшақтарына дейін қаруланған әккі содырлармен соғысу айтуға ғана оңай болатыны түсінікті. Тіпті, сол уақытта шекарадан ірі көлемде есірткі заттары өткізіліп, заңсыз әрекеттер жиілей түседі. Тәжікстанның оңтүстік шекарасында оқтын-оқтын оқ атылып, қарулы қақтығыстар орын алады.
1994 жылдың 28 қыркүйегі. Гавюра мен Қарақол лаңкестері бүкіл елді дүрліктіріп тұрған кез. Үкіметтің 30 шақты әскерін тұтқынға алған лаңкестер кешкі сағат бестің шамасында Раджан Батырханов қаруластарымен бекінген елді мекеннің маңынан өтіп бара жатып, комендатураға оқ атады. Олар Киврон шекара заставасына бет алып, Ауғанстан асып кетпек болған. Оны сезген коммендант Анатолий Михеев жеке құрамды көтеріп, содырлардың соңына түседі. Сарбаздар қосымша күш жеткенше лаңкестерді кідіртуді көздейді. Бірақ, бұл кезде кезекшілікке шығып кеткен заставаның сарбаздары Хакимнің содырларымен бетпе-бет келіп қалған. Күштің басымдығын байқаған лаңкестер жолда көлденең тұрған шекарашылардың БТР-ын алмақ болады. Застава бастығы лей-тенант К.Селюк қолға қару алмас бұрын ымыраға келгісі келген. Жанына кіші сержант Р.Батырхановты алып, банда басшысымен сөйлесіп көреді. Көнгісі келмеген содырлар К.Селюкке жұдырық жұмсайды. Жағдайдың күрделеніп бара жатқандығын БТР-дың үстінен байқап тұрған Асқар Қаңтарбаев «доғармасаңдар, пулеметтен оқ боратамын» дегендей содырларға ишарат білдіреді. Содырлар көнген сыңай танытып, алыстай бере Р.Батырханов пен К.Селюкке оқ ата бастаған. Раджан сол сәтте-ақ бесеуін жер жастандырған. Енді бірін сарбаздарға қарай гранат лақтырғалы тұрған жерінде сұлатып түсірген.
Застава бастығының автоматы істен шығып, аңтарылып қалған сәтте лаңкестердің бірі оны таяп барып атып тастамақ болады. Оны байқаған Раджан автоматты соған кезейді. Қарсылас та қарап тұрсын ба, атқан оғы Раджанның жамбасына тиіп, күре тамырды үзіп өтеді. Жас жігіт жараланса да атысты тоқтатпайды. Осылайша, лаңкестердің сарбаздарды жайратып тастауына мүмкіндік бермейді. Дұшпандар әлсіреген кезде К.Селюк өмірін құтқарып қалған қаруласын арқалап, майдан даласынан алып шығады. Алайда, тікұшаққа жеткенімен, 19 жастағы кіші сержант Р.Батырханов көз жұмады.
– Сол сұрапыл күндерді еске ала бергім келмейді. Әйтеуір 1993 жылы Алматы облысында жас жауынгерлердің курсынан өттім. 1994 жылы өз еркіммен тәжік-ауған шекарасын қорғауға аттандым. Сол жылдың қыркүйек айының соңындағы соғыс әлі күнге дейін көз алдымда. Мен жоғары жақтағы қаруластарыма оқ-дәрі жеткізіп тұрдым. Сондағы Раджанның көзсіз ерлігіне шын риза болдық. Оққа ұшады деп ойламаған едік. Ол соңғы демі қалғанша лаңкестерге оқ жаудырды, – дейді қарулас досы Нұржан Атишев.
Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі өңірлік департаментінің әскери журналисі капитан А.Жексенбиннің айтуынша, Батырхановтың ерлігі шекара қызметінің маңыздылығын да көрсетеді.
«Көпшілік бұл қызметті елемесе де, ол мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігін қорғауда маңызды рөл атқарады. Шекарашылар өз елінің тыныштығын қорғап, күн сайын қауіп-қатерге тап болады. Олардың жұмысы тек физикалық дайындықта ғана емес, сонымен қатар моральдық беріктікті, қауіпті жағдайларда шешім қабылдай білу қабілетін қажет етеді. 1993-2001 жылдар аралығында қазақстандық шекарашылардың міндетіне тәжік-ауған шекарасының 70 шақырымдық аумағын күзету жүктелген болатын. Раджан Батырханов шекара қорғаушысы қандай болуы керектігінің үлгісіне айналды. Мұндай ерліктер келешек ұрпақ үшін символ болып қала береді. Олар бізге Отанның шекарадан басталатынын еске салады», – деді А.Жексенбин.
Иә, қарша бораған оққа төтеп беріп, ондаған содырды жер жастандырған Раджанның ерлігіне қайран қалмауға болмас. Ендеше, туған елі үшін кеудесін оққа тосып, жанын берген жауынгерге қандай құрмет көрсетсек те көп етпейді. Сонда ғана біздің елден бойында патриоттық рухы басым ұрпақтар шығатыны анық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Нәзікжандылардың белсенділігі артып келеді
- Бүгін, 03:22
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді