Қазақстанның 10 өңірін қамтитын ауқымды білім беру жобасы дарынды жоғары сынып оқушыларына тегін жоғары білім алуға және көшбасшылық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Жоба биыл қыркүйекте басталып, 2025 жылдың маусымында Астанада аяқталады.
Жобаға қатысушылар Beginit білім беру платформасында тегін оқудан өтіп, Алматыдағы көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған оқу лагерьге қатысу және осы әлеуметтік жоба аясында тәжірибе жинау мүмкіндігіне ие болады. Бағдарлама қорытындысы бойынша 6 үздік қатысушы бағалы сыйлықтармен марапатталады. Атап айтқанда, шетелде білім алу, ҰБТ-ға дайындық курстары және компьютерлер сыйға тартылады. Сонымен қатар, 20 финалистке inVision U университетінде тегін оқуға шақыру беріледі. Жобаға қатысу үшін үміткер 10 сыныптың оқушысы болуы тиіс. Сонымен қатар, Карағанды, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда, Тараз өңірлерінің тұрғыны болуы керек. Сонымен қатар, https://beginit.indrive.com сайтындағы анкетаны толтырып, іріктеуге қатысу үшін ата-анасының келісімін алуы қажет. Айта кету керек, жобаның іріктеу турына келіп қатысқан оқушылар ғана келесі кезеңге жіберіледі. Іріктеуден өткен оқушылар 2024 жылдың қарашасында Beginit платформасында оқуды бастайды. Ең үздік оқушылар 2025 жылдың наурызында Алматыда өтетін буткемпке қатысып, көшбасшылық дағдыларды дамытуға арналған интенсивті тренингтерге жолдама алады. Буткемптің қорытындысы бойынша финалисттер анықталып, олар 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында өз әлеуметтік жобаларын жүзеге асырады. Жобаның финалы 2025 жылдың маусым айының басында Астанада өтеді.
Өткен маусымда іріктеу турына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 800-ден астам өтінім түскен. Финалға 37 оқушы шығып, олардың ішінен шыққан 7 жеңімпаз шетелде оқу мүмкіндігін, ҰБТ-ға дайындық курстарын және компьютерлер жеңіп алды. 18 қатысушы inDrive компаниясынан inVision U инновациялық университетіндегі Foundation Year бағдарламасына шақырту алды. Жамбылдық оқушылар да осы қатардан көрініп, түрлі жүлделі орындарды еншілеген болатын. Атап айтқанда, Әлиасқар Сатыбалды, Әлия Сейділда, Анель Құмкай, Балауса Сатымбек және Шамиль Әлиев халықаралық жобаның финалистер қатарына енді. Жоба модулі кезінде қатысушылар Urban Forum Kazakhstan-мен ынтымақтастықта осы «Мектепке қауіпсіз жол» әлеуметтік жобасын жүзеге асырды. Олар жергілікті жерді зерттеп, проблемаларды анықтап, шешімдер дайындап, жергілікті учаскелік депутаттардың, әкімдіктің және БАҚ-тың қолдауына ие болды.
Талас ауданы Қаратау қаласының оқушысы Әлиасқар Сатыбалды пайдалы дағдыларды игеру үшін жобаға қатысуға шешім қабылдаған. «Бұл маған көпшіл болуға, адамдармен тіл табысуды жүргізуді үйренуге көмектеседі деп ойладым» дейді ол. Сонымен қатар, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылынан келген Әлия Сейділда: «Балалар мен билік органдары арасындағы өзара іс-қимыл қоғам үшін оң нәтижелерге әкелетінін көріп отырмыз. Ата-аналар да бізді қолдайды, кейде бүкіл отбасы тапсырмаларды орындайды. Бұл біздің өзара байланысымызды нығайтатын бірден бір жоба», – деді.
Талас ауданының орталығы Қаратау қаласынан қатысқан тағы бір үміткер Шамиль Әлиев көлік ағынына талдау жасап, өзінің жаңалықтарымен бөлісті: «Мен мектепке дейінгі жолдарды, олардың оқушылар үшін қаншалықты қауіпсіз екенін зерттедім және жақсартқым келетін кейбір жайттарды байқадым. Мысалы, автомобильдерден жаяу жүргіншілер жолын бөлетін жарықтандыруды, жиектерді қосуға болады. Біз мектеп басшылығы мен әкімдікке осы мәселелерді шешу бойынша өз идеяларымызды ұсынған кезде, олар біздің пікірімізді тыңдап, тіпті шара қолдана бастады. Біз өзгерістердің қаншалықты тез болатынын көріп отырмыз және бұл бәріміз үшін оңтайлы шешім», – дейді ол.
Айта кету керек, биыл Жамбыл облысынан аталған жобаға қатысу үшін 150 оқушы бақ сынап көрмек. Қатысушылар жоба барысында ҰБТ және өзге емтихандарға дайындықтан бөлек кәсіпкерлік, қоғамдық-әлеуметтік жобалар жасауға дағдыланады деп атап өтті Jambyl Hub менеджері Айгерім Наурызбаева.
– Біз жобаны қолдау мақсатында өз алаңымызда облыстық білім басқармасы және ЖОО-лармен бірлесіп ауқымды іріктеу шарасын өткіземіз. Оған 150-ге жуық 10 сынып оқушылары қатысуы мүмкін деп болжануда. Өтінім қалдырған балалардың арасында турнир ұйымдастырып, үздіктер анықталады. Осы шараның толық ұйымдастырылуына жауаптымыз. Алдыңғы маусымда жамбылдық оқушылар өздерін жоғары деңгейде көрсетті. Араларынан бірнеше жеңімпаз шықты. Биылғы маусымда қатысушы саны көбірек болатындықтан, жеңімпаздардың да көп болатынына сенім артамыз. Жеңімпаз атанып қана қоймай, өз жобаларын сәтті қорғап, алғашқы инвестицияларына ие болады деген үмітіміз бар, – дейді Айгерім Наурызбаева.
Жобаның соңғы кезеңі келер жылдың маусым айының басына жоспарланған. Мұнда 6 жеңімпаз анықталады. Білім алу мақсатымен шетелге сапардың жүлдесі ретінде, бітіру емтихандарына білім беру дайындығына арналған гранттар және компьютерлер ұсынылған. Сондай-ақ, үздіктер болашақта Алматыдағы inVision U by inDrive жаңа инновациялық университетінің студенттері бола алады. Beginit by inDrive бағдарламасы аймақтардағы балаларға бағытталған және оларға қатысу тегін. Оқушылардың сапалы білім алуға және көшбасшылық әлеуетін дамытуға мүмкіндігі бар. Келесі жыл өңіріміздің жастары үшін жаңа мүмкіндіктер әкеледі деп күтілуде. Айта кету керек, Beginit – inDrive компаниясының әлеуметтік-білім беру бағытындағы коммерциялық емес жобасы. 2023 жылдан бастап жоба Қазақстанның аймақтарындағы болашақ әлеуметтік көшбасшыларды тауып, қолдауға бағытталған.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді