«Түркістан» кеңшары қалай ұйымдастырылды?

«Түркістан» кеңшары қалай ұйымдастырылды?
Ашық дереккөз
Уақыт деген шіркін қалай зулайды! Оған ілесудің өзі жеңіл емес-ау тегі. Соған қарамай жылжып өткен жылдар, адымдап кеткен айлар көңіліңде күні кешегідей сайрап, санаңды қытықтап тұрады емес пе? «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?». Бұл – ұлы Абайдың он бесінші қара сөзінен алынған үзінді. Хакімнің сол сөзі ойтамызық болып, киелі Қаратаудың бойындағы Көсегенің Көкжоны атанған өңірде ту сонау 70 жыл бұрын тың игеру кезеңінде ашылған өзімнің туып-өскен атамекенім «Түркістан» кеңшары туралы ой бөлісуді жөн көрдім. Тың және тыңайған жерлерді игеру – биыл құрылғанына 85 жыл болып отырған біздің Жамбыл облысының алтын әріппен жазылған тарих парақтарының бір сырлы дүниесі емес пе?

Иә, биыл 70 жыл толып отырған тың және тыңайған жерлерді игеру бағдарламасы елімізге көптеген жақсы өзгерістер әкелді. Әрине, бүгіндері оны сынап, кері пікір білдірушілер аз емес. Расында да оның пайдасы да, зияны да болғанын мойындауымыз керек. Ол бағдарламаны қабылдау алдында елде, халық арасында даярлық істері жоқ болды десек қателеспейміз. Қазақстанға бірнеше мыңдаған (базбір мәліметтерде 640 мың делінеді) жастар патриоттық сезіммен, партияның ықпалымен, ерекше қайратқа мініп келгенімен, сайын далада еш жағдай жасалмағандықтан (шалғайда шашылып жатқан ауыл араларында жол жоқ, келгендер тұратын үйлер жоқ, техника жетіспейді және де басқа) қиындықтарға кезігіп, таулары шағылғаны мәлім.

Ұлы Отан соғысының зардабынан кейін есін әлі толық жинай алмаған халық соғыс отына оранып, қираған қалаларды, зауыт пен фабрикаларды, кәсіпорындар мен кен орындарын қалпына келтіру істерімен қызу айналысып кетті. Сол сәттерде елді қажетті азық-түлікпен, нанмен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрды. Міне, сол қиын-қыстау кезде КСРО-ның Орталық партия комитеті 1953 жылғы маусым пленумынан кейін КСРО Министрлер кеңесі №1570 қаулысына сәйкес елімізде тың игеру іс-шаралары қолға алынды. Жаңа жерлерді игеру есебінен 1954-1955 жылдарда 13 миллион гектар жер жыртылып, 1955 жылы одан 1100-1200 миллион пұт астық алу жоспарланды. Сөйтіп, 1954 жылы біздің республикада жаңадан 90 совхоз ұйымдастырылса, 1955 жылы оның санын 250-ге жеткізу тапсырылды. Қазақстан аумағына жұмыс күші, көлік құралдарын, құрал-саймандар жұмылдырылды. Осының бәрін үйлестіру, адамдарды орналастырып, оларды азық-түлікпен және тұрғын үймен, мектептер мен емдеу мекемелерімен қамтамасыз ету, мәдени-көпшілік мекемелерінің жүйесін жолға қою қажет болды. 1954-1959 жылдары Қазақстанның тың жерлерін игеруге 20 миллиардтай сом қаражат жұмсалды.

Қазақстан Компартиясы орталық комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесі 1954 жылдың 19 қазанында «Жамбыл облысында жаңа астық совхоздарын ұйымдастыру туралы» шешім қабылдады. Осы қаулыға сәйкес облыс аумағында 249 мың гектар, оның ішінде астық егуге жарамды 126 мың гектар алқапты жаңадан ұйымдастырылатын тың кеңшарларға беру ұсынылды. Сөйтіп Жамбыл облыстық советі атқару комитеті облыс аумағынан 12, Қазақ ССР Совхоздар министрлігі 9 тың кеңшарын ұйымдастыру туралы бастама көтерген болатын.

Жамбыл облысында жер көлемі 249 мың гектар, соның ішінде, астық егуге жарамды 126 мың гектар алқапта жаңадан ұйымдастырылатын 8 совхозды орналастыру белгіленді. Олар Талас ауданында «Қаратау», Сарысу ауданында «Түркістан», Қордай ауданында «Қордай», Луговой ауданында «Подгорный», «Қорағаты», Красногор ауданында «Красногор», Шу ауданында «Шоқпар» және «Далақайнар» кеңшарлары еді. Жаңадан бой көтерген совхоздарға Бүкілодақтық тың игеру екпінді науқанына орай Ресейден, Украинадан, Армениядан, Кавказдан, Өзбекстаннан, тағы да басқа елдерден тың игерушілер келе бастады. Мәліметтер бойынша, сол жылдары Қазақстан жеріне тыңды игеруге келгендер саны 640 мыңнан асыпты (базбір мәліметтер бойынша, тың игеруді желеу етіп елімізге 2 миллионға жуық орыстар, украиндар, т.б. ұлт өкілдері көшіп келіпті). Олардың арасында білікті агроном-ғалымдар, инженерлер, құрылысшылар, механизаторлар, жұмысшылар бар еді. Жастықтың оты жалындаған, қиял қанатына мінген жігерлі дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері де аз болмады.

Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары Жамбыл облысындағы кеңшарлар саны 6 есеге ұлғайған. Жамбылдық диқандар әр гектарынан 19,1 центнер дән жинады. Сол жылдары қамбаға құйылған астықтың жалпы көлемі 1 миллион 163 мың тонна болған. Облыстық мұрағаттағы мәліметтерге қарағанда, 1978 жылы облыс совхоздарының қарауында 622 мың гектар жер болды. Оның 100 мың гектарына астық дақылы себілді. Олардың трактор-машина шеберханаларында 1300 трактор, комбайн және автомашина шоғырланды.

Жамбыл облысында тың және тыңайған жерлерді игерудің барысын Сарысу ауданындағы Көсегенің Көкжонындағы «Түркістан» тың совхозының көрсеткіштерінен, тыныс-тіршілігінен байқауға болады. Бір ғана «Түркістан» тың совхозы 1955 жылы 23 мың центнер астық өндірсе, 1978 жылы бұл көрсеткіш 162 мың центнерге жетіпті. Иә, барлығы қалай басталып еді? Уақыт тереңіне кеткен тарих не дейді?..

КСРО Министрлер кеңесінің 1954 жылғы 14 қазанда «Запасқа шығатын әскери қызметкерлерді ауыл шаруашылықтарында пайдалану туралы» арнайы қаулысы шықты. Сол қаулыға сай 85-90 мың әскери қызметші жаңадан ұжымдасып жатқан кеңшарларға жолдамамен жіберіліп жатты. Орта Азиядағы Түркістан әскери округінде азаматтық парызын өтеген солдаттар, офицерлер Сарысу ауданында жаңадан ұйымдастырылып жатқан жаңа шаруашылықты тікелей шефтік қамқорлыққа алды. Сондықтан жаңа шаруашылыққа «Түркістан» аты берілді (қазір оның бұрынғы орталығы Андреевка ауылы мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы тау инженерлерінің бірі Әшір Бүркітбаевтың атымен, ал шаруашылық Түркістан ауылдық округі деп аталады). Көкжон өңіріндегі Үшбас, Октябрь, Қаратас, Арыстанды, Дихан, Жданов колхоздары біріктіріліп, 1954 жылы астық өндіретін «Түркістан» тың совхозының іргесі қаланды. Тың игеруге келген жастар шатыр-палаткалар қойып, болашақ үйлердің қазығын қағып, құрылыс қызу басталып кетті. Кілемдей құлпырған жазықтар мен қыраттарға түрен түсіп, шынжырлы ауыр темір тұлпар-тракторлар соқаларын сүйретіп сан ғасыр бойы тыныштық құшағында жатқан бай, шұрайлы өлкені абыр-дабыр қылды. Запасқа шыққан солдаттармен бірге техника, әскери шатырлар, көшпелі монша, асхана, үлкен су, жанар-жағармай құятын ыдыстар, құрылыс материалдарын жеткізді. Олар «Түркістан» кеңшарында 1955 жылдың жазында бір көшенің бойында 2 пәтерлік 6 үй, 4 пәтерлік 12 ағаш үй тұрғызды.

Шынын айту керек, алғашқы тың игерушілер қатарында энтузиазммен қанаттанған таза жүректі беделді коммунистер мен арман қуған комсомол жастар көп болды. Олармен қабаттасып Ресейде, Белоруссияда, Украинада сенделіп жұмыс таппай жүрген тоғышар жастар, түрмеден шыққан, ойдан-қырдан қашқан берекесіз жандар да жиналды. Несін айтамыз, «тың көтереміз» деген ұранға елеңдеп, үн қосқан арманшыл жастар Қазақстанға жүздеп, мыңдап, бүкіл состав болып әр республикадан ағылып келіп жатты. Елсіз далаға шатыр-палаткалар тігіліп, алғашқы үйлердің қазығы қағылып, құрылыс қызу басталады. Сайын даладағы бозторғайлар әніне сандаған тракторлар мен автокөліктер моторларының үні қосылып, кең даланы әсерлі сазды симфонияға бөлеп, әнмен тербеп, тың игеру жұмысының көрігін қыздырады.

Оңтүстік өңірге келген сапарында «Көкжонда тың совхозы құрылды» дегенді естіген Мұхтар Әуезов: «Ой, бәлі, Оңтүстіктегі тыңды өз көзіммен көрейін», – деп шалғайдағы қазіргі Сарысу ауданына келеді. «Түркістан» ауылына асатын ең биік «Ақырқа» асуына бірер сәт аялдап, жан-жаққа көз салып, шырайлы табиғатына сүйсініп, ерекше әсер алыпты, жарықтық.

Әрине, жаңа құрылған кеңшарлардың жұмысы бірден жөнге келіп, реттеліп, жақсарып кетті деу қателік болар еді. Тың игерушілер алдында көптеген қиындықтар тұрды. Ол туралы Мұхтар Әуезов «Түркістан» солай туған...» атты очеркінде жақсы, шынайы, әсерлі суреттеген.

Жамбыл облысының мемлекеттік мұрағатындағы облыстық «Сталиндік жол», Сарысу аудандық «Социалистік шаруа» газеттерінің 1955 жылғы тігінділерін ақтарып, сол жылдары Сарысу ауданын басқарып, Мұхаңның қасында бірге болған ардагер ақсақал Аман Алпысбаев ағамызбен ертеректе жолықтық. Аман ағамыздың айтуынша, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Сарысу ауданына 1955 жылдың жаз айында келген. Ол кісінің қасында облысты аралатуға Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары Ғарипжан Досымбеков, облыстық газеттің редакторы Ғайса Сармұрзин жүріпті. Құрметті қонақты Сарысу ауданының басшылары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шаймардан Қалдыбаев, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Аман Алпысбаев, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Иген Нұрмаханов, аудан прокуроры Оспан Сауранбаев мөлдір сулы көгілдір «Көлме» көлінің тұсында қарсы алып, біраз күн елді аралатқан. «Түркістанның» егін алқабында Мұхаң ел-жұртпен әңгімелесіп, елдің жай-күйімен танысқан.

– Қазақты әлемге танытқан заңғар жазушы 1955 жылы іссапармен Көкжонға келді. Қаламгерді аудан және ауыл басшылары Шолақтаудан келетін қара жол бойында, Ақтоғай ауылына таяу «Көлме» көлінің тұсында күтіп алды. Сүліктей қара «ЗИМ» машинасы келіп тоқтай қалғанда, дүйім халық алға лықсыды. Машина есігі ашылып, көліктен жымия күліп Мұхаң түсті. Қасында облыстан ерген бірнеше қызметкер бар. Ұлы жазушыны көруге, қолын алып сәлемдесуге келген халықта қисап жоқ. Көпшіліктің өзіне құрметін, көңілін сезінген жазушы қол созғандардың бәрімен сәлемдесіп жатыр. Жиналғандарға ризашылық сезімін білдірген Мұхаң, тың игерушілерге деген партия мен қоғамның қамқорлығы, жалпы Үкіметтің оларға деген саясатын қоңыр, әуезді үнімен қысқаша баяндап берді. Адамдарға шапағат шаша қарайтын мейірімді көзі, парасаттылығы, терең білімділігі, ұлағатты сөздері көпті тәнті етті. Содан кейін аудан басшыларының бастауымен шырайлы Үшбас ауылының тұсындағы Шірімбет сазына тігілген ақшаңқан киіз үйлерге бет алды, – деп еске алатын еді марқұм Аман Алпысбаев ағамыз.

Сол сапарында жазушы үш күн Жон өңірінде болып, шаруашылықтың басшылары мен еңбеккерлермен кездесіп, егінжай мен дала қостарында болып, мән-жаймен танысып, жүрген жерлерінің аттарын, тіпті, сол аймақта өскен шөптердің, аң-құстардың түрін асықпай ақ қағазға түсіріп, тау-қыраттарды аралап, ой түйген. Мұндағы шыбынсыз қоңыр жаздың, табиғаттың сұлулығы мен кереметтігіне іштей риза болған қаламгер ауылдың көнекөз қарияларымен ұзақ әңгімелесіп, Көкжонның көрікті тау шатқалдарын тамсана аралапты. «Бәйдібек» сазындағы суы мол бұлақтарды, бітік өскен көк шалғыннан ат сүрінгенін көріп, оның төңірегіндегі әсем табиғатқа тамсана қарап, ерекше әсерге бөленіпті.

Сол тұстағы ауыл ағалары Жұмағұл Ахатов, Қуанышбек Қосымбеков, Әшірқұл Исабеков, Сабырбек Бекпенбетов, Қыдырәлі Борсықов, Дәулетер Байшораев деген көзі тірі аталарымыз жазушымен бірге жүріп, ел аралатқан, жер танытқан, берекеге толы өңірді тамашалатқан екен. Мұндағы шыбынсыз қоңыр жаздың, табиғаттың сұлулығы мен кереметтілігіне іштей риза болған қаламгер ауылдың қарияларымен ұзақ әңгімелесіп, егіншілердің дала қосында болып, механизаторлармен пікірлесіп, киелі Қаратаудың көрікті тау шатқалдарын аралап таң-тамаша болыпты. Елмен, жермен, жастардың ерен еңбегімен танысып, дидарласып отырып:

– Мен еліміздің тарихының алтын бесігі атанған киелі Қаратаудың құдіретіне таңғалудан ажырай алмай келемін. Біле-білгенге оның әр қойнауы толған сыр екен. Сай-саласы мың бұлақ, шөбін тартсаң су шыққан құтты өлке екен, пәлі. Осы бір жүрекке жақын өңірді аралай жүріп жүз роман оқығандай болдым. Анау Жон өлкесіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауыл төбелер, Созақтағы Бабата, Құмкент, Шолаққорған, Түкті Әзиз баба әулие... бәрі-бәрі құпиясын ішіне бүгіп жатқан тылсым дүниелер. Ашып қалсаң талай тарихқа кенелер едік, шіркін! Қолды бір босатып алып, зерттер ме еді?! Жазатын, зерттейтін дүние жетерлік екен...», деп армандай аттанған екен сұңғыла қаламгер бұл тарихы толық ашылмаған, жұмбаққа толы өңірден. Бірақ, «Көсегенің Көкжонын, Үшбас аймағын тағы бірде асықпай қона жатып араласам» деген заңғар қаламгердің ойы орындалмай қалды. Сірә, Мұхаңның бұл арманын іске асыруға уақыт тапшылығы қолбайлау болған шығар.

«Сол біздің өңірден алған әсері мен шабытын суытпай, облыс орталығындағы «Еңбек туы» (қазіргі «Аq jol») газетінің редакциясына барып, «Түркістан солай туған» очеркін диктовкамен жазып, оның бір данасын облыстық газетке беріп, Алматыға аттанып кетіпті. Көп уақыт өтпей ол очеркі республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, сол жылы «Әдебиет және искусство» журналының он екінші нөмірінде жарияланады. Кейінірек шығарма көптомдық кітаптарының 7-ші томына енгізілді. Сөз етіп отырған очеркте келтірілген кейіпкерлердің көбі бізге таныс есімдер, ал біразының аты-жөндері өзгертіліп алынған. Мысалы, совхоз директоры, мәскеулік коммунист Григорий Струков – Алексей Строгов болып, аудандық партия комитетінің хатшысы Шаймардан Қалдыбаев – Мардан Сандыбаев болып аталса, механизаторлар Новиков, Матаев, Ткаченко ағайынды Флиглер, комсомолдар, танкист Целигородцев, Кокарев, Попов, Анатолий Поправко өмірдегі өз аты-жөндерімен аталған», – деп отырушы еді көп жылдар Сарысу ауданының басшыларының қатарында болған ағамыз, марқұм Қуаныш Пәрімбеков.

Өткен-кеткенді ой таразысынан өткізіп, ой-қиялға еріксіз орын бересің кей сәттерде. Сонау тың игеру жылдарындағы осы өңірдің қыс көрінісін Мұхтар Әуезов:

«Жон үсті жақында жауған қарын қуғылайды. Алыс жиек қана емес, жақын жерлердің өзінде де ирек-ирек күртіктер үстінде түтіндей, құйындай бұралып шалқи түсіп, жаяу боран – ақ жорға жүре бастады.

Күн анық аязды, желді борасынға айнала берді. Жонның қарының да бұрынғыдан әлдеқайда қалыңдай түскенін Новиков түйілген қабақпен алыстап келеді. Айқын жол жоқ. Бұларды бастап келе жатқан бірер машинаның ескі сүрлеуі ғана. Ол кей жерлерде боран астында басылып қалады. Кей тұстарда омырылған томар-томар қар кесектерін, үлкенді-кішілі қиыршықтарын көрсетіп қояды. Кешке де, таңғы елең-алаңда да, қазіргі жаяу боранда да жат жолдағы жатырқағыш жолаушы-тракторшыны бастап келе жатқан соқыр жол осы.

Жон енді біразда кей тұстарда жақпар тастарды, қатпарлы қатар төбелерді, сирек бұталарды жиілетті. Боран қара тастан да, қалтылдаған тікенді шеңгелдің үсті-басынан да, бауырынан да ұйытқып өтіп жатыр. Новиковтің көзі тек қана алда, соқыр жолда болатын»..., – деп суреттейді «Түркістан солай туған...» шығармасында.

Одан бері міне 70 жылға жуық уақыт өтсе де бұл аймақтың қыс көрінісі тура баяғыдай, көп өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Жазы жайдарлы, шуақты болғанымен, қысы қытымыр, боранды. Өмір тынымсыз жалғасып жатыр...

Қазыналы Қаратау жоталарында фосфор кен орындары ашылып, бүгіндері еліміздің және де басқа елдердің ауыл шаруашылықтарын қажетті фосфор тыңайтқыштарымен қамтамасыз етіп отыр. Тау қыраттарына жарыса орнатылған сандаған жел генераторлары бір сәт тынбай зыр айналып, аймақты энергиямен қамтамасыз етуде.

...Қарт Қаратаудың қыр арқасы бойында керіле созылып Көсегенің Көкжоны жатыр. Ол туралы деректер ту сонау ерте ықылым заманнан белгілі. Тіпті, нешебір аңызға бергісіз қызықты мәліметтер бар. Мысалы, сақ патшайымы Томирис ту сонау ерте-ерте заманда осы Көкжонда ел билеген жақын басшыларымен келелі кездесу өткізіп, Кир патша бастаған Персінің жер қайыстырған әскерін қай маңда қарсы алып, соққы беруді ақылдасыпты деген ескіден қалған аңыз әңгіме бар. Болса-болған шығар... Көкжон Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір.

Кезінде Мұхтар Әуезовтің шығармасына арқау болған осы өңірдегі Түркістан ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, ахуалы көз қуантарлық. Жазушының шығармасындағы кейіпкерлер бүгіндері бақилық болғанымен, олардың ұрпағы өсіп-өркендеп, баянды өмір сүріп, еліміздің гүлденуіне, экономикамыздың дамуына барынша өз үлестерін қосып жүр.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының докторы, профессор, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар