«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулиеата өнімдері Астанаға бет алды

Әулиеата өнімдері Астанаға бет алды
Ашық дереккөз
Күз келгелі облыста азық-түлік жәрмеңкесі де қыза түсті. Шаруа қожалықтардан тікелей жеткізіліп жатқан табиғи өнімдерге тараздық тұрғындар дән риза. Ал, кеше жамбылдық өндірістік кооперативтер мен шаруа қожалықтың өнімдері Астана қаласына жөнелтілді.

Астана қаласына баратын өнімдер Тараз шаһарының Асанбай Асқаров көшесінің аяғындағы орталық базардан бірнеше «КамАЗ» көлігіне тиелді. Тараздық «Мирас» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Ермек Ділдабеков: «Жалпы, облыстан белгіленген азық-түлік өнімдерін Астана қаласына 14 «КамАЗ» көлігімен жеткізу көзделіп отыр. Қазір Шу, Қордай аудандарында да «КамАЗ» көлігіне жүк тиеліп жатыр. Жуалылықтар жәрмеңкеге картоп өнімдерін апарады. Біз сол көліктерге тиелген жүктің бас қалаға жақсы жетуіне жауаптымыз», – деді.

Ал, Талас ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Құдиярхан таластық шаруа қожалықтардан 4,5 тонна ет өнімдері, 5 тонна қарбыз, 5 тонна алма, 500 килограмм асқабақ, 100 килограмм құрт пен қауыншек жеткізілгенін айтса, Жамбыл ауданынан да 3 тонна жылқы, сиыр, қой еттері, 500 килограмм шұжық, 25 тонна көкөніс, жеміс-жидек, 15 мың дана жұмыртқа дайындалған. 22 шаруа қожалық өз өнімдерін ұсынып, үлес қосқан. Мұны бізге Жамбыл ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Амангелді Әбдібеков айтты.

Талас ауданы, Кеңес ауылдық округінің әкімі Әділет Әмірбеков ет өнімдерінен бөлек, қымыз, шұбатқа дейін артылып жатқанын айтты. Облысымыздағы санитарлық тазалық саласына жауапты департаменттің тамақтану объектілерін қадағалау бөлімінің басшысы Жандос Иманбеков сатушылардың қолына киетін қолғаптары мен киімдерінің, тамақ өнімдерінің талапқа сай болуын қадағалап жатқанын айтты. Ал, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов: «Астана қаласында өтетін ауыл шаруашалық жәрмеңкесіне Тараз қаласы және 10 аудан атсалысып жатыр. 33 тонна ет, 4 тонна шұжық өнімдері, 200 тонна көкөніс, бақша өнімдері жөнелтіледі. Көкөніс пен бақша өнімдеріне Шу ауданының ерекше атсалысып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұйырса, біздің өнімдер астаналықтардың көңілінен шығады деген сенімдемін», – деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар