Кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Қайшыбекұлы биыл тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп 2024-2025 жылдарға облыстық, аудандық және елді мекендердің автомобиль жолдарында қозғалыстың шектелуі кезіндегі өзара іс-қимыл бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілгенін атап өтті. Жол картасына сәйкес 1 қазанға дейін автожолдарды қысқы күтіп ұстау үшін мердігерді анықтап, қажетті инертті материалдар қорын әзірлеп, өндірістік базалары мен бокстарды қыс мезгіліне дайындап және осы бағытта басқа да жұмыстарды жүргізу қарастырылғанын айтты.
Жалпы, жергілікті маңызы бар жолдарды 2024 жылғы қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 380,8 миллион теңге бөлінген. Жол басқармасы, аудан және Тараз қаласы әкімдіктері тарапынан 22 мердігермен шарт жасау жоспарланып, 224 бірлік техника жұмылдыру көзделген. Бүгінгі таңда көше желілерін күтіп ұстауға облыс көлемінде 17 770 тонна құм, 1755 тонна тұз секілді инертті материалдар қажет. Ал, қазір өңірге 10 700 тонна құм және 765 тонна тұз жеткізілген.
– Биыл республикалық меншіктегі 52,5 шақырымды құрайтын 15 канал механикалық тазаланып, 9 гидротехникалық құрылыстар ағымдағы жөндеуден өткізілді. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен 39,7 миллион теңгеге коммуналдық меншіктегі 9 су қоймасы жөндеуден өтуде. Облыс бойынша 4 қалада жалпы 1831 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі күнге тұрғын үй қорында жалпы 898 басқару органдары құрылған, оның ішінде 23 пәтер иелері кооперативтері, 252 мүлік иелерінің бірлестігі және 623 қарапайым серіктестік болып тіркелген, қалған 933 тұрғын үй жекеменшік кондоминиум нысаны болып табылады. «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес, Жамбыл облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары негізінде барлық тұрғын үйлердің меншік иелерімен өздеріне тиесілі аумақтарын уақтылы қар мен қоқыстан тазартып, шатырлар мен су құбырларында қатқан мұздың құлауын болдырмау үшін түсіндіру жұмыстары қыс маусымында тұрақты түрде жүргізіледі. Қазіргі таңда қала және аудан әкімдіктері меншік иелерімен түсіндіру жұмыстарының кестесі бекітілуде, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Баяндамадан соң облыс әкімі жауапты сала мамандарынан қысқы мезгілге дайындық барысын пысықтады. Қыс қателіктерді кешірмейтінін ескертіп, кейбір мекемелерге қажетті жанар-жағармай мен инертті материалды сатып алу мәселесін жеделдетуді тапсырды. Әрі қарай облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының міндетін атқарушы Дамир Тұңғатов коммуналдық мекемелердің алдағы мезгілге дайындық барысы бойынша есеп берді. Жауапты маманның сөзінше облыс нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындығын қамтамасыз ету үшін іс-шаралар жоспары мен облыстық штаб жұмысының кестесі бекітілген. Жоспарға сәйкес штаб отырысы ай сайын өтуде, бүгінге 7 штаб отырысы өткізілген.
– Облыста 9 негізгі жылу энергетика кешендері және 593 автономды қазандықтар бар, олармен 1737 әлеуметтік нысандар мен 1 649 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына жалпы 26,8 миллиард теңге қаралған, оның ішінде кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары мен тарифтік сметасы есебінен 11,6 миллиард теңге бюджет есебінен 15,5 миллиард теңге бөлінді, – деді Дамир Сейсенбекұлы.
Алдағы кезеңдегі түйткілді мәселелер сөз болған кеңес отырысында Ербол Қарашөкеев салаға жауапты мамандарға қыста орын алатын қолайсыздыққа ертерек қам жасап, былтырғыдай олқылықтарды болдырмау керектігін баса айтты.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді