«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

АЭС жобасы – экологиялық тұрғыда қауіпсіз

АЭС жобасы – экологиялық тұрғыда қауіпсіз
Ашық дереккөз
Атом электр стансасы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде Халықтық штаб өкілдері өңір-өңірлерде атом энергетикасын дамыту мен атом электр стансасын салу жайында кездесулер ұйымдастыруда. Мақсаты – АЭС туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту, олардың көкейкесті сауалдарына жауап беру.

Кеше Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов бастаған АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық Халықтық штаб мүшелері: Ерсін Сариев, Серік Жетібаев, Дәурен Ахметжаев, Андрей Савченко, Анар Досымабаева және Жанат Бастаубаева тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізді. Штаб мүшелері әуелі облыстық наркологиялық диспансерінің ұжымымен кездесті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйек күні халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының әрбір бағытын кеңінен талқылап, 6 қазан күні өтетін атом электр станциясын салу жөніндегі референдумның маңызы кеңінен айтылды.

– Жалпы, біз қазіргі таңда біліктілік заманында өмір сүріп жатырмыз. Сол себепті, өзіміздің индустриямыздың да болуы аса маңызды. Өзге жұрттың кәсіби мамандарымен бәсекелестікке түсе алатын мамандар болуы тиіс. Сондықтан, атом электр стансасы отандық ғылымның дамуына зор үлес қосады деп есептеймін, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Бұдан кейін, Тараз қаласындағы №5 аумақ тұрғындарымен кездесуде штаб мүшелері осынау жауапты да күрделі мәселеге қатысты өз ойларын ортаға салды. Үгіт-насихат жұмысы барысында жұртшылыққа бұл бастаманың еліміздің экологиялық қауіпсіздігі мен экономикалық тиімділігіне, сондай-ақ отандық энергетика саласындағы стратегиялық мәніне баса мән берілетіні сөз болды. Штаб мүшелері АЭС салу елімізді энергияға деген тәуелділіктен арылтып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға серпін беретінін алға тартты.

– Қандайда болмасын тың бастамаларды бастамас бұрын сарапшылардың пайымды пікірлерін басшылыққа алатынымыз ақиқат. Мемлекет басшысы АЭС салу туралы бастама көтерерде сарапшылардың ойын назарға алып, шешімді халықтың өзіне тапсырып отыр. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, экономикамыздың тұрақты дамуы үшін генерация саны өсуі керек. Жоспар бойынша Қазақстанның 2030 жылға дейінгі генерациясын екі есе ұлғайту мәселесі тұр. Сол бойынша бірқатар жұмыс істеліп жатыр. Оған газ қондырғыларын салу, ЖЭО-ларды жаңарту кіреді. Оның ішінде, АЭС салу да бар. Экономикада АЭС ең арзан және қоршаған ортаға зияны аз технология, – деді Дәурен Ахметжаев.

Сондай-ақ, бұл күні штаб мүшелері «Казфосфат» серіктестігі және Тараз қалалық №7 емхананың, Абай атындағы кітапханасының қызметкерлерімен жүздесті. Іс-шара барысында атом электр станцияларының қажеттілігі қарапайым тілмен түсіндірілген олар АЭС салу елімізді энергияға деген тәуелділіктен арылтып қана қоймай, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға серпін беретінін алға тартты. Штаб мүшелері өз сөздерінде атом электр станцияларының қоршаған ортаға зияны жоқ екенін, керісінше, бұл жобаның экологиялық тұрғыда қауіпсіз екенін баса айтты. Ал, «Сенім» бастауыш партия ұйымының өкілдері және «Анаға тағзым» орталығының қызметкерлері қатысқан жиында сайлаушылардың да ой-пікірі ескеріліп, олардың сұрақтарына толыққанды жауап берілді. Басқосу соңында елдің экономикасы мен әлеуетін көтерудегі маңызды шешімді қабылдауға біркісідей атсалысуы жөнінде нақты айтылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар