Мектептердегі интернет жылдамдығы жақсаруда

Мектептердегі интернет жылдамдығы жақсаруда
Ашық дереккөз
Күн сайын жаңарған бүгінгі техника ғасыры жас ұрпақты оқытып, тәрбиелейтін мекемелердің жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылуын талап етіп отыр. Бұған, әсіресе онлайн сабақ режимі кезінде қажеттілік артқан болатын. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, биыл облысымыздың 53 мектебі «Starlink» желісіне қосылды.

Облыстағы 445 мектептің барлығын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін биыл 635887709 теңгеге келісімшарт жасалған. Соның ішінде 12 мектеп секундына 20 мегабитқа дейінгі, ал 433 мектеп секундына 20-150 мегабит жылдамдықта қосылған.

Облыстық Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаевтың айтуынша, бүгінде интернет жылдамдығы төмен 12 мектептегі бұл жағдайды көтеру үшін облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп техникалық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр.

– Өткен жылы облыста 281 мектеп секундына 20 мегабит жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілген. Ал, 165 мектептің интернеті секундына 20 мегабиттен төмен болатын. Осы мектептерде интернет жылдамдығын көтеруге техникалық мүмкіндіктер қарастырылып, жергілікті бюджеттен қосымша 61,8 миллион теңге қаралған. 50 миллион 95 мың теңгеге келісімшарт жасалып, 142 мектептің интернет жылдамдығы көтерілді. Өткен жылдың соңында қосымша қаржы есебінен интернет жылдамдығы жоғары мектептер саны 423 болса, биыл 433 мектепті құрап отыр. Қосылу технологиясына қарай айтсақ, оптикалық байланыс (ВОЛС) – 247 мектепте, АДСЛ (ADSL) – 11 мектепте, радио байланыс (РРЛ) – 133 мектепте, спутник құрылғысымен – 1 және Starlink құрылғысымен 53 мектепте интернет жақсартылды. Осы «Starlink» пилоттық жобасына Байзақ ауданында 10, Жуалыда 14, Қордайда 13, Мойынқұмда 7, Т.Рысқұлов ауданында 1, Сарысуда 3, Таласта 2, Шуда 3 мектеп енгізілді.

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамымен 71,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Бүгінгі күні 53 мектептің барлығына құрылғылар орнатылып, интернет жылдамдығы секундына 150 мегабит жылдамдықпен қамтамасыз етілді. Мектептерге жеткізілген интернетті кабинеттерге, яғни мұғалімдердің жұмыс орнын интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Транстелеком» акционерлік қоғамы екі ай көлемінде жергілікті желілерді қалыпқа келтіру бойынша тегін зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 1 миллиард 412 миллион теңгенің қажеттігін анықтап берді, – дейді Сағадат Жұматұлы.

Мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын қадағалау мақсатында облыс әкімдігінің цифрландыру және архивтер басқармасы, білім басқармасы және «Новые технологии – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған меморандум негізінде Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов аудандарындағы 5 мектепте және Тараз қаласындағы 5 мектепте NetXMS платформасын пилоттық режимде қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар