Ғалымдар жайлы сыр шертпес бұрын олардың ата-аналары туралы аз ғана айтып өтсек артық болмас. Елімізге белгілі ғалымдардың қандай білім алғаны, қандай ортадан шыққаны да қызық. Үлкендердің тағылымды өмір жолы – есте сақтап жүрер өнеге.
Ол замандағы жігіттің қалыңдық таңдап, бас құрауы да бөлек болған ғой. Төленбай деген кісі өзіне қалыңдық іздеп, інісі Төкебай екеуі Билікөлді жағалап отырған қыпшақ, шымыр ауылдарына аттың басын бұрады. Олардың көзіне ең әуелі 12 қанат ақбоз үй түседі. «Ассалаумағалейкум» деп кіріп барса, үйде 15-16 жастағы қыздан басқа ешкім жоқ екен. Жас қыз қонақтарды қабылдап, қой сойғызып, дастарқан жаяды. Етке қамырды өз қолымен илеп салады. Сол қыз – Рыскүл Иланбайқызы еді. Беріректе әжеміз өз балаларына: «Әкелерің мені илеп, жайған қамырым үшін алған», – деп күліп, айтып отырады екен. Рыскүл әже – Иланбай байдың 15 ұл-қызының бірі.
Тағдыр есті адамдарға үйіп-төгіп сынақ беретіні тағы бар. Кезінде есепсіз дәулеті болған байдың қызы Рыскүл Төленбаймен шаңырақ құрып, енді жарасымды ғұмыр кеше бергенде дүние тағы астаң-кестең болады. Төленбай ауырып өмірден озады. Төленбай екеуінен Жезбала, Сауранбай деген перзенттер қалады. Дегенмен, жесір атанған Рыскүл өмірдің қаталдығына мойымапты.
1929 жылы Төленбай әулетінің де мал-мүлкін қаттап, Кеңес өкіметі тәркілейді. Тәркіленген байларды итжеккенге жер аударады екен деген сөз тарайды. Рыскүл өте салмақты, ақылды, бірбеткей, көп сөйлемейтін, еңбекқұмар, қайратты, айтқанынан қайтпайтын адам еді. Ақыл парасатына, кеңпейілдігіне, бауырмашылдығына ел тәнті болады екен. Рыскүл 1929 жылы күзге қарай үш баласын, бір сиыр, бір түйе, бір биеге азын-аулақ үй жабдықтарын артып, түн ортасында Қырғызстанның Талас өңіріне қарай жылыстапты. Рыскүлге мұнда рахат тұрмыс қайдан болсын. Кеңшарда жұмысшы болады. Балалары ашқұрсақ жүрсе де сынаққа сынбайды.
Осылай бейнет кешкен Рыскүл балаларын елге апарып қосуды бір сәт ұмытпайды. Оңашада ауыл жақты аңсап, көзінің жасын сығып алады екен. Алайда, отызыншы жылдың басында қазақ жерін ашаршылық алапат жайындай жайлап, жыландай жалмап жатты. Сіңіріне ілініп, құр сүлдері қалып, елде қаншама адамның қынадай қырылғаны белгілі. Тек отыз төртінші жылдың ортасында жағдайдың беті бері қарағаны туралы хабар жиі естілетін болған.
Содан бір күні Асылбек деген жанашыры «Қазақстанда жағдай жақсара бастады. Өздерің көріңдер. Кеше уәкілдер келіп, мал-мүлікті қаттап, кәмпескелеуге дайындап кетті. Қазақстандағы күн бізге енді туатын түрі бар. Сондықтан елдеріңе қайтқандарың орынды болады», – деді.
«Енді күніміз не болады?», – деп әрең отырған Рыскүл мынау хабардан кейін, тәуекел деп Әулиеатаға қарай жол тартты. Дүние-мүлік дейтін не бар. Анау-мынау ескі-құсқы түйіншектерін түйеге артып, сиырды жетектеп Бесағаштағы диірмен маңына келіп орналасады.
Рыскүл ары-бері ойланып, Гродиковода жетім балаларға арналып ашылған балалар үйіне баласы Сауранбайды тапсырады. Онда жағдай анау айтқандай ауыр емес. Балалар асыр салып ойнап жүр. Әрі мектепте оқуға болады. Сөйтіп жүргенде сынаптай сырғып екі жыл өтеді. Анасы Сауранбайға жаны шыдамай апта сайын келіп тұрады.
Ол жылдардың барлығы ауыр еді. Жылжып 1936 жылдың қыркүйек айы басталады. Төңіректе мектеп жоқ. Сауранбай қазіргі Тараздағы Жамбыл мектебінің үшінші сыныбында оқиды. Қашық. Көлік жоқ. Рыскүл Жезбаланы да сол мектепке оқытқысы келеді. Сонда қайнысы Бекболат «қыз бала оқып, Сталин болмайды», – деп Қапалдағы бір шалға әйел үстіне бермек болып, қалың малын алып қызды ұзатпақшы да болған екен. Рыскүл бірбеткей, қайсар, қайратты еді. Жезбаланы оқытуым керек деп, екі көрпе, бір текемет, екі жастықты арқалап, Сауранбайды жетектеп, таңға жуық Қарымсақ ақсақалдың үйіне алып келеді.
Рыскүл мен Жезбала 1000 дана саман-кірпіш құйып, Қарымсақ қарияның дәлізінен бір бөлмені бөліп алып, оған темір пеш орнатып, сонда біраз жыл тұрады. Жезбала Жамбыл мектебінің үшінші ересектер сыныбында оқыды. Өзі сауатсыз болса да Рыскүл көзінің ағы менен қарасындай екі перзентін ешкімнен кем қалдырмай, жақсы мектепте оқытуға бар күшін салды. Себебі, өзі сауатсыздықтың азабын әбден тартқан еді. Біз Рыскүл әженің өмірін, қиын сынақты жеңген өжеттігін әдейі баяндап отырмыз.
Сол Рыскүл сауатсыз болса да, екі баласы қиналмасын деп бейнет кешіпті. Кешегі байдың қызы болып, алтынға малынған дәуренін ұмытты. Жүн жуу фабрикасында істеген, жұмысы өте ауыр еді. Белшесінен су кешіп тұрып, жүн жуды. Кейін мектепке аула сыпырушы болып орналасқан. Бөлмелерді жууға Жезбала мен Сауранбай жәрдемдескен. Рыскүл қоңырау соғу үшін сағаттың неше болғанын білмейтін. Ол жағынан сауатсыз. Сағат білетін сыпырушылардың жұмысын қоса істеп, қоңырау соқтырып жүрді. Сорға батырған сауатсыздық-ай! Осыны байқаған мектеп директорының орынбасары Жақыпбек Қасымбеков Рыскүлге сағатты үйретеді. Содан өзі қоңырау соға алатын болыпты. Рыскүлдің жағдайын сезген мектеп директоры Қалмұрат Сартбаев мектеп түбінен бір бөлмелі пәтер береді де, Сауранбай интернатқа орналасады.
Осылай қара жұмыс істеп күн кешсе де, намысшыл Рыскүл екі перзенті Жезбаланы да, Сауранбайды да оқытты. Жезбала жетінші сыныптан соң, облыстық оқу бөлімінің жанынан ашылған математиктер дайындайтын 10 айлық қурсын бітіріп, Шайқорық мектебіне мұғалім, кейін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Онан соң Билікөл, Бесағаш, Чкалов орта мектептерінде жұмыс істеген. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін ғылым саласында тер төккен.
Ал, жоғары білімді математик Сауранбай мектеп директоры, облыстық сырттан оқытатын орта мектеп директорының орынбасары, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтында директор қызметтерін атқарыпты. Білім беру ісінің үздігі атанған.
ҒАЛЫМДАР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ?
Өзіңіз ойлап қараңызшы, бір отбасынан төрт ғалым шыққан, ал оның екеуі ғылым докторы. Кейде мұндай көрсеткішті бір ауданнан таппайсың. «Оқу – инемен құдық қазғандай» екенін ескерсек, ғылым жолы өте ауыр жол. Ол төрт ғалым басқа емес, сөздің басында айтылған Рыскүл әженің немерелері болып шықса ше?
Рыскүл ананың ақ тілеуі шығар, Сауранбай озат мұғалім болып шықты. 1949 жылы Жамбыл аудандық мұғалімдер конференциясында Нағима Сағынбекова деген мұғалім қызбен танысып, сөздері жарасады. Нағима «Қызыл жұлдыз» ауылындағы Н.Ақшабаев орта мектебінде еңбек етеді екен. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеріп, 1950 жылдың 13 желтоқсанында тұңғыш перзенттері Марат дүниеге келіпті. Рыскүл ана боз бие сойып, үлкен той жасады. Одан әрі Мұрат, Жанат, Қанат, Ақбота және Асқар дүниеге келіпті. Бір күні Рыскүл әже баласы мен келінін, немерелерін жинап алып: «Сендер оқушыларды тоғыз ай оқытудың орнына бес-ақ ай оқытасыңдар. Екі ай қант қызылшасының жекесіне, екі ай қант қызылшасының қазығына саласыңдар, өз дәрежесінде білім бере алмайсыңдар. Сондықтан қаладан үй сатып алып, мені балалармен қалаға көшіріңдер. Үйіміз балалардың оқитын мектебіне жақын, жаяу баратын болсын әрі базарға жақын, жері мол, шаруашылыққа ыңғайлы, суға жақын болсын», – деп талап қояды.
Ана айтты – заң. Солай болады. Жамбыл қаласындағы Киров (Асанбай Асқаров) көшесінен жер үйді сол кездегі нарықпен 50 мың сомға сатып алады. 0,12 гектар жері бар, су жүретін арық жердің жиегінде, 40 түп жеміс-жидегі бар және Ленин, Крупская атындағы орта мектептерге, базарға жақын. Рыскүлдің айтқаны орындалады. Рыскүл әже немерелерімен 1958 жылы күзде көшіп барады. Әже оқытқан немерелердің ғылым жолына қадамы осылай басталады. Марат, Мұрат, Жанат, Қанат «Крупская» атындағы орта мектебінде, Ақбота «Ленин» мектебінде онжылдықты бітіріпті. Немерелердің жолы осылай ашылады. Рыскүл ананың орнында басқа біреу болса, осындай қадамға барар ма еді, бармас па еді? Жамбыл қаласының іргесіндегі Шайқорықтың біліміне көңілі толмай, немерелерін Жамбыл қаласына сүйрелеген әженің ниеті қандай мөлдір десеңізші. Қазір білім жолына сонша мән берген осындай әжелер бар ма, жоқ па? Оны да дөп басып айта алмаймыз.
Рыскүл ана баласы мен немерелеріне білімді болуды ғана емес, еңбекті де сіңірген. Мал сойған кезде үнемі Сауранбайды қасына алып, үйретіп жүреді. Ал, баласы жетінші сыныпты бітірген жылы пышақ пен қайрақты, шелекті дайындап, бір қойды «Мен базардан келгенше сойып қой» деп, Сауранбайды үйге қалдырып кетеді екен. Немерелеріне де түрлі жұмыстар тапсырып, өзі үнемі қадағалаудан жалықпайды. Соның нәтижесінде немерелері білімді, еңбекке де төзімді болып өсті. Олар өмір бойы осы қасиеттің пайдасын көрді. Сауранбай баласы айтқанын екі етпеді. Келіні Нағима да алдынан кесе көлденең өтпей, сыйлап тұрады.
Уақытқа тоқтам бар ма? 1976 жылы 88 жасында Рыскүл әже бақилық болыпты. Бірақ, ол кісінің салып кеткен өнегелі жолы жалғасты. Марат Ленинградтағы университеттің физика-математика, Мұрат Алматыдағы политехникалық институттың автоматика, Жанат Мәскеудегі энергетика институтын, Қанат Ленинградтағы университеттің физика-математика факультеттерін бітіріп, төртеуі де Ленинградта аспирантураны аяқтады. Екеуі ғылым докторы, екеуі ғылым кандидаты, төртеуі де доцент атағына ие болды.
Аллаға шүкір, Сауранбай мен Нағимадан 10 немере, 4 шөбересі өсіп келеді.
Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың доценті, физика-математика бойынша ғылым кандидаты Марат математикадан дәріс беріп жүріп, 1993 жылы 4 қазанда бақилық болып кетті. Әттең-ай, көзі тірі жүргенде ғылым докторы, академик болып, ғылымға өлшеусіз еңбек сіңірер ме еді?! Жұбайы Светлана да – ұстаз.
Мараттың перзенттері де ғылым мен білімді таңдады. Тұңғышы Қайсар Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін, сосын аспирантураны үздік дипломмен бітіріп, ғалым атанды. Жұбайы Әсел Қалиева да жоғары білімді. Мараттың екінші ұлы Ғани Мәскеудегі Ресей қауіпсіздік академиясын бітірген. Жұбайы Шолпан Құрманқызы АҚШ білімді дамыту академиясының бас маманы, программист. Бір ұл, бір қыз өсіріп отыр. Мараттың кенжесі Қуат та өмірден өз орнын тапқан.
Мұрат Сауранбайұлы қазіргі таңда М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы. Жұбайы Күләш – қаржыгер. Мұраттың қызы Жәния да ғылым жолын таңдап, қазіргі таңда PҺD докторы атану жолында ізденуде.
Жанат Сауранбайұлы да – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы. Жұбайы Фатима – дәрігер. Үлкен қыздары Арайлым ғылым жолында ізденіп жүрсе, кенжесі Аяулым да білім жолында еңбек етуде.
Қанат Сауранбайұлы – профессор, математика ғылымдарының кандидаты. Алматы экономика және статистика академиясының Жамбыл институтының проректоры қызметін атқарған. Жұбайы Сәуле – мұғалім. Ұл-қыздары Ғалым мен Әсел – Тәуелсіз еліміздің білімді болашақтары.
Бұл күнде бақилық болған Ақбота Сауранбайқызы да ғылым саласында еңбек етіп, мемлекеттік қызмет атқарыпты. Ақботаның қызы Дана Байсейітова да ғылым жолын таңдаған.
– Қазіргі таңда Рыскүл әже де, Сауранбай, Нағима, Марат , Ақбота, Ғани бұл өмірде жоқ. Дегенмен, олардың атқарып кеткен өнегелі істері жас ұрпақпен бірге жасай береді. «Біз осы жеткен жетістігіміз үшін Рыскүл әжемізге қарыздармыз. Бала күнімізде біздің үш анамыз болды. Рыскүл әжеге, Ікімат апаға (Үкімет деуші едік), өз анамыз Нағимаға еркелеп өстік. Біздің болашағымызға ерекше мән берген әулеттің үлкендеріне басымызды иеміз», – дейді техника ғылымдарының докторы Мұрат Төленбаев.
Бір сөзбен айтқанда, Төленбаевтардың білім саласындағы және ғылыми еңбек өтілдері 428 жылды құрайды. Бұл әулет осынша жыл Отанымыздың білім, ғылым салаларының дамуына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Ал, осы ғаламат жетістіктің бастауында Рыскүл Иланбайқызы тұр.
Өзі хат танымаған кісі болса да, ұл-қыздары мен немерелерін ерекше тәрбиелеп оқытқан, ғылым саласына жолдарын ашқан, бір отбасынан төрт ғалымның шығуына себепкер болған Рыскүл Иланбайқызының қажырлы еңбегі ұлт ұрпағына өшпес үлгі, ұшан-теңіз өнеге.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді