Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов бүгінде еліміздің оңтүстік аймақтарында электр энергиясының тапшылығы айрықша сезіле бастағанын жеткізді. Ол өз сөзінде кез келген маңызды шешім қарапайым халықтың қатысуымен қабылданатынын айтты. Сондай-ақ, халық қалаулысы ғылым мен экономиканы дамыту үшін АЭС-тің қажеттігін түсіндірді.
– Энергетика министрлігінің мәліметінше, атом энергетикасы Қазақстан үшін негізгі энергия көзіне айналып, энергетикалық жүйенің тұрақты дамуына ықпал ете алады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы АЭС құрылысының отандық бизнестің дамуына қуатты серпін беретінін, атом электр станциясы тұрақты және болжамды энергиямен қамтамасыз ететін негізгі көз болып табылатынын атап көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясын өндірудің негізгі көзі көмірмен жұмыс істейтін зауыттар екені рас. Олардың үлесіне елдегі өндірілетін электр энергиясының шамамен 70 пайызы тиесілі. Электр энергиясын тұтынудың жылдық өсімі 3 пайызды құрайды, бұл ретте станциялардың көпшілігі тозған. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай Қазақстанда электр қуатын тұтыну 152,4 миллиард киловатт-сағатқа жетеді, ал жұмыс істеп тұрған станциялар бар болғаны 135 миллиард киловатт-сағат өндіре алады. Бүгінгі таңда электр қуатының тапшылығы Ресейден келетін 1 миллиард киловатт-сағат көлеміндегі ағынмен жабылуда. Бұл үшін Қазақстан 20 миллиард теңге төлеп отыр. Бұл энергетикалық тәуелділікке және елдің энергетикалық нарығының қауіпсіздігінің төмендеуіне әкеледі, – деген Ерболат Байұзақұлы әулиеаталықтар Мемлекет басшысының бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанына шынайы ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін, Байзақ ауданындағы «KazStonebox» кәсіпорнында өткен кездесуде облыстық Халықтық штабтың мүшелері: Арман Еділбаев, Фарида Жүнісова, Жалил Аббосов, Ерұлан Мағзымбеков және Серік Қойбақов пен Айгерім Сәрсенбаева ұжым қызметкерлерімен бірге АЭС салу мәселесін талқылады. Штаб мүшелері іс-шара барысында атом электр станциясының құрылысы мен атом энергетикасының бүтін елдің болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін тілге тиек етіп, серіктестік қызметкерлерін бұл мәселеде белсенділік танытуға шақырды. Айта кетейік, осы күні дәл осындай кездесулер «Grand foods premium» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі мен «Әулие-Ата Феникс» серіктестігінде де өтті. Онда Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту және экономикасын орнықты дамыту үшін АЭС салудың қажеттілігі кеңінен сөз болды.
Ал, Бурыл ауылының тұрғындарымен кездескенде Халықтық штаб мүшелері ең алдымен қоғам пікірі ескерілетінін баса айтты. Олар АЭС салу идеясы – тосыннан қабылданған шешім емес екенін, керісінше, бұл қадамға мың ойланып, жүз толғанып барып бекінгендерін ашық жеткізді. Осы себепті, бүгінгі күннің сұранысынан туған бастамаға қатысты ел-жұрттың қалыс қалмауын сұрады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестікке серпін берген сапарлар
- 23 қараша, 2024
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді