«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Түсіністік бар жерде татулық болады

Түсіністік бар жерде татулық болады
ашық дереккөз
Түсіністік бар жерде татулық болады

Облыс әкімдігі дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Байбатшаева өткен жылғы атқарылған жұмыстарының нәтижесі жөнінде есеп берді. Жиынға «Нұр Отан» партиясы өкілдері, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат бөлімінің басшылары, облыс әкімдігінің басқарма басшылары, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы мен этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.

– Облыста мемлекеттік тіркеуден өткен 4 конфессия мен 12 деноманациядан тұратын 324 діни бірлестіктер мен филиалдар қызмет атқаруда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы филиалдарының нақты саны 280 болса, 44 христиан діни бірлестіктері мен филиалдары бар. Өткен жылы басқарма тарапынан көптеген елеулі жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, 2014 жылы мемлекеттік және азаматтық қоғам иснтитуттарымен бірлесіп, «Құрбан айт», «Рождество», «Мәуліт», «Қадір түні» және «Рухани келісім күні» секілді діни мерекелерге орай түрлі форматта 21 ауқымды әрі салтанатты шаралар өткіздік. Іске асырылған мұндай қоғамдық-саяси және көпшілік шараларға облыстық және аудандық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы, азаматтық қоғам институттары, мақсатты топ өкілдері толығымен қамтылып отырды. 2014 жылдың II жартыжылдығында облыс әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» құрылып, жыл соңына дейін 162 іс-шара ұйымдастырды. Ол шаралардың негізгі бағыты – ақпараттық-түсіндіру, діни ахуалды зерделеу және теріс ағымның ықпалына түскен азаматтарға діни-психологиялық кеңес беру арқылы көмек көрсету болып табылатындығын атап өту керек. Сондай-ақ, өткен жылы әртүрлі діни тақырыптарға арналған 17 мың дана кітап пен насихат парақтары, 24 мың дана буклет, 700 дана аудио-видео дисктер шығарылып, түрғындарға таратылды, – деді атқарылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталған Сәуле Байбатшаева. Сондай-ақ, С. Дәнеғұлқызы жыл ішінде мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретін, конфессияаралық және этносаралық төзімсіздікке шақыратын ешқандай фактілер орын алмағанын да тілге тиек етті. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов басқарма басшылығына облыс аумағындағы діни ғибадат үйлеріндегі қызмет атқаратын кейбір имамдар мен христиандық қызметшілердің діни білімдерін үнемі жетілдіріп отыру жолында аянбау керектігін тапсырды. Сондай-ақ, Ерқанат Нұрбапаұлы теріс ағымға түсіп кетіп жатқан жастар жайына алаңдаушылық танытып, мұндай келеңсіздіктердің алдын алу жолында нақты жұмыстар жүргізілу керектігін айтты. Одан кейін облыс әкімдігі жанындағы «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» директоры Гүлжахан Мамешова өз тараптарынан атқарылған жұмыстар барысын баяндай келе, орталықтың бірқатар мәселелеріне де тоқталды. – Орталықтағы кадр мәселесін қайта қарау керек секілді. Қазіргі штат кестесіндегі мамандар саны нақты діни жұмыстармен айналысуға жеткіліксіз болып отыр. Сонымен қатар, діни ағымдардан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету үшін психологтың және теологтардың жекелеген жұмыс жүргізуіне бейімделген арнайы техникалық құралдармен жабдықталған бөлек бөлме керек, – дей келе, Гүлжахан Әшірбекқызы әрқилы сұрақтармен және түрлі мәселелермен келушілерге сапалы қызмет көрсету мақсатында орталық арнайы бөлек ғимаратта орналасса екен деген ниетін де жеткізді. Ерқанат Нұрбапаұлы аталмыш мәселелердің алдағы уақытта жіті қаралатынын айтып, жиынды қорытындылады.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар