Ашылу тарихына тоқталатын болсақ, КСРО АШМ Ауылшаруашылық ғылыми-зерттеу институты» (АШҒЗИ) КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің 1958 жылғы 7 тамыздағы Қаулысымен және КСРО Ауыл шаруашылығы министрі В. Мацкевичтің 1958 жылғы 18 қыркүйектегі №253 бұйрығымен құрылған. Институттың алғашқы директоры болып, ветеринария ғылымдарының кандидаты Рубен Мадатов 1957 жылғы 6 қыркүйектегі №1 бұйрықпен тағайындалған.
Кейінгі жылдары аталған институтты полковник, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Степан Рягин (1960-1964 жылдары), ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Александр Бурдов (1964-1972 жылдары), ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Александр Гринин (1972-1977 жылдары), биология ғылымдарының докторы, профессор Фёдор Курченко (1977-1988 жылдары), ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Гусев (1988-1992 жылдары), ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Сейдиғапбар Мамадалиев (1992-2010 жылдары), ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ҚР АШҒА академигі Абылай Сансызбай (2010-2018 жылдары), профессор, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарья (2018-2022 жылдары), профессор, ветеринария ғылымдарының докторы Ерғали Абдураимов (2022-2023 жылдары) сияқты тәжірибелі ғалымдар басқарды. 2023 жылдың 24 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №27 бұйрығымен Аслан Керімбаев бас директордың міндетін атқарып келеді. Ғылыми қызметінің алғашқы күнінен бастап ұжым ветеринариялық вирусология және ауылшаруашылық фитопатология саласындағы күрделі мәселелерді шешуге кірісті.
АШҒЗИ ұжымы жұмысының бастапқы кезеңі инженерлік кадрларды іріктеудегі қиындықтармен, жабдықтармен, реагенттермен жеткіліксіз жабдықталумен және тұрғын үйдің жетіспеушілігімен байланысты болды. Кейінгі жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, іс жүзінде 1966 жылы аяқталды.
2006 жылғы 7 тамыздан бастап Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты болып өзгертілді және ҚР БҒМ Ұлттық биотехнология орталығының еншілес мемлекеттік кәсіпорны мәртебесін алды. Қазіргі уақытта институт республиканың ветеринариялық вирусология, иммунология, молекулалық биология, микология, фитопатология және биологиялық қауіпсіздік саласындағы ірі ғылыми орталықтарының бірі болып табылады. Медициналық мақсаттағы емдік-терапевтік препараттарды жасауға мүмкіндік беретін жасушалық биотехнологияны әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізіледі.Үкімет Қаулысымен 2000 жылдан бастап институтқа ҚР күзетілетін нысанының мәртебесі бекітілді.
Қазіргі кезде институт құрылымына 13 ғылыми-зерттеу зертхана, қосалқы технологиялық, ғылыми-ақпараттық, инженерлік-техникалық және әкімшілік-шаруашылық бөлімдері кіреді. 1992 жылдан бастап институт 12 ғылыми-техникалық бағдарламаны, 200-ден астам ғылыми жобаны, оның ішінде 18 халықаралық жобаны, «Технологияларды коммерцияландыру» бағдарламасы бойынша 3 жобаны жүзеге асырды.
Институт ғалымдары «COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцинаны әзірлеу» ғылыми-техникалық бағдарламасы (ҒТБ) шеңберінде QazVac (QazCovid-in) инактивтендірілген вакцинасын әзірледі және зертханалық жануарлар мен приматтарда клиникаға дейінгі сынақтардан, сонымен қатар клиникалық үш фазадан тұратын сынақтардан сәтті өтіп, бүгінгі таңда халқымыздың тұрғындарын вакцинациялау үшін COVID-19-ға қарсы отандық QazVac вакцинасының 5 миллион дозасы шығарылды. Ғылыми техникалық бағдарламаны орындау барысында жоғарыда көрсетілген вакцинадан басқа альфавирус, каприпоксвирус немесе тұмау вирусының негізіндегі рекомбинантты векторлық вакцинасын, COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы суббірлікті және тірі вакцина дайындау технологиялары әзірленді.
Облыс әкімінің басшылығымен GMP стандартына сәйкес вакциналар шығаратын отандық биофармацевтикалық зауыт, сондай-ақ институт ғалымдары үшін 180 пәтерлі тұрғын үй кешені салынды.
ҒЫЛЫМ ЖЕТКІЗГЕН ЖЕТІСТІКТЕР
Институт ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізгі бағыты бойынша өзінің зерттеулері мен әзірлемелерінің нәтижелерін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының аумағын жануарлардың, құстар мен өсімдіктердің қауіпті және аса қауіпті жұқпалы ауруларынан сауықтыруға қомақты үлес қосты.
Институт 60-тан астам вакцина мен диагностикалық тест-жүйелерді дайындау технологиясын әзірледі. Медициналық және ветеринариялық бағыттағы 28 биопрепараттар өндірісі игерілді.
Қазақстан Республикасында алғаш рет вирустардың 29 штамы мен изоляты геномының құрылымы айқындалып зерттелді, аса қауіпті індетті аурулардың қоздырушыларын ПТР-талдауға арналған 16 тест-жүйесі әзірленді.
Трансплантация әдісімен науқастарды емдеу үшін тәжірибелік медицинада қолданылатын бета-жасушаларды, гепатоциттерді және кардиомиоциттерді өсіру және ұстап тұру технологиялары әзірленді.
Жануарлар мен адамның аса қауіпті жұқпалы ауруларының қоздырушылары арқылы Ұлттық Банкінің негізі құрастырылды.
«А» тобындағы аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырушыларымен зерттеулер BSL-2 және BSL-3 биологиялық қауіпсіздік жағдайында жүргізіледі.
Уыттылығы жоғары құс тұмауына қарсы белсенді эмульгирленген «Қазақстан-15» вакцинасы әзірленді. Осы вакцинаны қолдану Қазақстан Республикасында құс тұмауы бойынша індеттік салауаттылықты қамтамасыз етті.
Бруцеллез және «А» тұмауының ішкі түрлері биочиптік диагностикасының технологиялары әзірленді.
«А» тұмауының ішкі түрлерін индикациялау және типтендіру үшін ГАТР, ИФТ және ҚТ-ПТР тест-жүйелері әзірленді.
Суыққа бейімделген рекомбинантты штамм негізінде жылқы тұмауына қарсы тірі вакцина әзірленді.
Коронавирустық індетке қарсы QazVac вакцинасын, A/H5N1 тұмауына қарсы Kazfluvac және A/H1N1 тұмауына қарсы Refluvac вакциналарын даярлау технологиялары әзірленді, препараттардың 30 клиникаға дейінгі және 11 клиникалық сынақтары жүргізілді. Вакциналар ҚР ДСМ-де тіркелді.
Клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтары бар денсаулық сақтау үшін маусымдық тұмауға қарсы Kazfluvir үшвалентті сплит-вакцинасын дайындау технологиясы әзірленді. Қауіпсіздік және иммуногендігі бойынша вакцина еуропалық және отандық фармакопея талаптарына сәйкес келеді.
Рекомбинантты құрылымдар алынды және олардың негізінде ірі қара малының бруцеллезіне қарсы векторлық вакцина әзірленді.
Бір мезгілде құс тұмауының, Ньюкасл ауруының, жұқпалы бронхиттің және тауықтардың жұқпалы бурситінің жедел диагностикасы үшін микрочип әзірленді.
«Neethling-RIBSP» штаммы негізінде ірі қара малының нодулярлық дерматитіне қарсы вакцина әзірленді.
Медициналық, ветеринариялық, тұрғын және тағамдық өндірістік үй-жайлардың ауасы мен беткей беттерін селективтік профилактикалық зарарсыздандыруға арналған «ПОЛИФАГ» дезинфекциялау құралы әзірленді.
Институт ғалымдары инактивтендірілген QazCovid-in вакцинасын (саудалық атауы QazVac) және COVID-19-ға қарсы QazCoVac-P суббірлік вакцинасын әзірлеп, бүгінгі таңда ел тұрғындарын вакцинациялау үшін отандық QazVac вакцинасының 5 миллион дозасы дайындалды. Ғылыми зерттеулер деңгейі мен институттың жетістіктері елімізде де, шетелде де белгілі. Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ISTC), азаматтық зерттеулердің американдық агенттігі (CRDF) және Ресей, Австрия, Германия және басқа елдердің жетекші вирусологиялық орталықтарымен тығыз ғылыми байланыстар орнатылған.
Институт қызметінің негізгі түрлері елдің биологиялық қауіпсіздігін және Қазақстан Республикасының аумағында эпидемиологиялық, эпизоотиялық және фитосанитариялық салауаттылықты қамтамасыз ету үшін адамның жұқпалы ауруларын диагностикалаудың, арнайы алдын алу мен емдеудің заманауи құралдары мен әдістерін әзірлеу мен енгізуді ғылыми-әдістемелік сүйемелдеумен байланысты.
Институт еріктілердің қатысуымен адамның қауіпті және аса қауіпті инфекциялары (маусымдық тұмау, туберкулез, бруцеллез және т.б.) бойынша 30 клиникаға дейінгі сынақ және 11 клиникалық зерттеу жүргізді.
КЕШЕГІ ИНСТИТУТ, БҮГІНГІ ЗАУЫТ
«OtarBioPharm» иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыты Қордай ауданы, Отар ауылдық округі, Гвардейск әскери қалашығында орналасқан. Зауытты қазіргі таңда Закир Ершебулов басқарады. Зауыттың ашылу жағдайына тоқталатын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық биотехнология орталығына сапары барысында берген тапсырмасын, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің 2020 жылғы 25 мамырдағы төрағалығымен өткен кеңес хаттамасының 4-тармағын орындау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі «Тиісті өндірістік практиканың (GMP) талаптары мен стандарттарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттарды шығару жөніндегі биофармацевтикалық зауыт салу» жобасы іске асырылды.
Құрылыстың бірінші кезеңі – 2021 жылғы 27 тамызда пайдалануға берілген биофармацевтикалық зауыттың негізгі ғимараты.
Серіктестік фармацевтикалық қызметті 2021 жылғы 29 маусымдағы № 21021475 фармацевтикалық қызметпен айналысуға мемлекеттік лицензия негізінде жүзеге асырады, 2023 жылғы 24 ақпанда қайта ресімделді. Зауыттың медициналық бағыттан бөлек ветеринария саласындағы қызметпен айналысуға 2023 жылғы 14 ақпандағы №23004288 ветеринариялық мақсаттағы препараттар өндіруге, жануарлар ауруларын диагностикалауға арналған препараттар өндіруге, жануарлар ауруларын емдеуге және алдын алуға арналған препараттар өндіруге лицензиясы бар.
Зауыттың жалпы ауданы 6200 шаршы метр. Оның ішінде өндірістік блок – 1712 шаршы метр. Субстанциялардың, қосалқы заттардың, шығын және қаптама материалдарының тіркеу деректеріне сәйкестігін анықтауды ҚР ДСМ «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» РМК жүзеге асырады.
Орындалған қызметтердің баршасы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты мен «OtarBioPharm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған құю және сақтау қызметтерін көрсету туралы шарттарға сәйкес жүзеге асты. 2021-2022 жылдары QazVac (QazCovid-in) вакцинасын 4,5 миллион доза мөлшерінде құю жүргізілді. 2023 жылы құс тұмауына қарсы 4,9 миллион доза вакцина құю жүзеге асты.
Ал, биыл 2024 жылға құс тұмауына қарсы вакцина құю жұмыстары жоспарланып, жүргізілуде.
Зауыт жеке құрамы негізінен жас мамандардан құралғанына қарамастан, ұжымда ҚР Президентінің «Халық алғысы» медаліне, ҚР ДСМ «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болған азаматтар бар.
Пандемия кезінде аянбай еңбек етіп, халықтың денсаулығын сақтау ісіне, отандық «QazVac» вакцинасының өндірісіне қосқан елеулі үлесі үшін «OtarBioPharm» ЖШС бас директоры Закир Ершебулов 2021 жылы «Халық алғысы» медалімен, ал, 2022 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, бас директордың жалпы сұрақтар жөніндегі орынбасары Ануар Сатыбалдиев, бас технолог Еркен Кожамкұлов, өндірістік цех басшысы Дастан Кайсенов, баспасөз хатшысы Азамат Қалтаев және басқа да мамандар 2021 жылы «Халық алғысы» медалімен марапатталған.
Зауыт басшылығының жұмысшыларға жасап жатқан қамқорлықтары көп. Мәселен, 2021 жылы мұнда 180 орындық үш көпқабатты үй салынған. 90 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт мамандары мен жұмысшылары қазіргі таңда сол қызметтік үйлерде тұрады. Зауыт қызметкерлерінің орташа жалақысы 210 мың теңгені құрайды.
Зауыт директоры Закир Жапарұлы Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын толық қолдайтынын, тіпті онда медицина саласының өзекті мәселелері ерекше айтылғанын атап өтті. Үнемі еліміздегі саяси қадамдарға сергек қарайтын Закир Жапарұлы: «Президенттің жаңа Жолдауында айтқан «Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін» деген сөздерінің астарында терең мағына жатыр. Жолдаудың денсаулық саласын қамтыған, яғни, биофармацевтикалық зауыттың бейініне қатысты тарауында Президент ұлттың денсаулығын нығайту бойынша нақты және кесімді тапсырма берді деп ойлаймын. Енді өзіміздің жұмысқа келетін болсақ, біздің зауыттың алдағы жоспарлары мен мүмкіндіктері өте үлкен. Қазіргі таңда тағы да жұқпалы аурулар асқынып, тұрғындарға қатер төнсе, біз вакцинамен қамтуға дайынбыз. Әрине, оның бетін ары қылсын. Еліміздің әр тұрғыны белсенді және сергек болсын. Ол жағдай әр адамның өзіне де байланысты. Денсаулық –бірінші байлық. Денсаулығын күткен, өзіне қараған адам сергек жүреді, ұзақ жасайды. Одан соң ғана дәрігерлер көмекке келеді. Біздің мамандарымыз бен қызметкерлеріміз уақытпен санаспай, өз жұмыстарына жауапкершілік танытып келеді. Сондықтан, зауыт өзінің межесін толық орындап отыр. Келісімшарттар мен тапсырыстарға сәйкес жылына 60 миллион доза вакцина шығарып отырмыз. Негізі одан да көбірек өнім шығара беруге мүмкіндігіміз бар, – деді.
Ал, Отар ауылдық округінің әкімі Дидар Есімов: «Біздің округте осындай медициналық бағыттағы зауыттың болуы бірқатар шаруаның шешілуіне ықпал етуде. Мәселен, зауытта істеп жүрген жұмысшылардың 55 пайызы Отар ауылдық округінде тұратын азаматтар. Оларға зауыттан тұрақты жұмыс табылып тұрғанының өзі үлкен жетістік. Зауыт қызметкерлері ауылдық округте тұрғындардың мектепте оқушы санының артуына ықпал етіп отыр. Бір сөзбен айтқанда, биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты және вакцина шығаратын зауытпен байланысымыз жақсы. Көптеген жұмыстарымыз өзара келісімнің нәтижесінде шешімін тауып отыр. Одан бөлек өзіміздің де медициналық мекемелеріміз бар. Оларда да бірнеше маман денсаулық саласының жақсаруына қызмет етіп келеді. Біз округ аумағында орналасқан барлық мекемелермен тығыз байланыстамыз», – деді.
Біз қарапайым еңбек адамдарына да назар аудардық. Олардың қатарында оператордың көмекшілері Гүлбахан Әбдиева, Ләззат Анарбекова ұзақ жыл бойы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында еңбек етсе, қазіргі таңда вакцина шығаратын зауытта қызмет атқарады. Өз жұмыстарын жақсы біліп, жауапкершілікті үнемі сезінеді. Мәселен, Гүлбахан Досболқызы: «Қай кезде де адам еңбегімен еленеді. Осы ғылыми зерттеу институтында 30 жылдан бері еңбек етіп келемін. Жұмысымыз қатардағы шаруа болса да, өзім үшін қызық. Әр күнде таңертең жұмысыма қызығып келемін, кешке үйіме көңілді қайтамын. Өз жұмысыңды ықыласпен істесең, шаршамайсың. Бізді ғылыми зерттеу институтының басшылығы да, зауыт басшылығы да құрметтеп, марапаттарға ұсынып тұрады. Осы кезге дейін түрлі деңгейдегі басшылықтың Құрмет грамотасы мен мерекелік медальдардың бірнешеуін алдық. Зауыт өз қызметкерлерін үнемі қолдап, көңіл аударып, жағдай жасап отырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, еңбек адамдарын төрге шығарып отыр. Мемлекеттің мұндай қамқорлығына шексіз алғысымызды білдіреміз», – дейді. Ал, зауыттың баспасөз хатшысы Азамат Қалтаев: «Мұнда жұмыстар өте ауқымды. Әр қызметкердің қабілеттері ескеріліп отырады. Мәселен, мен баспасөзге жауаптымын. Сонымен қоса аудармашымын. Орыс тілінен мәтіндерді еркін аудара беремін. Ол да керекті іс. Үйренгенім өзіме жақсы. Қай кезде де тіл білгеннің артығы жоқ. Ал, қазір осы зауытта жұмыс істеп жүргеніме көңілім толады. Зауыттың өз режимі бар. Күн сайын вакцина жасай бермейді. Өз кезеңдерінде вакцина шығарады. Одан соң тазалық жұмыстары жүргізіледі. Экологиялық жағынан да қауіпсіздігі ескеріледі.Тапсырысқа қарай қайтадан вакцина өндіре бастайды. Медициналық жағынан да бірқатар ескертпелер мен ережелерден хабардармыз, – деді.
Індет халқымыздан қашанда аулақ болсын. 2020 жылы пандемия жайлағанда тұрғындарға бірталай қиындықтар туындағаны белгілі. Сол кезде облыс басшылығы, медицина саласының басшылары мен мамандары уақытпен санаспай еңбек еткенін білеміз. Олар індетпен және алдын алумен күндіз-түні күресті. Осы вакцина шығаратын зауыттың да ашылуы індеттің белең алуына байланысты болды. Бірақ, сол кездегі билік тармақтары, ғалымдар, дәрігерлер және басқа да жауапты адамдар індетті өршітпей ауыздықтап, тия білді. Соның нәтижесінде тұрғындар режимдік жағдайдан шығып, еркін жүруге мүмкіндік алды. Мұның барлығы сол кездегі елді басқарған, медицина саласында еңбек еткен лауазымды тұлғалардың ерен еңбегімен жүзеге асты. Олар қауіптің алдын алып, халыққа жағдайды дер кезінде түсіндіре білді.
Қазіргі таңда зауыттың жұмысы қалыпты. Білікті мамандар мен кіші қызметкерлермен толық қамтылған. Өздерінің шарттары мен талаптарына сәйкес жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді.
Есет ДОСАЛЫ
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Медицина саласына ауқымды өзгерістер қажет
- 3 қазан, 2024
Медицина саласында оң өзгерістер бар
- 2 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді