Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында сөз алған департамент басшысының орынбасары Камал Қабылбеков сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу жаңа құрылымның алдында тұрған ең басты міндет екендігін айрықша атап өтті. Сонымен қатар қазына қаржысының әрбір тиыны қатаң бақылауда екенін, оған қол сұққан жандардың жазасыз қалмайтынын тілге тиек етті.
Ал департамент басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев кеңестің атқарған жұмысы, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы мен конкурстық іріктеу нәтижелері туралы айтып берді. Жалпы облыс бойынша мемлекеттік қызметте 5584 штаттық бірлік бар екен. Оның алтауы саяси мемлекеттік қызметшілер болса, 17-сі «А» корпусының, 5561-і – «Б» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері. Өткен жылы Тәртіптік кеңес хатшылығы тарапынан облыстағы мемлекеттік органдарда барлығы 71 тексеру жүргізіліпті. Одан бөлек, агенттіктің тапсырмасына сәйкес, жоспардан тыс жүргізілген тексерулердің саны – 15. Мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалардың және Ар-намыс кодексі талаптарының сақталуы бойынша жүргізілген осындай тексерулер кезінде 376 заң бұзушылық анықталған. Тексерулер нәтижесінде заңсыз қабылданған 6 құқықтық акті бұзылып, анықталған заң бұзушылықтардың 38-і жойылды. Департамент ұсынысы бойынша 57 мемлекеттік қызметші жазаланған. Одан бөлек Тәртіптік кеңестің ұсыныстары бойынша 66 тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Мысалы, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін Мойынқұм аудандық ветеринария бөлімінің басшысы қызметінен босатылыпты. Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, олар бойынша нақты жауаптар берілді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді