Мәселен, сейсенбі күні штаб мүшелері «Арайстроймаркет» серіктестігінің ұжымымен кездесті. Басқосу барысында штаб мүшелері: Арман Еділбаев, Жанна Оңғарбаева, Асқар Абдуалы мен Әшірбек Жақаш әлемдегі дамыған бірқатар мемлекеттерде бірнеше АЭС бар екенін, оларда жұмыс ешқандай зиянсыз жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ, олар елімізде АЭС салынған жағдайда энергия өндірумен қатар, көптеген тұрғындарға тұрақты жұмыс орны ашылатыны және жылу үшін пайдаланылатын отыннан шығатын зияндылықтардан құтылатынымыз жөнінде кеңінен түсіндірді.
Бұдан кейін, облыс орталығындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылар құрамымен кездескен облыстық мәслихаттың депутаты Арман Еділбаев пен Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова ұстаздар ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді.
– Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президентіміз ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі, – деді Арман Заһатұлы.
Ал, Әсел Әбілханқызының айтуынша, болашақта атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылығы бар екенін ескеру қажет. Ол өз сөзінде АЭС салу елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал ететінін айтты. Сондай-ақ, осы күні штаб мүшелері Кенжебек Олжабай мен Күләш Әбдікешова №1 Тараз қалалық емханасының дәрігерлерімен жүздесіп, атом электр станциясының артықшылығы туралы әңгімелесті. Іс-шара барысында атом энергетикасына қатысты барлық мәселе бойынша ел-жұртты кеңінен хабардар етудің маңызы және халық арасында ерекше беделге ие адамдар ретінде ақ халаттылардың бұл істегі рөлі талқыланды. Бұдан бөлек, атом энергетикасының мүмкіндігі, жаңа өндіріс орындарын дамыту перспективалары және лайықты еңбек жағдайын жасау жөнінде сөз қозғалды.
Сәрсенбі күні облыстық Халықтық штабтың мүшелері Қасымхан Естемесұлы мен Жақсыбек Қасымбеков «ӘулиеатаТрансПасс» серіктестігінің ұжымымен кездесті. Жиында әуелі сөз алған Қасымхан Естемесұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауының мақсатын түсіндіріп, оның әр бөліміне арнайы тоқталды. Ол өз сөзінде Президенттің бастамасының аясында ауқымды жұмыстардың қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыстық Халықтық штаб мүшесі 6 қазанда өтетін референдумға арнайы тоқталды.
– АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Бүгінде дүниежүзіндегі озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін түсінеді. Әйтпесе, Франциядай дамыған елде, Ресей секілді алпауыт мемлекетте бірнеше атом электр станциясы салынбас еді. Әрине, дәл қазір біздің алдымызда үлкен таңдау тұр. Осы себепті, Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу әрі АЭС туралы дұрыс ақпарат беру, – деді Қ.Естемесұлы.
Кездесу барысында облыстық Халықтық штабтың мүшесі Жақсыбек Қасымбеков те өз ойын ортаға салып, қазан айында өтетін референдум туралы түсінік берді. Ал, дәл осы күні облыстық фтизиопульмонология орталығында өткен жиында штаб мүшелері өздерінің салмақты ой-пікірлерін жүйелеп, мәселені аталған орталықтың ұжымымен бірге талқылады. Олар Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі атом энергетикасының артықшылықтары АЭС салу туралы, оның қауіпсіздігі халықаралық ұйымдар тарапынан қандай талап-ережелермен қорғалатыны жайында өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында аталған орталық қызметкерлерінің тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Тараздық Нұрсұлтан туған күнінде таңдау жасады
- Бүгін, 12:39
Қордайлық ақсақалдар дауыс берді
- Бүгін, 12:29
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді