Референдумға қатысуға шақырды

Референдумға қатысуға шақырды
Ашық дереккөз
Алдағы 6 қазанда болатын референдумға барлық халықты түгел қатысуға шақырған кездесулер жалғасып жатыр. Осы мақсатпен Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай бастаған топ Тараз қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-диагностикалық орталығында медицина қызметкерлерімен кездесті. Онда атом электр станциясының ел экономикасына әкелер пайдасы мен экологиялық залалсыздықтары жөнінде кеңінен түсіндірілді.

Мемлекеттің әр тұрғынының референдумға барып, өз таңдауын жасауы азаматтық парыз екенін жеткізген штаб мүшелері кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Халықтың көбінің көкейіндегі «АЭС экологияға кері әсер етіп, адам денсаулығына зиянын тигізбей ме?» деген сауал мұнда да көтерілді.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізден атом электр станциясын салудың пайдасы мен зиянсыздығын зерттеуді мамандарға бір жыл бұрын тапсырып, бұл мәселе жан-жақты зерттелген. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі салынатын АЭС жаңа техникалармен жетілген, жаңа буыны. Еліміз 3 реакторларын қарастырып отыр, оның жарылыс қаупі нөлге тең. Зиянсыздығы әбден зерттелген. Әрине, осындай зерттеулерге сүйеніп, Мемлекет басшысы тапсырма беріп, бұны халықтың таңдауына салып отыр. Сондықтан, 6 қазанда референдумға қатысып, өз таңдауларыңызды жасаңыздар, – деген Кенжебек Мамашбайұлы АЭС салу шешімі жасалса да құрылысы 10 жыл көлемінде жүргізілетінін айтты.

Осыншама уақыт құрылысы жүргізілгенде 8 мың адам жұмыспен қамтылса, АЭС іске қосылғанда 2 мың адам тұрақты еңбек ететін болады деді штаб мүшелері. Қазіргі болжам бойынша АЭС Алматы облысына қарасты аймаққа салынса, ол біздің облыстың Мойынқұм ауданына жақын жерден орын теппек. Яғни, құрылысқа қажетті материалдар жақын маңайдан алынып, Мойынқұмдағы цемент зауытына табыс әкеледі деген сенім бар. Бұл өңіріміздің табысын арттырып, экономикасының дамуына көп септігін тигізеді.

– Осыған дейін өзімнің де көкейімде «АЭС-тің адам денсаулығына қандай да бір залалы тимес пе екен?» деген сұрақ болған еді. Несін жасырамыз, бәрімізді де алаңдататын осы күдік. Энергетика саласының зерттеуші мамандарын ұжымымызға алып келіп, барлығын түбегейлі түсіндіріп жеткізгендеріңізге рақмет! Шынында да күмәнді сұрақтарымызға жауап алдық. Біз – дәрігерлер ең алдымен адам өмірі үшін алаңдаймыз. Адамзат үшін денсаулықтан артық ештеңе жоқ. Білесіздер, денсаулыққа бізді қоршаған ортаның, табиғаттың тигізер әсері өте зор. Егер АЭС табиғатқа залалын тигізбесе, ауамызды ластамаса, бұрынғы уақыт көрсеткендей жарылыс қаупін төндірмесе, біз де қолдаймыз. Ортақ үйіміз – Отанымыздың дамуы – әрбіріміздің басты мақсатымыз әрі тілегіміз, – дейді Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының бас дәрігері Хамит Мұрзақасымов.

Кездесу қорытындысында аталған аурухана ұжымы референдумға отбасыларымен бірге барып, өз таңдауларын жасайтындарын айтты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар