Ол көліктің 20-сы «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі болса, 12-сі «ТаразТрансМоторс» ЖШС еншісіне тиген. Бұл көлік құралдарын алу үшін бір миллиардтан аса теңге жұмсалған. Ал, автобустардың орын санына қарай оның бірінің құны 40 миллион болса, екіншісінің құны 52 миллион теңгені құрайды.
«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірмановтың айтуынша, шаһарға жеткізілген «SAMAUTO LE-60» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан республикасында шығарылған. Олардың ұзындығы 9 метрді, орын саны 25, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, пандуспен және 6 бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған.
– Біз жаңа келген автобустар есебінен Тараз қаласына осыдан 3-4 жыл бұрын індетке байланысты төтенше жағдайлар кезінде тоқтап қалған №13 және №18 бағыттарды қалпына келтіріп отырмыз. Бүгінде аталған бағыттар бойынша тасымалдау құқығына ие конкурс нәтижелері толықтай аяқталды. Мәселен, №13 маршрут «Жансая» шағынауданынан бастап Шостакович, Рысбек батыр, Аппасов, «Ұлы Дала»(15) шағынаудандарын басып өтіп, «Бурыл» алқабы, Асқаров көшесі, Орталық базар, Мәмбет батыр көшелері арқылы «Ауыл береке» базарына қатынайтын болады. Кесте саны 11, жүру жиілігі жұмыс күндері 10 минут, демалыс күндері 15 минутты құрайды. Ал, №18 маршрут «Ұлы Дала» шағынауданынан бастап Сүлейменов көшесі, Төле би даңғылы, Сыпатай батыр көшесі, «Ауыл береке» базары, «Жігер» алқабы, автобекет аумағындағы Онкологиялық және бейімдеу орталықтары арқылы «Барысхан» алқабына қатынайтын болады. Осылайша біз қала тұрғындарының өтініші бойынша тоқтап қалған бағыттарды қайта ашып отырмыз, – дейді Рашид Пірманов.
Ал, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан алынған 12 бірлік «KING LONG» маркалы жаңа автобустар Қытайдан жеткізілген. Олардың ұзындығы 10,5 метр, орын саны 35, жалпы сыйымдылығы 80 адамды құрайды. Ол автобустар халықтың сұранысына қарай №27 және №16 бағыттарға қойылған.
№13 бағыттың жүргізушісі Нұргелді Өмірәлиев осы серіктестікте 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын, бұған дейін №30 бағыттағы автобусты тізгіндегенін айтты. Енді өзіне жаңа көлік сеніп тапсырылып отырған жүргізуші бұдан былай да жұмыс сапасының жақсара түсетінін жеткізді.
Жаңа қоғамдық көліктердің тапсырылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты. Қос серіктестіктің еншісіне тиген көліктерді аралап, жаңа автобустардың жағдайымен танысып, жүргізушілердің қуанышымен бөлісті.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков жыл басынан 80 автобус алынғанын, бүгінгі автобуспен 112 автобусқа жетіп отырғанын жеткізді. Жалпы қала әкімдігі бекіткен жоспарға сәйкес шаһардағы автопарктер жылына 70 автобуспен жаңарып отыруы тиіс. Бүгінгі күні жоспар артығымен орындалған. Алда тағы 45 жаңа автобус әкелу жоспарланған.
– Қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту – уақыт талабы. Ескі көліктерді жаңа көліктермен алмастырып, шаһардағы автобустарды жаңартуды жалғастыра беру керек. Біз заман ағымына, уақыт талабына сәйкес халыққа қызмет көрсетуіміз қажет. Автобустардың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуіне, ыстықта ауа салқындатқышпен, қалта ұрлығын азайтуда бейне бақылау камерасымен жабдықталғаны маңызды. Осының барлығымен жабдықталған жаңа қоғамдық көліктер жолаушылар талғамынан шығады деген сенімдемін. Сонымен қатар, қала сыртындағы, шалғай аудандарға қатынайтын бағыттар ашып, қоғамдық көлік бағытын уақыт оздырмай қазірден арттыру керек, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков жыл соңына дейін қала орталығы мен шалғай шағынаудандарды жақындататын жаңа үш бағыттың ашылатынын жеткізді. Ал, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірманов жаңа ашылған бағыттар осы аптаның жұма күнінен бастап жолға шығатынын айтты.
Тараз қаласы
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді