Тұрардың әкесі Сейдуман Кенжебаев Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ильич атындағы ұжымшардың (колхоздың) тұңғыш төрағасы болды. Ал, Тұрардың анасы Халбүбі жағдайы жақсы, бақуатты отбасыдан шыққан. Өкінішке қарай, алдыңғы туылған екі бала шетінеп кетеді де, Тұрар жанұяда жалғыз ұл болып қалады. Сейдуманның ұжымшарды небәрі 23 жасында басқарғанын айта кету керек.
Сейдуман ата соғысқа аттанып, 1942 жылдың қараша айында Ленинград маңындағы Волховск майданында қиян-кескі шайқасқа қатысады. 1943 жылдың 23 шілдесі күнгі Волховск майданындағы сегізінші армияның 364 дивизиясының 1216 атқыштар полкі бойынша шығарылған № 0-15-Н бұйрығында «Қызыл армия жауынгері Кенжебаев Сейдуман 1943 жылы 22 шілдеде неміс басқыншыларымен болған ұрыста командирінің тапсырмасын орындау барысында мергендікпен жау пулеметінің үнін өшірді және өз бөлімшелерінің траншея арқылы алға жылжуына жағдай жасай отырып, 10-нан астам фашистердің көзін жойды.
Осы шайқастағы көрсеткен батылдығы мен ерлігіне байланысты «Сіңірген әскери қызметі үшін» медалімен наградталсын. Сондай-ақ, әскери іс-қимылдар кезіндегі өжеттілік пен тапқырлықтары үшін партия қатарына қайта қабылдансын», – деп жазылған.
Сейдуман Кенжебаев атамыз Латвияны азат ету үшін болған шайқас кезінде 1944 жылы 30 шілдеде қаза табады. Латвияның Лиепна поселкесіндегі қорымға жерленген, оның мәйіті кейіннен басқа да қаза болған Совет жауынгерлерімен бірге әскери зиратқа қайта жерленеді. Қазір ол жер Отан үшін жан қиған жауынгерлердің аты-жөндері гранит тастан жасалған тақталарға жазылған. Ол тізімнің ішінде Сейдуман Кенжебаевтың да аты-жөні бар.
Сол бір қиын-қыстау жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың балаларының білім алуына, қызметке тұруларына жол жабылып, көптеген құқықтары шектелген болатын. Осыған қарсы амал ретінде Тұрардың анасы Халбүбі аман қалған жалғыз ұлын өз әкесінің атымен Әлішұлы деп жаздырады. Әрине, сол кездегі бала Тұрар мұны қайдан түсінсін. Дегенмен, келе-келе Тұрар да Әліш атасына бауыр басып кеткен.
Сұм соғыс ешкімді де аяған жоқ. Әкесінің майданда қаза болғаны туралы хабар келген соң он жастағы Тұрарға жастығына қарамастан жанұясын асырау міндеті жүктелді. Ұжымшардағы өмірі бітпейтін ауыл шаруашылығы жұмыстарының кез келген саласында еңбек етті. Соғыс аяқталған соң ауыл тіршілігі аздап болса да жеңілдегендей болды. Тұрар облыс орталығында орналасқан Жамбыл атындағы мектепте оқуын қайта жалғастырды. Шаруашылықтағы еңбегі еленіп, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалімен наградталғанда мерейі өскен Тұрардың қуанышында шек болмады.
Мектепті бітірген соң, оның санасында «Енді не істеу қажет? Ары қарай қалай өмір сүру керек?» деген сұрақтар пайда болды. Оның ішкі дүниесінде оқуға, білімге деген құлшыныс атой салып тұрды.
Балалар дәрігерін даярлайтын педиатрия факультетіне құжат тапсырған Тұрар емтиханнан мүдірмей өтіп, студенттік өмірін бастады, өзінің белсенділігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленетін Тұрардың қоғамдық жұмыстармен айналысуға да уақыты жетті. Жоғарғы курстарда оқып жүргенде қалалық ауруханаларда аға медқызметкері болып та жалақы тапты. Жанына ауылдан анасын алып келді. Жамбыл облысындағы қазіргі Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылындағы Зооветеринарлық техникумды тәмамдаған асыл жары – Рахиманы кезіктіріп, шағын ғана үйлену тойын да өткізді. Алматының Сейфуллин көшесінде орналасқан перзентханада тұңғыштары Серік те дүниеге келді.
Тұрар ең алғашқы дәрігерлік еңбек жолын Тараздың маңындағы Гродеково ауылының учаскелік ауруханасында балалар дәрігері болып бастайды. Кейіннен ол қалалық ауруханаға ауыстырылады. Арада үш жыл өтіп, әжептәуір тәжірибе жинақтаған дәрігер 120 кереуеттік Сарысу аудандық туберкулез ауруханасына бас дәрігерлікке жіберіледі. Бұл кездері отбасында Гродековода туылған Сұлтан, Жамбылда (Таразда) Жанат және Сарысу ауданының орталығы Байқадамда Манат есімді үш ұл дүниеге келген-ді.
1965 жылы Тұрар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл қызметте жүріп ол білімділігі мен біліктілігін, басшыға лайық ұйымдастырушылық қабілеттерін таныта біледі. Тұрардың тұсында жан-жақты жетілдірілген денсаулық сақтау жүйесінің моделі қалыптасады. Осынау жетістіктердің арқасында әртүрлі жұқпалы аурулар мен жаңа туылған нәрестелер, жалпы балалар өлімі қысқартылады. Әйтседе, медицина саласында басқа да проблемалар жеткілікті болатын.
Шалғайдағы елді мекендер мен жайлаулардағы малшыларға дейін назардан тыс қалмауы үшін, оларға санавиацияның ұшағымен жетуге де тура келген кездер болды. Барлық жердегі дәрігерлік амбулаториялық, фельдшерлік пункттер жылжымалы флюрографиялық техникалар жұмылдырылып, елді мекен тұрғындары алдын ала екпелер және вакцианалармен қамтамасыз етілді. Ол кезде білімі жетілдірілген дәрігерлер мен медбикелер жетіспейтін. Денсаулық сақтау басқармасы басшыларының бірі ретінде Тұрар Сейдуманов барлық іссапарлары барысында медицина қызметкерлерін жіті назарға алып, қадағалайтын. Өз ісін жетік меңгергендерінің жеке іс қағаздарымен танысып, әңгімелесуге шақыратын. Мүмкіндігінше оларға көмектесетін. Баспана және басқа да тұрмыстық қажеттіліктеріне жәрдем беретін. Білімдерін жетілдіру үшін оқуға жіберетін.
Мысалы, кейіннен облыс орталығындағы ең танымал дәрігерлердің біріне айналған Әзімхан Қайназаровтың Қырғызстаннан Жамбылға ауысуын ұйымдастырған. Тұрар Сейдуманов өзінің де білімін ұдайы жетілдіріп отыруға ерекше көңіл бөлген. Медициналық жетекшілер мен тәжірибелі дәрігерлер Мәскеуге емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеруі үшін арнайы курстарға жіберіліп тұратын. Міне, осындай 6-8 айға созылатын курстардан Тұрар да шет қалмайтын. Әрине, жарты жылдан астам қонақүйлер мен жатақханаларда күнелтудің оңай емес екені белгілі. Осыған байланысты Рахима Аманжолқызының да балаларын ертіп, Мәскеуге барып-қайтқан кездері аз емес-тін.
Тұрардың Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрігері болып жүрген кезінде республикамызда Торғай және Жезқазған облыстары құрылған болатын. Сондықтан жаңа пайда болған облыстарға білікті деген медицина қызметкерлері қажет болды.
Сол жылдары денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып жүрген Төрегелді Шарманов Тұрар Сейдумановты жақсы танитын. Олар сала қызметі бойынша жиі кездесетін. Тіпті қоғамдағы келелі мәселелер мен қызмет, жалпы өмірге деген көзқарастары сәйкес келетін, пікірлестер де еді.
Сондықтан да болар, министрдің Арқалықтағы облыстық денсаулық сақтау басқармасына басшылық қызметін ұсынғанында Тұрар бірден келіскен.
Тұрардың Торғай облысындағы бес жылдық қызметі жемісті болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының үлкен әлеуметтік жеңісі мен жетістігі – ауылдардағы дәрігерлік учаскелер мен амбулаторияларды, фельдшерлік пункттерді қажетті құрал-жабдықтармен, аппараттармен және санитарлық көліктермен толықтыруы еді.
Одан кейінірек Жамбылға селолық амбулаторияның бас дәрігерлігіне ауысады.
Бірнеше жылдан соң Алматыда тұрақтап қалған балаларына барады. Астанада «Шымбұлақ» шипажайы бас дәрігерінің орынбасары, «Алматы-1» теміржол стансасының ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейді.
Тұрар мен жұбайы Рахима Аманжолқызы үшін балалары мен отбасының жағдайы бірінші кезекте тұратын. Балалар балабақшаға барған жоқ, Халбүбі әжесінің қолында өсті. Ата-аналары да қолдары қалт етсе отбасына асығатын.
«Әлі есімде, алты-жеті жасымда әкем мені іссапарға бірге алып шығатын. Алыс жайлаулардағы малшылардың киіз үйлерінде қонып, түнейтін кездер де болатын. Сол жақта жүрген кездері мен тұңғыш рет атқа міндім. Әкем жұмысы жайлы жиі әңгімелейтін. Әріптестерімен де таныстырды. Ондағы ойының дәрігер деген жауапты да сауапты мамандықтың қыр-сырымен танысып, халқымыздың «Әке көрген оқ жонар» дегеніндей өзінің ізін басуға шақырғаны екенін кейін түсіндім.
Балалық шағымда тағы бір есте қалғаны – үйімізде жақсы кітапхананың болғаны. Әкем кез келген кітап дүкеніне соқпай кетпейтін. Сондай-ақ, газет-журналдар сататын дүңгіршектерден де оқуға тұрарлық түрлі әдебиеттер мен басылымдарды сатып алуды әдетке айналдырған. Оның қашан көрсең кітап оқып отыратыны көз алдымда», – деп еске алады ұлдың кенжесі Манат.
Сейдумановтардың өскелең ұрпақтары да қара жаяу қалмауда. Тұрар аға мен Рахима Аманжолқызынан өрбіген немерелерінің жартысы бірнеше шет тілдерін меңгергендерімен қатар, докторлық дәрежедегі мамандар.
Тұрекеңнің мінез-құлқы мен құлшынысынан ерекше еңбексүйгіштігі, оптимистігі, кез келген қиындықтарға мойымайтын қасиеттері сезіліп тұратын. Тоқсаныншы жылдың басында құрылысы бітпеген бір үйге қоныстанарда халқымыздың дәстүрі бойынша туыстарын, достарын және көршілерін Асарға шақырған. Көмекке келгендердің жұмысына бас-көз болып, өзі де белсене араласып кеткен Тұрекеңнің аяғына абайсызда ауыр шпал ағаш түсіп кетеді. Жарақатын бірден дәкемен таңып алған Тұрар асаршылармен бірге тынбай жұмыс істеген. Сонда оған: «Мынадай жарақатпен қалай шыдап, жұмыс істегенсіз», деп таңғалған екен дәрігерлер.
Сарысу аудандық туберкулез ауруханасының бас дәрігері болып жүргенінде де әрдайым науқастармен жақын байланыста болғандықтан өзінен де ауру белгілері байқалған. Сол кезде де Тұрекең, ешкімге шағымданбай-ақ өзін-өзі емдеп жазған.
Әрине, бойына жақсы қасиеттер мен мінез-құлықтың қалыптасуына оның тектілігінің де әсері мол болды. Бұл тұрғыда оның әкесі Сейдуман атаның 4-ақ класстық біліммен, небары 23 жасында колхоз төрағасы болғанын еске алсақ та жеткілікті. Ал, оның ұлы Тұрар ірі медициналық мекемелердің бас дәрігері болып, облыстық денсаулық сақтау басқармаларына да басшылық етті. Облыстық Кеңестің депутаты болып сайланған. «КСРО Денсаулық сақтау саласының үздігі» атағымен үш мәрте марапатталған.
Тұрар жоғарыда айтылған бойына туа біткен жақсы қасиеттері мен көркем мінезінің арқасында қызметте лауазымы да, абыройы да асқақтады.
Әйтседе, ол өзінің жете алмаған жетістіктеріне балаларының жететініне кәміл сенді.
Әкелерінің сол сенімін ақтаған Тұрар Сейдумановтың балалары еліміздің сыйлы, танымал тұлғаларына айналды.
Жарылқасын НҰРАЛИЕВ,
Ақпарат саласының үздігі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді