Сенатор жаңа құрылыс нысандарын аралады

Сенатор жаңа құрылыс нысандарын аралады
Ашық дереккөз
Білім – таусылмас қазына. Ел болашағы – білімді жастар. Мемлекет басшысының жақында жариялаған Жолдауында да ғылым, білім саласына ерекше мән берілді. Президент: «Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы маңызды жұмысты «Самұрық – Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуы тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын», деп атап өтті.

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков бірқатар жаңа құрылыс нысандарын аралады. Әсіресе, «Жайлы мектеп» жобасымен салынып жатқан мектептерге ерекше мән берді.

Бекболат Серікбекұлы жұмыс сапарын Тараз қаласы, Шөлдала алабындағы 600 орындық жайлы мектептің құрылыс жұмыстарымен танысудан бастады. Мұнда 5,5 миллиард теңгеге заман талабына сай білім ошағы салынып жатыр. Құрылыс 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Мердігер – «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның авторы әрі қадағалаушы – «Samruk-KazynaConstruction» акционерлік қоғамының өңірлік басқармасы. Сенат депутатына мұндағы құрылыс барысын «Агроспецстрой» ЖШС-нің директоры Марат Рахымбердиев таныстырса, «Samruk-KazynaConstruction» АҚ-ның өңірлік басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Сейдалин жұмыстың қандай сапада атқарылып жатқанын баяндады. Сенат депутаты Бекболат Серікбекұлы: «Мұнда келуіміз сіздерге сенбегендіктен емес. Құрылыс барысын өз көзімізбен көру – бәрімізге де тиімді. Сіздерде құрылысқа кедергі болып жатқан қандай мәселе бар? Инфроқұрылымның сапасы қандай? Қаржы мәселесі бар ма? Осы мәселелерді сіздермен бірге біліп, Үкіметтің алдында, «Самұрық – Қазына» қоры басшыларының алдында көтеремін. Ол үшін осындағы жұмыспен танысу маңызды», деді.

Бекболат Орынбеков келесі сәтте Тараз қаласы, «Бәйтерек» шағынауданында салынып жатқан 1200 орындық жайлы мектептің құрылысын барып көрді. Мұнда мердігер «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Самұрық – Қазына» қоры арқылы бөліну үшін көзделген қаражат 6,8 миллиард теңге. Аталған жайлы мектепте екі асхана, екі спорт залы болады. Үлкен мәжіліс залының да көптің көңілінен шығатыны анық. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, аталған мектеп құрылысы қыркүйек айының соңында дейін аяқталмақшы. Мердігер компанияның басшысы: «Мұнда қазір екі ауысыммен 320 адам еңбек етіп жатыр. Жалақылары 300 мың теңгеден кем емес. Еңбек өнімділігіне қарай 400 мың теңге жалақы алатындар да бар. Құрылысты уақтылы тапсыруға бізде мүмкіндік бар. Облыс әкімдігі де, «Samruk-KazynaConstruction» акционерлік қоғамының өңірлік басқармасы да қызу қолдап отыр» деді. Өз сөзінде Бекболат Серікбекұлы: «Мынау жайлы мектепті биыл қыркүйек айының аяғына дейін бітірсеңіздер өте жақсы. Бірақ, сапасына ерекше мән беріңіздер. Күннің көзі жылып тұрған кезде қарқынды жұмыс істеп, нысанды уақтылы тапсырамыз деген талаптарыңызды құптаймын. Қаржының кідіріссіз бөлінуіне ықпал етемін», деді.

Мұнан соң Сенат депутаты Тараз қаласы, «Ұлы дала» (15) шағын ауданындағы 2000 орындық жайлы мектептің құрылыс жұмыстарымен танысып, сапасына назар аударды. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы Асанбай Асқаров көшесінің соңындағы 16-шағын ауданындағы 16 көпқабатты тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін жүргізу жұмыстарымен танысып, мамандардың пікіріне құлақ асты. Мұндағы жұмыстардың барысын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил айтып өтті. Бекболат Орынбеков осы тұста: «Өздеріңіз білесіздер, Тараз қаласында 16 қабатты тұрғын үй енді салынып жатыр. Сондықтан, оның сапасына, сейсмикалық жағына, тұрғындар үшін қауіпсіздігіне аса назар аударған жөн. Жалпы, Тараз қаласының да тұрғындары көбейіп келеді. Оған қуанамыз. Сондықтан, сапалы көпқабатты тұрғын үйлер салу кезек күттірмейді. Бірақ, жауапкершілік естен шықпауы керек», деген Бекболат Орынбеков жалпы Әулиеата өңірінде жүріп жатқан жаңа құрылыстарды өз деңгейінде деп бағалады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар