Айта кетейік, бұл бөлім әуелгіде Тараз қаласындағы таулы атқыштар бригадасының құрамында болады. Ал, кейін жеке батальон болған соң, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына тікелей бағынысты мекемеге айналды. Сөйтіп, 2013 жылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасына сәйкес, полк болып жасақталды. Бірі білсе, бірі білмес, дәл осы Әскери бөлім Ауған соғысының ардагері, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың идеясымен құрылған. Бұл күнде таулы-егерьлік полкі ТМД елдеріндегі осы бағыттағы жалғыз полк. 91678 әскери бөлімінің жауынгерлік тапсырмасы бір сөзбен айтқанда – таулы аймақтардағы қорғаныс пен ұрысты ұйымдастыруға арналған. Ал, мұндағы взвод командирі, аға лейтенант Шоқан Айназардың міндеті – бейбіт уақытта сарбаздарды және сержанттарды әскери іске дәйекті оқыту. Яғни, саптық дайындық және атыс, тактикалық дайындықтарды үйрету. Жалпы, Шоқан Исаұлы Тараз қаласында өмірге келген. 2016-2020 жылдары Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында курсант болған. Еңбек жолын Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде взвод командирі болып бастаған ол өткен жылдың маусым айында 91678 әскери бөліміне ауысып, мұнда да взвод командирі қызметіне тағайындалады.
– Бала кезден әскери қызметші болуды армандадым. Алға мақсат қойып, оған жете білудің өзі үлкен жетістік деп есептеймін. Әрине, әскери өмірде қиындықтар көп. Себебі, әскери қызметшіге жүктелген жауапкершілік жүгі ауыр. Тәртіпке мойынсұну керек. Кісіге бағыну, өзің де кісіні бағындыра білу, дұрыс шешім қабылдау оңай шаруа емес. Командир болғандықтан, бірде қатал, бірде жұмсақ болуың керек. Әр қызметшінің жағдайына кіре білуің қажет. Әскерге келген әр сарбаздың жағдайы да әртүрлі. Мұнда ата-анасынан дұрыс тәрбие алғандар да, керісінше, тәлім-тәрбие алмағандар да кездеседі. Олардың барлығын біріктіріп, бір жүйеге түсіру үшін үш-төрт ай тынымсыз еңбек етеміз. Адамның рухани жан-дүниесімен жұмыс істеу – ең қиын жұмыс. Сарбаздар аптасына екі күн ата-анасымен бейнебайланыс арқылы сөйлеседі. Рас, сарбаздар отбасында қиындықтар болғанда күйзеліске түседі. Біз оларды осындай қиын жағдайда назардан тыс қалдырып алмауымыз керек. Дер кезінде көмек көрсетіп, қажет жағдайда заңды демалысқа жіберуге мүмкіндік болса, демалысқа жіберуге тырысамыз. Сарбаздар тек жаттығу, дайындық сабақтарымен ғана емес, бос уақытында өзінің сүйікті ісімен де айналыса алады. Мәселен, домбыра, гитара тартып, шахмат, дойбы ойнайды. Әскери бөлімде түрлі спорттық жаттығуларды да жасауға мейлінше мүмкіндіктер жасалған. Жалпы, сарбаздардың әскердегі әр күні өмірлік сабақ. Сарбаздар арасында әлімжеттік деген жоқ деп айта аламын. Себебі, бөлімде бейнебақылау камералары орнатылған. Әлімжеттік көрсетіп, тәртіп бұзғандар заң аясында қатаң жазаланады. Сонымен қатар, күн сайын кешкісін арнайы топ сарбаздардың дене бітімін толық тексеріп отырады. Біздің мақсатымыз – сарбаздарды қару ұстап, барлық жағдайға дайын болуға үйрету. Мәселен, жаман әдеттерге әуес сарбаздарға күнделікті оның зияндығы туралы түсіндірме жұмыстар жүргізіліп, өзін-өзі тәрбиелеуге қолымыздан келгенше жұмыс істейміз, – деген взвод командирінің ендігі арманы – үлгілі отбасын құрып, халқына адал қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу екен.
Ал, әскер қатарына жақында ғана келген жас сарбаз Рамазан Айдосұлы Шымкент қаласының тұрғыны. Әкесі Айдос Шымкент қаласында 35748 әскери бөлімінде қызмет етеді. Шені – майор. Ал, анасы аспаз болып жұмыс істейді. Рамазан бес ұл-қыздың үлкені.
Ол 2005 жылы өмірге келген. Мектеп бітіріп, Шымкенттегі медициналық академияға фармацевтика мамандығы бойынша оқуға түскен. Алайда, бұл оқуға өзінің жүрек қалауымен түспеген соң, бірінші семестрден кейін оқудан шығып кетеді. Оның да арманы – әскери қызметші болу. Осы себепті, Шымкент қалалық қорғаныс бөліміне барып, өзі сұранып әскер қатарына алынады. Әскерден кейін Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсуді жоспарлап отыр. Ол үшін әскерден кейін ҰБТ тапсырмай-ақ оқуға түсуге мүмкіндігі бар екенін де айтты.
– Мен бала кезден спортпен шұғылдандым. Дзюдо күресінен аудандық, облыстық жарыстарда чемпион болдым. Халықаралық жарыста жүлдегерлер қатарынан көрініп, «Спорт шебері» атағына үміткер атандым. Мектеп қабырғасында «Айбын» атты әскери-патриоттық жарысқа қатысып, І орын алып, құрама командаға мүшелікке алынғаным бар. Осылайша, Қарағанды өңіріндегі «Спасск» полигонында 19 команда жарысқа түстік. Бұл жарыстың қорытындысында біздің команда 7 орынды иеленді. Жалпы, Әскери қызметші болу үшін ер азаматқа тән қасиеттерге ие болуың керек. Менің әкем әскери қызметші. Ол тік мінезді, екі сөйлемейтін жан. Маған әкемнің мінезі, ұстанымы ұнайды. Сондықтан, әскерге өз еркіммен қуана-қуана келдім. Әскерде ата-анаңа деген құрметің арта түсіп, уақыттың қадірін білесің. Өзіңнің қабілеттеріңді ашуға тырысасың. Қазіргі таңда әскердегі достарыммен бірге өзімізді жақсы жағынан көрсетуге барымызды салып жатырмыз, – дейді жас сарбаз.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді