Әкеммен қызметтес, замандас болған, жақын араласқан азаматтар, сырлас інілері бүгін барынша азайған, оралмас сапарға аттанып, алысқа ұзаған. Олардың балаларының өзі де казір егде тартып, ұлғайған. Немерелері азамат болып, берекелі қызмет атқарып, ел қамын ойлауда. Олар менің әкем туралы естіді ме, жоқ па, білмеймін. Бірақ, әке туралы әңгімелер ел жадында болар деп ойлаймын.
Әкем Қанатбеков Шоланбай 1924 жылы жарық дүние есігін ашқан екен. Әке тағдыры ерекше. Ата-анасынан ерте қалады. Қиындықты көп көрген. Қызметке жастайынан араласқан. Ол кісі 1944 жылы Коммунистік партия қатарына өтіпті. 1944-1946 жылдары Сарысу аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, 1950 жылға дейін аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. 1952-1957 жылдары аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1957-1960 жылдары Сарысу аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.
1963 жылы аудандар біріктіріліп, халық абыржулы күйде болатын. Сарысу және Талас аудандарының қосылуына байланысты әкем аудандағы басшылық қызметінен совхоздың партия ұйымының хатшылығына ауысқан кезі.
Сол 1964 жылдың 7 шілдесінде «Бостандық» ауылында бейбіт өмірмен таласа әділдік пен пасықтықтың, мейірім мен қатыгездіктің, шындық пен жалғанның арпалысы өтіпті. Өкінішке қарай, қатыгездік басымдық алды. Қаскөйлікпен айқаста асыл әке оққа ұшып, қаза тапты. Бірақ, ардақты әкем сол айқаста тайсалмапты, ажалға тік қарапты. Майданға айналған сол партия жиналысында әкеміз нағыз ерлік көрсетіпті. Отан соғысында үңгір аузынан жауып тұрған оққа баудай түсіп қырылып жатқан достарын құтқару мақсатында өз денесін қалқан етіп, отандастарын ажал аузынан алып қалған хас батырдай, әкем де әділдік пен шындықты, жақсылық пен игілікті қарау мен озбырлықтан ойланбастан қорғап жан беріпті. Мұны қалай ұмытарсың, мұны қалай естен шығарарсың?!
Әкем келмес сапарға аттанғанда асыл анам отыз тоғызда екен. Әке соңында төрт ұл, төрт қыз қалдық. Үлкені мен. Сіңлім Жанна ана құрсағында. Казір ойлап отырсам, әке қандай ерлік жасап кетсе қысқа өмірінде, асыл анам да биік мықтылық байқатып, асқан жанкештілік еңбек жасапты-ау ұзақ ғұмырында. Барлығымыздың адам болып, білім алуымызға барын салыпты асыл ана. Кейбір отбасы түп-түгел отырғанның өзінде де бір-екі ұрпағына ылайықты тәрбие-білім көрсетіп, бере алмайтынын бұрын да, казір де көріп келеміз. Ол кісі тоқсанға жақындап, әке бейіті қасында ертелеу жарық дүниемен қош айтысқан Нұржан бауырымның жанында мәңгілік жай тапты.
Жамбылда өзбек ағайынның пәтерінде тұрамыз, оқып жатырмыз. Мәкіш, Мәдина, Күләш төртеуміз. Осы пәтерді ардақты әке өзі тауып, бізді орналастырған. Қалаға келгенде маған бір зат немесе киім алса барлығымызға да соны бірдей етіп алып береді. Бұл аса кең жүректің белгісі шығар, шамасы.
Уақыт асқан сайын әке ерлігі ұшталып, өзгешеленіп, биіктей береді екен. Тағы да сол ұмытылмас елес. Партия жиыны өтіп жатыр. Төрде екі азамат. Біреуі әкем, екіншісі ауылдық кеңес төрағасы. Жиын ортасында милиция қызметкері кіреді ортаға. Оған алдын ала күрделі тапсырма берілген еді. Тапсырманы қалай орындағанын айтуға келіпті. Бірақ, тапсырма орындалмапты, әділдік еңкейіпті, шындық төмендепті. Осыны байқаған әкем оған кейіс білдіріпті. Соның арты жаңағының оқ атар қаруына жармасуына ұласып, төрде отырған екі азаматты атумен аяқталады. Сонда деймін-ау, зал адамға толы болған көрінеді. Жаңағы көпшіліктен бір адым ғана жерден төрге қаруын бағыттап тұр. Атыс басталысымен жұрттың барлығы бұғып қалған. Ішінен бір жүректі азамат табылып жаңағының қолына жармасса ғой, әкем аман қалары анық, әрине. Өкінішке қарай ондай ержүрек азамат сол зәулім залдан табылмапты.
Осында биік мән жатқан сияқты. Немқұрайлылық, маған тимесе болды, өзім аман болайын, өзгенің жағдайын ойлайтын уақытым жоқ. Осы мінез казір де бар. Сонда қоғам мен елдің болашағын кім ойлап, кім күйттейді? Менің ардақты әкем ойлады жұрттың жоғын, күйттеді елдің қамын, бағдарлады бақытты болашақты! Әділетсіздікке қасқайып қарап тұрды, төніп тұрған ажалдан қаймықпады, өн бойы жастайынан тәрбиеленіп, шындықты, адалдықты қолдауға дағдыланған ақ ниетінен ауытқымады, таймады. Сөйтіп, қайтыс болды. Немқұрайлылығы басым осы заман азаматтары мен жастарға әкемнің осы мінезі асқан өнеге мен адуынды тәрбие емес деп кім айтар екен?! Ендеше, менің әкем өмірі мен жарық дүниеден қоштасуы қазіргі жастарға аса жоғары мәнді үлгі тұтарлық құбылыс емес пе, ағайын?! Осы мүмкіншілікті әкеме көше атын, ауыл атауын беріп неге іске асырмасқа?
Ардақты әкем жиырма-ақ жасында партия қатарына өтіп, аудандық партия комитетіне нұсқаушы болыпты. Отызға жетер-жетпесте аудан басшыларының бірі болған. Осыдан-ақ, ол кісінің қабілеті мен ақылының ерекше екенін байқауға болар. Ойлап қарайықшы, егер тағдыр әкеме қатерсіз ұзақ ғұмыр сыйлағанда ол ардақты азамат қандай биік шыңдарды игеріп, көндірген, бағындырған болар еді? Әйтпесе, кешеге дейін замандастары мен әріптестері, тәрбиесін көрген інілері әкемнің өмірін жыр қылып айтып отырушы еді ғой. Сондағы айтатыны – ол кісінің өткірлігі мен шешендігі, ірілігі, биік білімі мен жұртқа деген мол жанашырлығы, әзілкештігі мен зор өмірсүйгіштігі, байсалдылығы мен салмақтылығы, адамсүйгіштігі мен ел қамын жоғары ұстаушылығы.
Қайдан білейін, әкемнің көзін көріп, тікелей тәрбиесіне оранып өскен замандас балалары мен ұрпақтары қазір мүмкін өмірдің таусылмайтын күйбең тірлігінен қолы босамай да жүрген болар. Дегенмен, келешегін жарқын етемін деген азаматтар ең алдымен өз тарихын, өткеннің мағыналы, салмақты, аса құнды кезеңдерін таразылап, саралап, бағалап барып қана алдағы игілікті болашақ пен бақытты келешекті бағдарлап айқындамасы бар емес пе?
Асыл әкемнің туғанына биыл жүз жыл толады. Ардақты әке аты Саудакент көшесінің бірінде жарқырап тұрса екен деген де ойым бар. Болмаса, әке туып-өскен Жайылма ауылының аты жаңғырып, «Шоланбай Жайылмасы» деп қайта аталып жатса, кім қолдамай, қарсы шығар екен?! Тараз көшелері бірінің бас жағында әкем аты жастар болашағына сәуле шашып тұрса кімге зиян. Қайта, қысқа ғана өмірінде үлгеріп, атқарып кеткен баянды істері мен айтқан аталы сөздері өңір жастары үшін мәңгі өшпес үлгі болмас па еді?
Рабиға ҚАНАТБЕКОВА.
Қызылорда қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді