Жиынды аталған университет ректоры Мұхтар Байжұманов ашып, Президент Жолдауының маңызды тұстарына тоқталып, Мәлік Отарбаевқа сөз берді. Мінберге көтерілген Мәлік Нұржанұлы Жамбыл облысына жасаған сапарын аталған университеттен бастап тұрғанын айтып, жиналғандарға ел Президентінің сәлемі мен зор ықыласын жеткізді. «Мемлекет басшысының бұл Жолдауы осы кезге дейінгі мақсаттар мен саяси реформалардың жалғасы. Жолдау аясында Үкіметке жүзден астам тапсырмалар мен міндеттер жүктелді. Оның барлығы да дамуға бастайтын мақсаттар мен межелер. Біз томаға – тұйық емес, сырт елдермен алысы, берісі бар мемлекетпіз. Әлемдегі саяси жағдайлар біздің мемлекетке де әсер етеді. Қазіргі таңда әлемде экономикалық жағдайлар өзгеруде. Көптеген елдерде тұрақсыздық байқалады. Бізге шекаралас мемлекеттерде де қақтығыстар болып жатыр. Соған қарамастан еліміз даму жолында келе жатыр. Біз әлемдік трендтен қалмауымыз керек. Президент биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда үш мәселені ерекше назарға алды. Біріншісі – ынтымақ пен бірлік. Екіншісі – қоғамдық мәдениет, соңғысы – озық ойлы ұлтқа айналу. Жаңа Жолдау да осы мақсаттар аясын көздеді.
Біз тарихи тұлғаларымызға қашанда құрметпен қарап, бірімізді біріміз бағалап жүруге тиіспіз. Көктемгі су тасқыны кезінде халқымыздың бірлігі мен ынтымағы жарқырап көрінді. Зардап шеккен аймақтарға қол ұшын созуда жамбылдықтардың да үлесі аз болған жоқ. Сол сынақ сіздердің де жылы жүректеріңіз бен жомарт пейілдеріңізді көрсетті. Мен биыл 14 облысты араладым. Павлодар облысында болған кезімде бір орыс әйел көзіне жас алып: «Менің ұлтыма, кім екеніме қарамастан көмектескен кісілер болды. Мен Қазақстан мемлекетіне бас иемін» деген сөзін естідік. Тағы бір айта кетер мәселе, Түркия мемлекетінде жүргенімде Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» түрік тіліне аудардым. Сонда түріктің белгілі жазушысы: «Бұл әлем әдебиетінің озық шығармасы. Дәл қазіргі таңда Түркияда бұлай шебер жазатын жазушы жоқ» деп мойындады. Сіздер сол Шерхан Мұртазаның жерлесісіздер. Менің алдымда ел болашағы студенттер отыр. Президент сапалы маман дайындау, еңбек адамын құрметтеу туралы ерекше айтты. Сол сапалы маман – сіздер. Сіздерді дайындайтын – осында отырған оқытушы-профессор ұстаздар. Сіздер мемлекет саясатын қолдасаңыздар, біздің мемлекет озық болады», – деді Мәлік Нұржанұлы. Мұнан соң аталған университет студенттері Алмат Қалдыбек, Жәмила Сәрсен, Нұрсерік Абдуллаев құрметті қонаққа өз сауалдарын қойды. Оларды сұранысқа ие мамандықтар, Атом электр стансасы, лудомания мәселелері толғандырады екен. Мәлік Отарбаев барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, студенттерді сапалы білім алуға, бірнеше тіл білуге, терең ойлауға шақырды.
Бұдан кейін Президенттің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Тараз қалалық «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында Тараз қаласынан және бірқатар аудандардан жиналған білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Кездесу басталмас бұрын астаналық құрметті қонақ аталған оқушылар сарайының «Робототехника», «Автокөлік құрылымы» үйірмелерінің жұмысымен танысты. Оқушылар сарайының директоры Арайлым Әлекеева мұндағы оқушылардың қол жеткізген жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Білім қызметкерлерімен кездесуді облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, Жолдаудан туындаған міндеттер әр салада қызу талқыланып, халыққа серпін беріп жатқанын айтты. Іс-шара барысында облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов сөз сөйлеп, өңірдің білім саласындағы жетістіктерді жан-жақты айтып өтті. Былтыр республикалық «Көшбасшы» жобасынан іріктеліп шыққан 7 маман облыстың түрлі мектептеріне директор болғанын, биыл бұл жобаға 20 жас маман қатысып жатқанын, Байзақ ауданында алғашқы «Жайлы мектеп» салынғанын, жыл соңына дейін 19 жаңа білім нысаны ел игілігіне берілетінін, мұның бәрі мемлекеттің қуаттылығының арқасында, Жолдаудағы міндеттерді орындау барысында мүмкін болып отырғанына тоқталды. Мұнан соң Тараз қаласындағы №30 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясының директоры Рахия Есеева, Тараз қаласы №14 М.Мақатаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мәулен Жаппасбаев жаңа Жолдау жүктеген міндеттерге, ұстаздарға қойылып отырған жарқын талаптарға тоқталды.
Жиында сөйлеген Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мемлекеттің ұстанып отырған берік саясатына, Президенттің Жолдауы ел дамуын ілгерілететін басты құжат екеніне тоқталды. Мәлік Нұржанұлы: «Президентіміз әділдік сөзін үнемі айтып келеді, өзі әділетті істі қалайды. Әділдік деген – мемлекеттің мүддесін жеке мүддеден жоғары қою. Сабақтастық – мемлекеттік дәстүрді жалғастыру, өрлеу – мемлекеттің тоқтаусыз дамуы. Президент Алтын Орда дәуіріне аса мән беріп отыр. Біз сол дәуірдің заңды мұрагерлеріміз. Жошы – біздің бабамыз. Қазақ елінің тарихы әріден бастау алады. Біздің Жошы ханның 800 жылдығын атап өтуіміз терең тарихымызды жаңғырту. Жиын соңында айтарым, Президент мерзімді басылымдарды оқиды. Кейбір газеттердегі мәселелерге назар аударып, біздерге нақты тапсырма беріп отырады. Президент кітап оқиды. Біз озық мемлекеттер қатарына руханиятымызды дамыту, кітап оқу арқылы жетеміз. Білім қызметкерлеріне мерзімді басылымдарды оқуға, күнделікті жаңалықтардан хабардар болып отыруға кеңес беремін. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін», – деді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жиынды қорытындылап, мазмұнды сөздері үшін Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаевқа және сөз сөйлеген ұстаздарға алғысын білдірді.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді