ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМДІ АРТТЫРУ – БАСТЫ МІНДЕТ
Ең алдымен әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету басты мақсат екендігін алға тартқан аймақ басшысы бұл бағытта өсім динамикасы бар екендігін атап өтті. Өңірде жыл басынан қысқамерзімді экономикалық өсім 103,3 пайыз деңгейінде қалыптасып, құрылыс пен көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй, сауда салаларында айтарлықтай өсім байқалған.
– Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Биылғы жылдың жеті айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 494,9 миллиард теңгені құрап, 96,7 пайызға жетті. Десе де, әлемдік нарықтағы бағаның 1145 доллардан 490 долларға дейін төмендеуіне байланысты минералды тыңайтқыштар өндірісінің қысқаруы, басқа елдерден арзанырақ өнімдерді әкелу есебінен қант өндірісінің төмендеуі бар. Осыған сәйкес, жыл соңына дейін алдымызда өндіріс көлемін арттыру міндеті тұр. Біз бұл өсімді KORCEM цемент өндіру зауыты, Karatau Chemicals пиросульфит өндіру зауыты және «Шатыркөл» байыту фабрикасы сияқты ірі өндіріс орындарын іске қосу арқылы қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп өндірісті жаңғырту және өнім түрлерін кеңейту үшін инвесторлар іздеу жұмыстары жүргізілуде, – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірге инвестиция тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыс әкімінің сөзінше, бүгінде облыстың инвестициялық қоржынын жалпы құны 2,5 триллион теңге болатын 70 жоба құрайды. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,8 триллион теңге болатын 13 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 6,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Жалпы, жыл басынан облысқа 247,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан.
Бұл бағытта өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салуды жоспарлап отырғанын жеткізген облыс әкімі «Zhambyl Invest» дирекциясының жұмысы жөнінде айтып өтті. Мамыр айында ашылған дирекция отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Олар – рұқсат құжаттарды алу, инвесторларға виза беру, инвестициялық келісімшарттар жасау және инвестициялық преференциялар алу, сондай-ақ, инженерлік желілерді орнатуға көмек көрсетуді жүзеге асырады. Бүгінгі таңда дирекция түрлі салаларда әзірленіп жатқан 30-ға жуық инвестициялық жобаға қолдау көрсетуде, оның тоғызын жақын арада іске қосу жоспарланған. Жобаларды іске асыру айтарлықтай мультипликативті нәтиже береді деп күтілуде.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ
Бұған дейін Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту аса маңызды міндет болып қала беретіндігін жеткізген болатын. Соған сәйкес, өңірде жыл басынан бері аталған салаға 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында 1612 басқа арналған үш тауарлы-сүт фермаларының құрылысы, сыйымдылығы 35 мың тонналық алты көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суару және тері мен жүнді өңдеу бойынша екі жоба қаржыландырылған. Аталған жобалар келесі жылы қолданысқа енгізілмек.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 21,4 миллиард теңге субсидия бөлініп, жеті айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 пайызға өскен. Бұл бағытта бірегей бастамалардың бірі саналған «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 10,5 миллиард теңгеге 1200 жоба қаржыландырылып, мамыр айында жергілікті бюджет есебінен 89 бірлік техника алынған. Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев суармалы жерлерді қалпына келтіру жұмыстарының жалғасып жатқанын жеткізді. Бекітілген Жол картасы аясында 2028 жылға дейін 124 мың гектар егіс алқабын қалпына келтіру жоспарланса, бүгінгі таңда соның 47,5 мың гектары қалпына келтірілген. Сонымен бірге 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу, жергілікті бюджет есебінен тоғыз, республикалық бюджеттен үш су қоймасын салу қолға алынбақ. Облыс әкімінің айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптар толық сумен қамтамасыз етіліп, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайтып, ауыл шаруашылығы өнімінің екі есеге артуына септігін тигізбек.
Бұл салада Үкіметтің статистикалық деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмасына сәйкес зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын. Осыған сәйкес, бұған дейін игеріліп жатқан жалпы егістік көлемін және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша есептер ұсынуда сәйкессіздіктер анықталған еді.
Ал, жақында ғана Президент Қазақстан халқына Жолдауында 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін айтқан болатын. Басқосуда облыс әкімі аталған көрсеткіште өңірдің қаншалық үлесі бар екендігін сұрап, сауал жолдаған ардагер журналист Амангелді Әбілге жауап берді.
– Өкінішке қарай, бізде 700 мыңға жуық мал басы жайында ақпараттың жалған екендігі анықталып отыр. Оның ішінде 600 мыңға жуық ұсақ мал санатта жоқ. Бұдан бөлек, жылқы мен мүйізді ірі қара мал басы жоқ болса, ең төменгі көрсеткішті түйе малы құрап отыр. Мұның бәрі әрине, бір жылда ғана емес, бірнеше жылдар аралығында қалыптасқан мәселе. Сондықтан статистикамызды нөлге теңестірудің маңыздылығы зор. Өйткені, бұл біріншіден, субсидия бөлу ісіне кері әсерін тигізеді, – деді Ербол Қарашөкеев.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН
Бұған дейін де өңірдің кадрлық әлеуеті мен халықтың әл-ауқатын арттыруда, адам капиталын қалыптастыруда инфрақұрылымның маңызды рөл атқаратынын айтқан аймақ басшысы облыста тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жаңа шағынаудандар салынып жатқандығын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есеге дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен бірге 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқан болса, соның ішінде биыл 51 үй тапсырылмақ. Осылайша, 2569 пәтер ел игілігіне берілмек. Одан бөлек, аймақ басшысы облыста жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы биыл да жалғасын табатындығын айтып, көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізу, ойын алаңдарын салу, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер сатып алу ісі жалғасын табатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге биыл 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде 22 ауылдық елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу және 15 елді мекенде кешенді-модульдік блоктарды орнату жоспарланған. Ал, табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша биыл облыста 12 жоба шеңберінде қосымша үш елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланған.
Кездесуде жылыту маусымына дайындық жайы да сөз болды. Облыс бойынша ұзындығы 350,7 шақырымды құрайтын жылу желілерінің тозу деңгейі 55,5 пайызға жеткендігін атап өткен Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау мүмкіндігі қаншалықты екендігін сұраған журналистерге жалпы жобаны аз уақытта іске асыру сапасына айтарлықтай кері әсер тигізетіндіктен келесі жылға аяқтау жоспарланғанын айтты.
Облыста жылыту маусымына дайындық бойынша жобалар Тараз қаласынан өзге Шу, Жаңатас, Қаратау қалаларында да жүзеге асуда. Бұл жобаларды іске асыру тозу деңгейін 51,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.
Ал, экономиканың күретамыры саналған автожол саласын дамытуға облыста биыл 25,2 миллиард теңге бөлініп, бір көпір мен 16,5 шақырым көше жолдарын салу, үш шақырым қайта жаңарту және 655 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 99 пайызға, көше жолдары желісін 87 пайызға жеткізу көзделуде.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЗОР
Әлеуметтік саланың қоғамдық дамудың кепілі екендігіне тоқталған Ербол Қарашөкеев биылғы жылы Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес, өңірде алты мыңға жуық жұмыс орны құрылғандығын, әлі сегіз мыңдайын ашу жоспарда екендігін жеткізді. Бұл бағытта өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 38 961 жұмыс орны құрылған болса, Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралардың іске асуы нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны өткен жылғы 42,2 мыңнан 9,5 мың адамға азаяды деп күтілуде.
Білім саласы бойынша биыл 19 білім беру нысаны салынатындығына тоқталған аймақ басшысы оның жетеуі «Жайлы мектеп» болатындығын айтты. Еске сала кетсек, бұл типтегі алғашқы білім ошағы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында пайдалануға берілген болатын. Алдағы уақытта ел игілігіне берілетін мектептер оқушы орын тапшылығы бар 9 мектеп пен 4 үш ауысымды, 3 ескірген, 2 апатты мектептің проблемалары шешіледі деп жоспарланған. Бұдан өзге, биыл 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бұл ретте облыс әкімі «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаевтың жасөспірімдер арасында қылмысты азайту бағытындағы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығы туралы сауалына:
«Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсатымыз. Биыл облыстағы мектептер бейнебақылаумен 82,9 пайызға, турникеттермен жабдықтау 85,5 пайызға, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету 83,7 пайызға жүзеге асып, дабыл түймелерімен толығымен қамтамасыз етілді. Бұрын білім нысандарының рейтингі құқықбұзушылықтардың аздығымен есептелсе, ендігінде қай мекеме олқылықтарды жасырмай жариялау фактілерімен өлшенеді», – деп жауап берді.
Сондай-ақ, аймақ басшысының сөзінше, облыста денсаулық сақтау мекемелерінің тозу деңгейін төмендету мақсатында 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарлануда. Оның ішінде 2,6 миллиард теңгеге 20 нысан құрылысы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде жүзеге аспақ. Бүгінде Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылында медициналық пункт, Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылында фельдшерлік-дәрігерлік пункт, Байзақ ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында дәрігерлік амбулатория іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанды пайдалануға беру көзделуде.
Бұдан өзге халықты сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында төрт нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан болса, Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында орталық ауруханалар салу және Меркі, Шу, Талас аудандарында көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар, 4,7 миллиард теңгеге 38 санитариялық автомобиль және медициналық жабдық сатып алу жоспарланған.
Ал, ұлт денсаулығының кепілі саналған спортты дамыту бағытында биыл 13 спорт нысанының құрылысы аяқталып, 45 спорт алаңшасы пайдалануға берілетіндігін айтып өткен облыс әкімі Париж Олимпиадасындағы жетістіктерге тоқталып, Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарынан да күтеріміз көп екендігін жеткізді. Еске сала кетсек, 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарына облыстан 17 спортшы қатысады. Олар спорттың 8 түрінен, соның ішінде көкпар, жамбы ату, құстармен аң аулау, қазақ күресі, белбеу түрлерінен бақ сынайды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, мәдениет саласын дамытуға 14,4 миллиард теңге бөлініп, 16 нысанның құрылысы және 2 нысанда күрделі жөндеу қолға алынған. Ал, мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен облыста 217 үйірмеде 6,8 мың бала қамтылған.
Өңірдің тарихи орындарға бай туристі әлеуеті жоғары екендігін де атап өткен облыс әкімі қазіргі таңда жеті инвестициялық жоба іске асырылып жатқандығына мән берді. Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл ауданындағы «Алмалы» демалыс орталығы, Жуалы ауданындағы «Koksai resort» демалыс аймағы және Тараздағы «Зербұлақ» аквапаркі халық игілігіне берілген болатын. Соның есебінен биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 40,8 мың турист келген. Жиында облыс әкімі Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионовтың Саудакент маңындағы Күлтөбе қалашығын зерттеу туралы ұсынысына да тоқталып өтті.
– Тарихи орындарды қазғаннан бұрын, оны сақтап қалу аса маңызды. Бұл ретте жаңа технология қажеттігін айтып, басқарма басшысына да тапсырма жүктеген болатынмын. Алдағы уақытта мұның мүмкіншілігін тиісті тарихшы-археолог мамандармен кеңесетін боламыз, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Баспасөз жиынының соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қоғамдық байланыс пен жастар мәселесіне тоқталып, БАҚ өкілдерінің кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық саласын жабдықтау, қоғамдық көлік қатынасы мен Тараз қаласының дамуына қатысты сауалдарына жауап берді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді