Басқа ұлт өкілдері, дене бітімі немесе әлеуметтік жағдайы ерекше балалар көбіне буллингке ұшырайды. Буллинг құрбандары психологиялық және эмоционалдық тұрғыдан үлкен зиян шегеді. Кейбір оқушылар мектептегі өздерінің әлеуметтік статусын арттыру үшін басқа балаларды қорлау арқылы өздерін мықты сезінеді. Бұл әсіресе көшбасшылыққа ұмтылатын балалар арасында жиі кездеседі. Буллингтің осындай бірнеше себептері бар. Оған отбасылық тәрбие, әлеуметтік статус, түсінбеушілік пен сабырсыздық, төзімсіздік әсер етеді.
Буллинг – мектептерде кездесетін маңызды әлеуметтік мәселе. Бұл оқушылар арасында агрессия, қорлау және кемсіту түрінде көрініс табады. Буллингтің салдары балалардың психологиялық және физикалық денсаулығына елеулі зиян келтіріп қана қоймай, олардың оқу үлгеріміне және жалпы өмір сапасына теріс әсер етеді.
Буллингке ұшыраған балалар көбіне қорқыныш, мазасыздық, депрессия, өзіне сенімсіздік сияқты психологиялық мәселелерге тап болады.
Буллинг құрбандары мектепке баруға қорқып, сабақтарға қатыспауы мүмкін. Бұл олардың оқу үлгеріміне тікелей әсер етеді.
Мұндай жағдайға ұшыраған балалар көбіне өз құрдастарынан оқшауланып, қоғамнан алшақтауы мүмкін. Бұл олардың болашақта әлеуметтік қарым-қатынас орнату қабілетіне кері әсер етеді. Осы орайда облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов:
– Кәмелетке толмағандар арасында буллингтің алдын алуға бағытталған «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесі өткен оқу жылынан бастап облыс мектептеріне пилоттық жоба ретінде енгізіліп, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкаяның «Бестерек» жобасы арқылы обл ыс психологтарының білімін көтеру қолға алынды. 2024 жылы ашылған «Облыстық психологиялық қолдау орталығында» білім алушылар мен олардың ата-ана ларына, педагог қызметкерлерге педагогикалық-психологиялық мәселелер бойынша консультациялар беріліп, кәсіби психологиялық көмек көрсетілетін болады. Сонымен бірге облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасымен Сall-орталық жұмысын бастады. Көрсетілген нөмірді теріп, бізге тікелей хабарласуға болады. Біз бірден қолға алып, шұғыл шешім қабылдаймыз, –дейді.
Буллингтің алдын алу және оны болдырмау ерекше қозғалып жатқаны бекер емес. Әркімді ойландыруы тиіс. Жағдайға байланысты тиісті шешімдер қабылдаған өте дұрыс. Оқушылар мен ата-аналарды буллингтің салдары мен оның алдын алу тәсілдері туралы ақпараттандыру артық болмайды. Буллингке ұшыраған оқушыларға қолдау көрсету мақсатында психологтар мен кеңесшілердің қызметін ұйымдастыру, оқушылар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін түрлі клубтар мен ұйымдар құру – жағдайды біраз жеңілдетері анық.
Мектептер ата-аналармен тығыз байланыста болып, олардың балалардың мінез-құлқын қадағалауына және қажетті қолдау көрсетуіне жағдай жасауы маңызды. Буллингтің алдын алу мақсатында облысымызда атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі. Жүйелі жұмыстың оң нәтижесі болатыны түсінікті.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
А.Тоқпанов театрына жаңа басшы тағайындалды
- Бүгін, 16:50
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді