Ал, парсы тілінде жарық көрген «Һодуд әл-аләм» кітабындағы деректер бойынша: «Меркі – хәллохтар (қарлұқтар) тұратын ауыл. Саудагерлердің де жолдары жиі түседі. Ол жерде қарлұқтардың үш тайпасы тұрады. Олар – бистан, хим және бериштер. Меркі мен Нуикста мұсылмандар мен түріктер өте көп шоғырланған. Бұл қалалар саудагерлер үшін өте ыңғайлы» делінген. Ғалымдардың Меркі қалашығын зерттеу барысында осы айтылған аңыздар жоғарыда көрсетілген жазба деректерге өте жақын келеді. Олар қаланың құрылыс қалдықтары, қыш бұйымдар жиынтығы, оның көркемдік бағыттары бұл қалада қолөнердің жоғары деңгейде дамығанын және Оңтүстік Қазақстан және Жетісу қалалары, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, сауда қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді. Осы арқылы Меркі қаласы Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды орталықтардың бірі болғандығын растайды.
Ең қызығы, Меркі ауылынан оңтүстікке қарай 38 шақырым жерде, биік тау үстіртінде, Меркі өзенінің жоғары ағысында ғибадатхана орны табылған. Бүгінгі ғылымда Меркі ғибадатханасы деген атаумен танымал тарихи аймақ ортағасырдағы түркілерінің мәдени-ғұрыптық кешені саналады. Мұндағы Аралтөбе, Қасқасу, Сандық, Ұлысай, Шайсандық ескерткіштері Меркі ескерткіш-кешен тобын құрайды. Кешен аумағы Меркі өзенінің аңғарынан басталып, таулы қыратқа дейін көтерілетін 250 шақырым жерді алып жатыр. Меркі ғибадатханасын тас балбалдар мен мүсіндер құрайды. Түркілердің мәдени-ғұрыптық танымы бейнеленген кешен археологиялық жұмыстар нәтижесінде Қазақстанның бірегей тарихи-табиғи мұрасы ретінде танылған.
– Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, тас мүсіндер, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Көненің көзіне айналған тарихи ескерткіштер жайында талай ғалымдар мен саяхатшылар көптеген мақалалар жазды. Оны алғаш рет 1895 жылы ғылыми негізде орыс ғалымы И.В.Аничков зерттеген. Ғалым өз еңбегінде балбалдарды тексергенін жазады. Содан кейін Ташкентке жіберген көрінеді. Оның айтуынша, аталмыш ескерткіштер арқылы түркі әлемінің жан дүниесін тану қиынға соға қоймайды. Десе де, көпшілік бұл орайда тарих ғылымының докторы А.Досымбаеваның жүргізген зерттеу жұмыстары ерекше болғанын айтады. Ол бұл жайында «Меркі – Жетісу түркілерінің киелі жері» атты кітабында жан-жақты баяндап берген. Оның пікірінше, тас мүсіндер ғұрыптық өнер ескерткіштері. Бұл мүсіндерді мыңдаған жылдар бойы көшпелі сақтар, сарматтар, түрік ашиналары, қаңлы мен қыпшақтар тұрғызған, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері Мадина Ибаділдаева.
Жалпы, тас мүсіндердің көшпелілер тарихында алар орны ерекше. Шығыстың ұлы шайыры Низами балбал мүсіндер туралы: «Қыпшақтардың барлық тайпалары ол жерге барған кезде, мүсіндерінің алдында барынша иіледі. Жолдан жаяу келсе де, атпен келсе де оған табынады», – деген. Қазақ жеріндегі тас мүсінді нағыз ғылыми тұрғыда Әлкей Марғұлан, кейінгі жылдары Айман Досымбаева зерттеген. Тас мүсіндер туралы ғалымдар арасында екі түрлі пікір бар екенін де айта кеткен жөн. Болжам жасаушылардың бір тобы мүсіндер атақты түркі ұландары шайқастарда өлтірген күшті жауларын бейнелейді десе, енді бір топ ғалымдар тас мүсіндер түркілердің өздерінің мықтыларына қойылған ескерткіштер дегенді айтады.
Деректерге сүйенсек, Меркі ғибадатхасында барлығы 64 мүсін орналасқан. Оның 31-інде әйел бейнесі көрініс береді. Ғибадатханадағы мүсіндерде жеке тұрған әйел немесе ер адам бейнесі бейнеленген. Меркілік тас мүсіндерде қолдарына ыдыс ұстаған әйел мүсіндері барынша мәнермен өңделген. Егер мүсінде келіншек бейнесі сомдалса сәукелесі, әшекейлері анық, ерекше көрсетілген. Мүсіндердегі бас киімдер мен көкірегіне тағылған әшекейлеріне қарап, әйел адамның жасын және қоғамдағы әлеуметтік дәрежесін ажыратуға болады. Меркі ғибадатханасындағы әйел адамдарына арналған тас мүсіндердің орналасуы, бейнелену ерекшеліктері көшпелі түрік қоғамында әйелдің ерлермен теңдей дәрежеде болғандығын аңғартады. Ғибадатханада ерлер мүсіні кескінделген балбал тастың түрлері көп. Тіпті, қолына қырғи ұстаған жігіттің бейнесі сомдалған балбал да көзге шалынады. Мұнда өзеннің бойынан табылған тас мүсіндерден көне түркі жазбаларын да байқауға болады. Мәселен, Ойтал өзенінің жағасындағы балбал таста «Менің өлімім – қайғы» деп жазылған.
Ата-бабаларымыз өнерлерін таста қалдырып, келер ұрпаққа өздері туралы жәдігер қалдыруы тегін емес. Олар жасаған ескерткіштерді жинастыру еліміз тәуелсіздік алған жылдары ғана жүзеге асты. Тас мүсіндерді іздестіруге, жинастыруға, ғылыми тұжырым жасауға кезінде қазақтың біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков үлкен ықпал еткен. Тас мүсіндер өнер, оның ішінде тас қашау, мүсін жасау, ескерткіш тұрғызу біздің ата-бабаларымызға тән болғанын көрсетеді. Оны насихаттау, жаңғырту және сақтау бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді