Жамбылдықтар жемісін көрген жарқын жобалар

Жамбылдықтар жемісін көрген жарқын жобалар
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын», – деді Президент. Сөйтіп Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасын дайындауды тапсырған болатын.

Бүгінгі күні бұл жоба халыққа таныстырылып, жұмыс істеуде. Яғни, Президенттің Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны – халықты тұрғын үймен, таза ауыз сумен, көгілдір отынмен қамтып, жалпы ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру. Ал, мұның барлығы құрылыс саласымен байланысты екені де белгілі.

Сонымен ауылдық аумақты дамытуға бағытталған тұжырымдаманың аясында Жамбыл ауданында өткен жарты жылдықта пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 39 мың 264 шаршы метрді құраған. Ал, жалпы ауданда тұрғын үй кезегінде 1721 адам тұр. Оның 120-ы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 633-і әлеуметтік әлсіз топқа жататындар, 614-і көпбалалы аналар болса, 354-і мемлекеттік қызметшілер. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның жалпы құны 568,4 миллион теңгені құрайды. Бүгінде 78 мың шаршы метрді алып жатқан көпқабатты тұрғын үйді биыл пайдалануға беру жоспарланған.

Халықты баспанамен қамтудың тағы бір жолы – үй салу үшін кезекте тұрған азаматтарға жер телімін үлестіру. Қазіргі таңда ауданда жер телімін алу үшін 20518 адам кезекте тұр. 2021 жылы 7 елді мекендегі жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, ауыз су, көгілдір отын тарту, қиыршық тас төсеу секілді жұмыстар жүргізіліп, кезектілікке сәйкес 1053 жер телімі халыққа үлестірілген. Тарқата айтсақ, Бірлесу Еңбек ауылында – 130, Тастөбеде – 79, Бесжылдықта – 97, Айша бибіде – 382, Бектөбеде – 143, Қызылқайнарда 222 жер телімі берілген.

Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, былтыр Аса ауылында кезекте тұрған азаматтарға 811 жер телімі таратылған. Жалпы, соңғы үш жылда 7 елді мекенде 1864 жер телімі тұрғын үй салуға берілсе, қазіргі таңда олар өздеріне тиесілі жер теліміне үй салуда. Ал тұрмысы төмен отбасылардың мәселесі соңғы төрт жылдан бері «Асар» жобасы аясында шешімін тауып келеді. Халқымызға тән осы дәстүр талай отбасының баспаналы болуына септігін тигізді. Бүгінгі күні осы жоба аясында әлеуметтік аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасы секілді қоғамның осал топтарына жеке тұрғын үй салып беру үшін ауданда 5 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа баспанаға таза ауыз су, көгілдір отынын тарту, электр желісімен қамту, барлығы да демеушілердің, қалталы кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының көмегімен іске асырылуда.

Бүгінгі күні жаңа тұрғын алқаптар көгілдір отын, электр энергиясы, таза ауыз су желісі мен жол инфрақұрылымын жүргізбейінше берілмейтіні белгілі. Осы жұмыстар атқарылғаннан кейін жер телімдері кезекте тұрған азаматтарға заң талаптарына сәйкес үлестіріледі. Әрине, ол кезек биліктің қатаң қадағалауымен жүргізіледі. Бүгінде Аса ауылындағы жаңа тұрғын үй алқаптарын электр энергиясы желісімен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ол құрылыс жұмыстарын аяқтауға аудандық бюджеттен 19,2 миллион теңге бөлінген. Ал аудан орталығы мен Айша бибі ауылының жаңа тұрғын үй алқаптарын таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін су мұнарасын салу жоспарлануда. Оның құрылысы үшін жалпы құны 10 миллион теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға өткізілген.

– Биылғы алты айдың қорытындысына қарайтын болсақ, ауданда 6,1 миллиард теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 102,6 пайызды құрады. Бұдан бөлек, аудан көлемінде жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын 32 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, республикалық бюджеттен жалпы құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба қаржыландырылған. Ал облыстық бюджеттен қаралған 212,9 миллион теңгені және аудандық бюджеттен бөлінген 1,6 миллиард теңгені құрайтын сомаға 12 жоба іске асырылу үстінде. Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы қаралған 4,1 миллиард теңгеге 11 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, жыл соңына дейін Ерназар, Жаңаөткел, Қызылшарық ауылдарына таза ауыз су құбыры құрылысын, Бесағаш ауылдық округінде спорт кешені, Ақбұлым, Қызылқайнар ауылдық мәдениет үйлері мен Шайқорық, Аса, Жұма ауылдарына жүргізіліп жатқан электрмен қамту жобаларын аяқтау көзделген. Ал, Аса ауылына мұражай, архив, кітапхана салу, жасөспірімдер орталығының құрылыстары мен осы аталған нысандардың инженерлік желілерін тарту жұмыстарын мерзімінде, сапалы аяқтау басты міндетіміз болып тұр.

Сондай-ақ, облыс әкімдігі құрылыс басқармасының қаржыландыруымен Бәйтерек, Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылдарында салынып жатқан медициналық пункттердің құрылысы жақында тапсырылғалы отыр. Ол нысандарға да инфрақұрылым жүргізу қарастырылған. Осы тектес шаруаларды атқару арқылы жыл қорытындысымен құрылыс жұмыстарының көлемі 13,8 миллиард теңгені немесе 101,5 пайызды құрайды деп күтілуде, – деді аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Бір атап өтерлігі, соңғы жылдары ауданда таза ауыз сумен және көгілдір отынмен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Аудан әкімінің айтуынша, аудандағы 42 елді мекеннің бүгінде 38-і орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылған. Яғни, аудан тұрғындардың 94 пайызы (82717 адам) таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Бесағаш-Түрксіб ауылдарының таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Қазіргі таңда бұл нысанда қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Биыл қалған елді мекендерге таза ауыз су жүргізу үшін Ерназар ауылына 608,2, Жаңаөткелге 371,9, Қызылшарыққа 925,8 миллион теңге бөлінген.

Бұдан бөлек, Бектөбе ауылына 111,1, Өрнек, Жұма ауылдарына да 111,1 миллион теңге таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаралған. Аталған жобалар іске асқан жағдайда 2025 жылы елді мекендердің ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жеткізілмек.

Ауданда елді мекендерді газдандыру ісі де назардан тыс қалмаған. Бүгінгі күні 42 елді мекеннің 38-і табиғи газ жүйесімен қамтылса, бұл тұрғындардың 90,4 пайызын құрап отыр. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерін магистральді газбен қамту жобасына тиісті қаржы бөлініп, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда.

Осы тектес Бесағаш ауылын және Қаратау ауылы мен «Шөлдала» шекара бөлімін газбен жабдықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жобалық құны 206,4 миллион теңгені құрайды. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерінің ауылішілік газбен қамту жобасын қаржыландыруға бюджеттік өтінім беріліпті. Кіші елді мекендер санатына жататын Сеңгірбай ауылындағы ауылішілік газ құбырының жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткен. Оған қаралған қаржы 30,8 миллион теңге. Осы аталған 4 елді мекен табиғи газға қосылған жағдайда Жамбыл ауданының елді мекендерінің газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Бүгінде Сеңгірбай ауылына магистральді газ құбырының жобалық-сметалық құжаттарын кешенді сараптамадан өткізуге 1,2 миллион теңге жұмсалған. Ал, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы тұрғын үйлерді электр желісімен жабдықтау үшін құрылыс жұмыстарына 331 миллион теңге бөлінген.

Сондай-ақ, 13 елді мекеннің 33 көшесіне жарықтандыру орнатылған. Атап айтсақ, Аса ауылында – 2, Айша бибіде – 6, Бірлесу-Еңбекте – 2, Еңбекте – 3, Жамбыл учаскесінде – 2, Өрнекте – 12, Шайданада – 1, Тоғызтарауда – 1, Ащыбұлақта – 3, Құмтиында – 1, Қаракемерде – 2, Жалпақтөбеде – 3, Гродеково ауылында 1 көше жарықтандырылған. Осы жұмыстардың жүзеге асырылуына 324 миллион теңге бөлінген. Гродеково, Қызылдихан, Сұлутөр, Жасөркен, Қызылқайнар, Аса, Қаракемер ауылы үшін 136,9 миллион теңге бөлініп, 7 елді мекеннің 15 көшесінің ескі электр бағаналары мен желілері ауыстырылған. 3 елді мекеннің 3 көшесінің трансформаторы қазір жаңасына алмастырылып жатыр. Ауылішілік көше шамдары істен шыққан жағдайда қалпына келтіру шығындарына деп 40,9 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ербол Жайлаубековтің айтуынша, аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 321,6 километрді құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 72, облыстық маңызы бар жол – 85,7 километр. Ал, аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы – 163,9 километр.

– Биыл аудандық маңызы бар жолдарға орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол үшін жалпы құны 502,6 миллион теңге бөлініп, 4 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 13,05 километр жол жөндеуден өткізілді. Өткен жылы басталған халықтың сұранысына орай бірнеше жылдан бері шешімі табылмаған Аса ауылынан «Аса» стансасында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі ел игілігіне пайдалануға берілді. Мұны да салынған жолдың есебіне қосуға болады. Оның жобалық құны 360 миллион теңгені құраса, бұл қаржы аудан бюджетінен жұмсалып отыр. Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Дорожник» саяжайындағы Аса өзені арнасына көпір құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және кешенді сараптамадан өткізгенге 10 миллион теңге бөлінді. Ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде 435,6 километрді құрайтын 582 көше мен бұрылыс бар. Оның ішінде 480 көшенің ұзындығы 399,5 километр. 102 бұрылыстың ұзындығы 36,1 километр. Биыл ауылішілік жолдарды жөндеу бойынша 935,6 миллион теңгеге 20 елді мекендегі жалпы ұзындығы 35,3 километрді құрайтын 23 жоба (55 көше, 22 бұрылыс) іске асырылуда. Оның ішінде облыстық бюджет есебінен бір жобаны жүзеге асыруға 100 миллион теңге, аудандық бюджет есебінен 11 жобаға 166,2 миллион теңге, «Ауыл – ел бесігі» жобасымен 9 жобаға 669,3 миллион теңге қаралды, – дейді Ербол Қалдарбекұлы.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауданда 2019-2022 жылдар аралығында 70 жоба іске асырылып, тұрақты 183 жұмыс орны ашылған. Ал, биыл 1,6 миллиард теңгені құрайтын 15 жоба іске асырылып жатса, оның 5-і өткен жылдан өтпелі. Оның ішінде теміржол стансаларының аумақтарында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электр желісімен жабдықтау жұмысы да бар. Осы және басқа да нысандар құрылысына аудандық бюджеттен 331 миллион теңге қаралып, тиісті құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында. Сонымен қатар, ауылішілік көше жолдарын жөндеу бойынша 7 елді мекенде 9 жобаны іске асыру үшін 669,4 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні 5 жобаның құрылыс жұмыстары аяқталса, 4 жобаның құрылысы жалғасуда.

Биыл Гродеково орта мектебінің ішкі таза ауыз су жүйесін тартуға 8,3 миллион теңге бөлінген. Ал, жылу қазандықтарын табиғи газға ауыстыру үшін екі білім беру мекемесіне жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде. Ол жұмыстарды атқару үшін 19 миллион теңге қаралған. Бұдан бөлек, биыл Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханалары ғимаратының жылу жүйесі табиғи газға қосылмақ. Ол үшін 11,4 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. 4,9 миллион теңгеге Ерназар, 3,2 миллион теңгеге Шайдана ауылдық клубтарының жылу жүйесі табиғи газға ауыстырылған.

Жалпы ауданда атқарылған жұмыс аз емес. Дегенмен, барлық мәселе шешілген деп айтуға келмес. Мәселен, Қостөбе ауылының маңында кәріз жүйесінің шайынды суы жиналып, салдарынан жерасты суы көтерілген. Ал, Қостөбе ауылының маңындағы Тараз қаласының қоқыс жинау алаңының жайы баршаға аян. Осы ретте біз Ерлан Қыдыралыұлынан аудан әкімі ретінде халықпен жүздесіп, қандай мәселелердің оң шешім табуына ықпал еткенін сұрадық.

– Бекітілген кестеге сәйкес, жақында Қаракемер, Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдық округтерінің тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткіздім. Менің айтарым, әлеуметтің әлеуетін арттыру, тұрмысын түзеуге ықпал ету, қолайлы орта қалыптастыру, жастарды жұмыспен қамту, жылдар бойы қордаланған түйткілді, әлеуметтік мәселелерді кезең-кезеңімен шешу күн тәртібінен түспейді. Мысалы, Қаракемер ауылдық округі бойынша тұрғындар өтінішіне сәйкес әмбебап спорт кешені ел игілігіне берілді. Биыл аталған елді мекенде ауылішілік көшелерге асфальт жабындары төселуде. Күрежолдың бойына жол белгілері, бейнебақылау камералары орнатылған.

Өрнек ауылдық округі бойынша Аса-Жұма-Шайқорық стансаларының электр желісін аудандық жылу электр стансасына қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауылішілік көшелердің басым көпшілігіне асфальт жабыны төселген. Бүгінгі күні көшелерді жарықтандыруға басымдылық берілуде. Сондай-ақ, таза ауыз су жүйесін салуды да алдағы жылы толық аяқтап, барлық елді мекенді орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосуды межелеп отырмыз. Биыл ауданда спортшылар үшін қолайлы, барлық жағынан талапқа сай құрал-жабдықтармен жабдықталған спорт кешені ел игілігіне берілгенін айта кеткім келеді. Өрнектіктер округтегі Абай көшесін асфальттау керектігін көтерді. Бұл шешімін табатын мәселе. Ерназар ауылдық округіндегі жергілікті жұртшылықпен кездесуде тұрғындар ауылға таза ауыз су құбырының құрылыс жұмысы жүргізіліп, ауыл орталығындағы аллея күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын, ауылішілік көшелер асфальтталғанын сөз етіп, ризашылығын білдірді.

Өрнектіктер бірқатар мәселелермен қатар ауылішілік көшелердегі трансформатордың қуаттылығын арттыру, қиылыс көшелерді асфальттау сынды қажеттіліктер қашан шешімін табатынын сұрады. Осы тектес мәселелер хаттамаға енгізілді, бұл мәселелердің барлығы алдағы уақытта шешімін табатын болады. Жаңаөткел ауылының кіреберіс және шығаберісіне бейнебақылау камералары қойылды. Көше жарығы, жайылым мәселесі, О.Сметілдә көшесін асфальттау жұмыстары да толығымен шешімін тапты. Ендігі кезекте Жаңаөткел ауылының тұрғындары таза ауыз су кіргізіп, кіші футбол алаңын салып берсе деген тілектерін айтып отыр. Бұл бойынша да құжаттар әзірленіп, жұмыстар қазір басталып кеткенін жеткізгім келеді, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар