Бұл жолы сіздерге ұсынар ақпаратымыз Жамбыл қаласы мен ондағы алғашқы құрылыс жұмыстарына арналмақ.
Облыс құрылған жылдардан бастап 1997 жылға дейін Жамбыл атымен аталған көне Тараз шаһары ертеден ірі сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Оған бүгінде ел аузында «Шахристан» аталып кеткен қала аумағындағы археологиялық саябақ та, одан кезінде табылған бұйымдар да дәлел бола алады. Тіпті күні кеше жылыту құбырларын жүргізу барысында қазылған шұңқырлардан табылған алюминий ыдыстар да өткен ғасырларда дәл сол орында тіршілік белгісі болғанын дәйектейді. Тарихи құндылығы аса маңызды болмағанымен, үлкен пазлдың бір бөлшегі болатын мұндай деректер келер ұрпақ үшін бір кәдеге жарары анық деп білеміз.
Алайда, қала келбеті заманына қарай өзгеріске ұшырап отырды. Өзгермеген мәні ғана сияқты. Мәселен, осыдан он екі жыл бұрын дәл осы Шахристан аумағында саудасы қызған «көк базар» болғанын кейінгі туған ұрпақ тек естігені болмаса, елестетуі қиын. Ал, екі мың екі жүз жыл бұрын ше?! Ол кезде де, қазір де солай. Тек келбеті ғана түрленді. Мәні – сауда мен қолөнер орталығы болып сақталды.
1939 жылы Жамбыл облысы құрылып, облыс орталығы ретінде Жамбыл қаласы танылды. Алғашқыда қазіргі Абай (ол кездері Сталинская көшесі), Коммунистическая (алғашында, 1918 жылға дейін Кауфманская болса, 1993 жылдан кейін Төле би көшесі), Пушкин және Октябрьская (қазіргі Бектұрғанов көшесі) деген сияқты көшелермен құрылған Тараз қаласы бірте-бірте кеңейді. Облыс орталығы болған соң оның келбетін айшықтайтын қаламыздың жоспары ойластырыла бастады. Алайда, облыс құрылғаннан кейін көп ұзамай басталған Ұлы Отан соғысы қала құрылысында болуы тиіс өзгерістерді кейінге ысырып, бар күш Жеңіс күнін жақындатуға жұмылдырылды. Соғыс аяқталғаннан кейін де жүдеген халықтың ахуалы үлкен өзгеріске бірден бет бұрып кете алған жоқ. Оған елдегі экономикалық жағдайдың да әсері болғаны анық. Негізгі күш қаладағы өнеркәсіпті дамытуға, зауыттар құрылысын жандандыруға жұмылдырылды. Мұндай жұмыстардың өзі тек 1950 жылдан кейін жүзеге асырыла бастады. Соның бір көрінісі – фосфор кенін өндіруші мамандарды даярлайтын оқу орнын 1954 жылы құру, оның ғимаратын салу болды.
Кейініректе қаланың архитектуралық келбетін жасау үшін арнайы маман қажеттігі, қаланың бас жоспарын жасау қажеттілігі туындады. Сондықтан да облыс басшылығы 1957 жылы Ташкенттен Камиль Рахматиді шақыртып, оны Жамбыл облысының алғашқы бас архитекторы етіп тағайындап, жаңа қадамдарға бет бұрды.
Оның алғашқы жобаларының бірі – бүгінгі орталық алаңның жобасы еді. Оған мемлекеттік архив сақтауындағы 1958 жылғы Жамбыл облысының атқару комитеті және Жамбыл облыстық партия комитетінің орталық алаңда құрылыс жүргізу және алаңда В.И.Лениннің ескерткішін орнату туралы қаулысы да дәлел. Бұл құжатта Рахмати, Асқаров, Комратов сынды азаматтардың есімдері жазылған. Осы жерде айта кететін жай, қала келбетінің жаңаруына сол кездері осы үш азаматтың еңбегі ерен еді. Кейінгі жылдары бұлардың қатарына майдангер Тілеуқабыл Төребеков те қосылғанын архив құжаттарынан көреміз.
1957-1958 жылы Жамбыл қаласындағы Ұн базары аталған жерде қаланың Орталық алаңын жобалау жұмыстарымен қатар археологиялық зерттеулер де жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде бұл алаңда бұрындары көне зираттар болғаны дәлелденген. Тарихи құжаттарда құрылыс жұмыстары барысында қаланың өзге бөлігінен биігірек орналасқан алаңның 3 метрдей қабаты алынып тасталғаны көрсетілген. Оның орнын қазған кезде аса құнды тарихи жәдігерлер жер бетіне шығарылды. Атап айтқанда, жер астынан табылған тас табыттар өзгелерден бөлек болуы өзіне назар аудартқан жәдігерлер базар орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде қазып алынды. Біз айтып отырған жәдігер VIII-IX ғасырларға зароастризм ұстанымына тән белгілер. Бұл жайында сол кездегі музей қызметкері, археолог ғалым Л.Ремпельдің жазуынан білеміз. Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде табылған тас астау табыттар мен құмыраларға салынған адамның сүйектері туралы әртүрлі пікір бүгінгі күнге дейін айтылуда. Ғылымда «астадан» деп айтылатын тас табыттың ұн базарының орнынан табылуы және оның ерекшелігі туралы Лазарь Ремпель жан-жақты суреттейді. Алғашқы табылған табыт астау – тік төртбұрышты 53×40 сантиметр көлемінде, биіктігі 41 сантиметр, қабырғалары ішіне қарай иілген. Қақпағы киіз үйге ұқсас. Астадан сөзі әзірбайжан тілінен алынғанымен, біздің «астау» сөзінің мағынасын береді. Яғни, бұл көне түркі сөзі. Көне Тараз жерінен табылған табыт астаудың ерекшелігі – оның беткі қақпағында адам бейнелерінің суреттерінің салынуы. Олардың беткі бедерінің биіктігі 16,5 сантиметр. Қақпаққа бір емес, екі адамның кескіні салынған. Олар қолдарын кеудесіне айқастыра ұстап, саусақтарын бүкпей жазып тұр. Үстеріне ұзын шапан киген. Белдіктері өрнектелген, жүздері дөңгелек, алқымдары салыңқы. Ұзын қыр мұрынды. Ауыздары кішкентай. Бір сөзбен айтқанда, ғалым тас табыттағы адам бейнелері туралы толық және жан-жақты суреттеген. Және Тараз тас табытын Қырғыз, Қытай және Жетісу жерінде табылған осындай жәдігермен салыстыру арқылы суреттейді. Ғалым суреттеп отырған адам бейнелері жерленгендердің суреттері болуы керек деген де сөз айтады. Сол кезеңнің өлген адамды жерлеу дәстүрі мен салты туралы айта келіп, халықтың мәдениеті мен тұрмысы туралы деректер келтіреді. Көне түрік халқының алғашқы діни ұстанымы «шаман» деп қорытынды жасағысы келеді. Жерлеу рәсімі туралы айтқанда Л.Ремпель осы өңірге ертеректе саяхат жасаған батысеуропалық Земархтың жазбалары туралы да, оның түрік қағанын жерлеу салтын да еске түсіре кетуді ұмытпапты. Табыт астаудың бетіндегі суреттерді айта отырып, жерленген адам туралы болжамдар білдіреді.
Астадандағы адам суреттері әртүрлі. Қазба жұмыстары кезінде ұн базарынан бір емес, онға жуық тас табыт табылған. Олар бір-біріне ұқсас болғанымен әрқайсысының өзгешеліктері болған. Ремпельдің «Көне Тараз жерасты жәдігерлері» туралы жазбаларында түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың «Баба» және «Ата» сөздерінің этимологиялық түбіріне назар аударуға, оның мағынасын тереңдей зерттеуге бағыт-бағдар береді.
Бұл Жамбыл қаласының келбетін өзгерткен алғашқы ірі құрылыс жұмысы еді. Бұл құрылыс өлке тарихы үшін үлкен жаңалық болды. Облыс орталығының жаңарумен бірге өткен тарихымызды тереңірек зерделеуге жасалған да үлес деп білген жөн. Аталған құрылыс 1959 жылы сәуір айында аяқталып, ел көктем мерекесімен бірге жаңа орталық алаңның, ғимараттардың ашылуын да ерекше қуанышпен қарсы алған еді.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану орталығы»
«Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді