Жарқын жобалардың жетістігі мол

Жарқын жобалардың жетістігі мол
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында баяндама жасады. Қанатбек Қайшыбекұлы энергетика, автомобиль жолдары, құрылыстың сапасын бақылау, төтенше жағдайлар бойынша бүгінгі күнге дейін атқарылып жатқан жұмыс барысы мен жобаланған жоспарлардың орындалуы туралы таратып айтып берді.

Спикердің айтуынша, облысымызда 371 елді мекен болса, оның 4-і қала, 367-і ауыл. Бүгінгі күні өңірде орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылмаған 54 елді мекен бар. Ондағы халық саны 35,4 мың адам. Ал, қала халқының 97,5 пайызы (513,4 мың адам), ауыл халқының 94,9 пайызы (655,7 мың адам) таза ауыз сумен қамтылған. Тараз бен Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқапты (6,9 мың адам) таза ауыз суға қосу жоспарлануда. Биыл таза ауыз су жүйесі құрылысына 21,5 миллиард теңге бөлініп, 68 жоба іске асырылуда. Жоба аясында 37 елді мекен, 2 қаладағы 5 тұрғын алқап инженерлік инфрақұрылыммен қамтылатын болады. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен ауыз сумен жабдықтау көрсеткішін қалаларда 98,8, ауылда 98,1 пайызға жеткізу көзделген.

Облыста электр энергиясын өндірумен 24 компания айналысуда. Олардың жалпы қуаты 1844 мегаватты құрайды. Оның 1230 мегаваты «ЖГРЭС» АҚ-на, 43 мегаваты «Таразэнергоорталық» АҚ-на, қалған 571,3 мегаваты «ЖЭК» ЖШС тиесілі. Еліміздің оңтүстік бөлігінде «Жамбыл ГРЭС» компаниясы ең ірі электр энергиясын өндіруші саналады. Станцияда 6 энергоблок бар. Жалпы, 1230 мегаватт электр энергиясы өндіріледі. Аталған компания инвестициялар есебінен алдағы 3 жылда 115 миллиард теңгеге қуаты 210 мегаватт электр энергиясын өндіретін газ-турбиналық станциясының құрылысын іске асыруды көздеп отыр.

Өңірде жалпы қуаты 571,3 мегаватты құрайтын 22 жаңартылатын энергия көздері бар. Оның 6-ы су (24,4 МВт), 10-ы жел (275,6 МВт), 6-ы күн электр станциясы (271,25 МВт). Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш. Алдағы уақытта облыста 3 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның бірі – Мойынқұм ауданында «Total Eren» компаниясымен қуаты 1 гегаватты құрайтын жел электр станциясы, екіншісі Сарысу және Талас аудандарында Masdar (БАӘ) компаниясымен қуаты 500 мегаватты жел электр станциясы, үшіншісі «China Power» компаниясы тарапынан қуаты 500 мегаваттық жел электр станциясы жобалары. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздері 25 нысанға артып, қуаты 2,5 гегаватты құрайтын болады.

Оңтүстік өңірдегі электр қуатының өткізу қабілетін арттыру үшін «KEGOC» компаниясы тарапынан 154 миллиард теңгеге «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шу-Жамбыл-Шымкент» жоғарғы кернеулі әуе желілерінің екінші желісін салуды жобалау жұмыстары басталды. Аталған желілердің өткізу қабілеті жылына сағатына 18,1 миллиард киловатты құрайды (2070 МВт/сағ.). Оның сағатына 4,2 миллиард киловатт электр энергиясы Жамбыл облысының тұтыну көлемі болып табылады.

– Облыстың отын-энергетика кешендерімен алдағы жылыту маусымына дайындық шараларына, жалпы 15,3 миллиард теңге қаралды. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 350,7 шақырымды құрайды. Олардың тозу деңгейі – 55,5 пайыз. 7,1 миллиард теңгеге Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл жоспарлы 6,1 шақырым жылу желілерінің 4,6 шақырымы ауыстырылады. Сондай-ақ, Қаратау қаласының 3,9 шақырым және Жаңатас қаласының 700 метр жылу желілері қайта жаңарды. Қаратау қаласындағы резервтік мазут шаруашылығын және жеке қазандығын қайта жаңғырту, Жаңатас қаласының орталық қазандығын мазут-газбен жұмыс істеуге ауыстыру іске асырылуда. Бұл жобаларды тиімді аяқтау үшін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының қолдауымен қаржы мәселесі шешілді.

Алдағы жылыту маусымына Жаңатас қаласының жылу қазандығына 11,9 мың тонна мазут алуға қажетті 1,6 миллиард теңге облыстық бюджеттен берілді. Жылыту маусымында тұрғындар 145 мың тонна көмір тұтынады. Ал, бюджеттік ұйымдардың көмір тұтыну жоспары 63 мың тонна. Бүгінгі күнге бюджеттік ұйымдарға 38,4 мың тонна көмір жеткізілген, – дейді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Облыстың 4 қаласында, жалпы 1831 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның 599-ы қанағаттанарлық жағдайда, 561-і күрделі жөндеуден өткен, 671-і жөндеуді қажет етеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында 2011-2023 жылдары аралығында, жалпы 17 миллиард теңгеге 561 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып, жалпы 5,9 миллиард теңгеге 79 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде Тараз қаласында – 53, Жаңатас қаласында – 12, Шу қаласында – 10, Құлан ауылында – 4 көпқабатты тұрғын үй бар. Нәтижесінде, жөндеуді қажет ететін үйлердің үлесі 32,3 пайызға төмендейтін болады.

Облысқа табиғи газ «Бейнеу-Бозой-Шымкент», «Бухара газнасосты аумақ – Ташкент, Бішкек, Алматы», «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырлары және «Амангелді газ» кенішінен тасымалданады. Облыстың 2024-2040 жылдарға арналған өңірлік газ балансы бекітілді. Қазір тұтынылатын газдың көлемі жылына 2,2 миллиард текшеметрді құрайтын болса, 2030 жылға қарай 4,8 миллиард текшеметрді, 2040 жылға 6 миллиард текшеметр болады. Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оңтүстік өңірлердің газ балансын қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі Катарлық инвестормен бірлесе «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісінің құрылысын 2025-2027 жылдары іске асыруды жоспарлануда. Нәтижесінде, газ құбырының өткізу қабілеті жылына 30 миллиард текшеметрге дейін ұлғаятын болады.

Баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тұрғын үй мен жол құрылысы, «Таза Қазақстан» акциясы және басқа да атқарылып жатқан игі жобалар туралы кеңінен айтып берді. Соңынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қойған салаға қатысты сұрақтарға жауап берді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар