Шаруалар табанды еңбек етуге жұмылдырады

Шаруалар табанды еңбек етуге жұмылдырады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы көкейімізде жүрген түйткілді мәселелерге жауап беріп, алдағы жұмыстардың нақты тоғыз бағытын белгілеп бергендігімен біз сияқты өмір көрген, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық қиындық, ауыртпалығын еңсерген ардагерлердің көңілінен шықты.

Жолдауда соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалып, еліміздің саяси жүйесі түбірімен өзгергені, жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатқаны, халықтың құқықтық мәдениеті артып, азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығып, саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастағаны, бір сөзбен айтқанда, Әділетті Қазақстан құрылып жатқаны, мұның бәрі халықтың қалауымен жасалуда екендігі айтылғаны қазіргі шақтың шындығы.

Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін беріліп, инфляцияны баяулатуға қол жеткенін, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажеттігін айта келіп Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы жұмыстардың негізгі тоғыз бағытын саралап айтып берді. Солардың ішінде инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндеттер екені атап көрсетілгені өте құптарлық. Біздің облысымызда инвестициялар тарту, ауылда кәсіпкерлікті жандандыру, тағы басқа шаралар соңғы жылдар көлемінде кең көлемде атқарылып келеді. Облыста инвестициялық форумдар, конференциялар ұйымдастырылды. Солардың біріне, облысымыздың құрылғанына 85 жыл толуына арналып өткен конференцияға қатысып, ауыл шаруашылығы саласының ардагері ретінде сөз берілгенде облыста ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы көлемі ұлғайғанын, айталық, 2023 жылы – 36,1 миллиард теңге бөлінсе, биылға 40 миллиард теңге бөлінгені шаруаларға үлкен көмек болып отырғанын айтқан едім.

Мемлекет басшысының жаңа Жолдауымен танысу барысында алдағы уақытта да ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау артатынына көз жетіп отыр. Өйткені, енді салаға коммерциялық банктердің де қаражатын тарту қажет деп табылып, диқандарға өсімі аз қаржы бөлу үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибе қолданылмақ.

Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу маңызды міндет екені де Жолдауда айтылғаны бөлінген қаражатты тиімді жұмсауды көздейтін шара екені түсінікті.

Салада ұзақ жыл басшы қызметтер атқарғанда көзім жеткен нәрсе, ол, ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды білуге егіншілік пен мал шаруашылығында қатаң есеп жүргізілуі жақсы көмектесетіні. 1998 жылы Байзақ ауданының әкімі болып жүрген мені облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы етіп тағайындады. Алдында атышулы оңтайландыру науқаны жүргізілгендіктен саладағы ахуал өте қиын еді. 1997 жылды облыс ауыл шаруашылығы құрылымдарының дені залалмен аяқтаған. Менің ұсынысыммен тұралаған шаруашылықтарды қаржы жағынан сауықтыру ісімен айналысатын жұмыс тобы құрылып, оны сол кездегі облыс әкімі Сарыбай Қалмырзаевтың тікелей өзі басқарды. Шаруашылықтардың бірқатары инвесторларға жедел басқаруға беріліп, несиелендірудің барлық түрі қолданылды. Бөлінген қаржыны жұмсау жайы қатаң қадағаланды. Егістік жерлер тегіс есепке алынды, аз түсім беретін алқаптар бағалаудың басқа санатына ауыстырылды. Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аудандарда екі мәрте меншіктің барлық түріндегі мал санағы жүргізілді.

Қатаң есеп жұмысы қолға алынғандықтан басқарма облыстағы әрбір ауыл шаруашылық құрылымы бойынша дәнді масақты дақылдар қандай тұқыммен себілгендігін, сортын, репродукциялылығын, түсім қандай болғанын біліп, тиісті ұсыныстар жасап отырды. Мұның қайтарымы, әрине аз болмады. Тұқым шаруашылығын қайта жаңғыртып, дәнді дақылдардың түсімін арттыра алдық.

Ал, жүргізілген санақтар нәтижесінде төрт түліктің нақты санын білу мал шаруашылығында да жақсы жетістіктерге жетуге жол ашқан еді.

Бүгінде шаруаларға қамқорлық жасауда мемлекет тарапынан көрсетілер көмек пен қолдаудың жаңа түрлері енгізілуде. Айталық, былтыр «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынғаны облыста шаруаларды қолдау шараларының ауқымды жүргізілуіне жәрдемін тигізді. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни, «тауарлы несиені» беру мәселесі қарастырылғалы жатыр. Бұл тәсіл кезінде қой санын арттыру, төл алуда республика бойынша бірінші орын алған біздің облыс қой өсірушілерінің алдыңғы буынына жақсы таныс.

Жолдауда ауыл тұрғындарының өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды екендігі де аталып көрсетілген. Бұл бастама да жүзеге асса шаруаның басты керектерінің бірі түгелденді деп санауға болады.

«Ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы қажет. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндеті», – делінген Жолдауда. Ал, қамқорлық қайтарымсыз қалмайды, шаруалардың өздеріне артылған жауапкершілікті терең түсінуге бастайды. Демек, Жолдауда көрініс тапқан агроөнеркәсіп кешеніндегі ахуалды оңалтуды көздеген жаңа бастамалар, ауылдағыларға арналған қаржылай қолдау шаралары жүзеге асатыны шаруаларды өздеріне жүктелген міндеттерді іске асыруда, ортақ мақсатқа жетуде табанды еңбек етуге жұмылдырады.

 

Аманкелді КАРЕНТАЕВ,

экономика ғылымдарының кандидаты,

Жамбыл облысының, Шу, Байзақ, Мойынқұм аудандарының Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар