Облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз етуге міндеттелген департаменттің анықтаған мәліметтеріне қарағанда, білім-тәрбие беру ісімен шұғылданатын мекемелерде басқа да кемшіліктер баршылық. Биылға бекітілген кестеге сәйкес 269 білім беру ұйымдары, 223 мектеп мемлекеттік аттестаттау тізіміне енгізілген. Қаңтар-маусым айларында 46 балабақша, 80 мектепке мемлекеттік аттестаттау іске асып, 123 білім беру ұйымдарында қайта аттестаттау жүргізілген. Оның ішінде 4 балабақша жарғыда күші жойылған нормативтік құқықтық актілерін көрсетіп, 6 мектеп материалдық-техникалық базасы сәйкес еместігінен қайта аттестаттаудан өтпей қалыпты.
Облыста 182 мектепте күрделі жөндеу қажеттілігі бары анықталған. Бүгінде 9 білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Оның төртеуінде күрделі жөндеу кестеге сәйкес жүргізілсе, бесеуінде жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанға дейін аяқталмау қаупі бар», дейді білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаев. Айтуынша, 38 мектепке күрделі жөндеу жасау 2025-2026 жылдарға жоспарланса, 135-іне жоспарланбаған.
– Биылғы мамыр айында 106 білім беру мекемесіне мониторинг жүргізілді. Мониторинг нәтижесі бойынша 67 білім алушының мектепішілік есепке қойылғаны және 12 келеңсіз жағдайдың орын алғаны анықталды. Сонымен қатар, 4 мектептің, атап айтсақ Тараз қаласындағы №11 мектеп, Талас ауданының Ақтөбе мектебі, Жуалы ауданының М.Ломоносов және С.Сейфуллин мектептерінің педагогикалық кеңесінде тәрбие мәселесі қаралмаған. Мектептердің ішкі және сыртқы әжетханаларының жағдайы қаралып, 3 мектепте сыртқы әжетханаларды пайдалану фактілері анықталды. Олар – Қордай ауданының №7 А.С.Пушкин атындағы орта мектебі, Талас ауданының Ақтөбе бастауыш мектебі, Шу ауданының Қ.Сәтпаев атындағы орта мектебі. Мойынқұм ауданының №1, В.Терешкова, Ақбақай және Ағыбай батыр мектептерінде су тасымалданып, арнайы ыдыстарда сақталады. Ағыбай батыр мектебінде әжетхана сыртта орналасқан, ішкі әжетхана су жоқ болуына байланысты қолданылмайды, – деген Мұхит Аманқұлұлы кей мектептерде әлі күнге дейін интернет желісінің төмен екенін де айтты.
Облыста 13 мектепте интернет желісінің жылдамдығы (20 Мбит/с) төмен, олар Мойынқұм және Шу аудандарында. Тіпті, ұсынылатын ең төменгі талаптарға сәйкес емес.
Шу ауданының Төле би ауылында жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан әл-Фараби орта мектебінде жұмыс жүз пайыз орындалған, алайда қабылдау актісі жасалмаған. Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепте спорт зал апатты жағдайда болған, қазіргі таңда қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары енді басталыпты.
– Биыл білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының сәйкестігіне бақылау жүргізуге 39 білім беру ұйымы бекітілген. 15 білім беру ұйымына бақылау жүргізілді. Тексерудің қорытындысында 15 білім беру ұйымына бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама беріліп, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 464-бабының 1-бөлігіне сәйкес 16 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 45 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 2 658 240 теңге айыппұл салынды. «Е-лицензиялау» Мемлекеттік деректер қоры» ақпараттық жүйесі арқылы 54 өтініш түсті. Бес мектепке бас лицензия берілді, оның үшеуі мемлекеттік, екеуі жекеменшік. Тағы 3 мектепке лицензияға қосымша берілді. 13 мектептің және 1 колледждің лицензиясы және лицензияға қосымшасы қайта рәсімделді. 32 білім беру ұйымдарына лицензиялау талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты дәлелді бас тартылды, оның 26-сы мектеп, алтауы колледж. Білім туралы құжаттарға (түпнұсқалар) апостиль қою қызметі бойынша 209 құжат орындалып, мемлекеттік корпорацияға жолданды. 14 құжат түпнұсқасының болмауы, құжаттың расталмауы және қызмет көрсету салығының төленбеуі себебінен кері қайтарылды, – дейді Мұхит Нысанбаев.
Департаменттің бекітілген кестесіне сәйкес бару арқылы 11 профилактикалық бақылау жоспарланған. Оның екеуі балабақшада, 8-і мектепте, біреуі колледжде жүргізіліп, нәтижесінде 10 мекемеге анықталған бұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілген. Биыл маусым айынан бастап Тараз қаласының прокуратурасы талабының негізінде жекеменшік балабақшаларда жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Бүгінгі таңда 22 жекеменшік балабақшада бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, нұсқама берілген.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Әскери-патриоттық тәрбие қашанда қажет
- 28 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді