Ербол Қарашөкеев Шу қаласындағы өзекті мәселелермен танысты

Ербол Қарашөкеев Шу қаласындағы өзекті мәселелермен танысты
Ашық дереккөз
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шу қаласындағы бірқатар нысанды аралап, өзекті мәселелермен егжей-тегжейлі танысты.

Әуелі Ербол Қарашөкеев «Жетісу» шағынауданындағы жаңғыртуды қажет ететін көпқабатты 4 тұрғын үйдің (әрқайсысы 75 пәтерлі) жағдайын көрді. «Altair Construct» серіктестігінің бастамасымен 2025-2026 жылдары аралығында 2,1 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Құрылыс алаңында 200 адам жұмыспен қамтылады.

Аймақ басшысы жауаптыларға жұмыстарды мерзімінде бастап, сапалы жүруін бақылауда ұстауды тапсырып, бұл жоба аудандағы тұрғын үй мәселесін шешуде маңызды екенін баса айтты.

С.Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан «Жеңіс» саябағы 2011 жылы пайдалануға берілген. Оның жалпы аумағы 99 300 шаршы метрді құрайды. Әкімдік нысанды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуде.

Аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков саябақты жаңғыртып, пайдалануға беру – тұрғындар үшін үлкен игілік болатынын жеткізді.

Облыс әкімі демалыс орнын жөндеуден өткізудің тиісті мүмкіндіктері қарастырылатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев 1989 жылы пайдалануға берілген Шу теміржол вокзалына да атбасын бұрды. Вокзал бастығы Шолпан Арысбаеваның айтуынша, мұнда күніне 35 жолаушы, 40 жүк пойызы аялдайды. Ол вокзал ғимаратын жөндеуден өткізуді, жолаушыларға жерасты немесе жерүсті өткелін қарастыру бойынша мәселе көтерді.

Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу вокзалының маңыздылығына ерекше тоқталған аймақ басшысы нысан аумағын абаттандыру мәселесі назарға алынатынын жеткізді.

Жұмыс сапары кезінде облыс әкімі С.Макаренко атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен, Шу аудандық полиция бөлімі ғимаратының жай-күйімен, «Alstom Kazakhstan» серіктестігінің, теміржолдың жылжымалы құрамына қызмет көрсету депосын салу инвестициялық жобасының іске асырылу барысымен және қалалық кәріз жүйесі мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген тұрғын үй алабының жағдайымен жіті танысты.

Ербол Қарашөкеев С.Макаренко атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімінен кешігуін сынға алып, жауаптыларға құрылыс сапасын бақылап, тапсыру мерзімін жеделдету бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Өзге де нысандардағы мәселелер назарға алынатын болады.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Ұқсас жаңалықтар