Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өткен жылы қала тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бойынша 60 баспана табысталған. Аталған бастама аудан орталығында да жалғасын тауып, Төле би ауылында екі қабатты тұрғын үйден 2-3 бөлмелі 8 пәтер берілді.
– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – баспана мәселесін шешу. Халықты тұрғын үймен қамту саясаты Мемлекет басшысының басты назарында. «Баспана – бақыт шамы» демекші, мемлекеттік бағдарлама лар аясында облыста тұрғын үй салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Халықты баспанамен қамту өңірдің экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың тұрмыстық мәселесін шешуге септігін тигізері анық. Біз пәтер кезегінде тұрған азаматтардың санын азайту мақсатында жыл сайын тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтудамыз. Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтар үшін өткен жылы 864 пәтер сатып алынса, ағымдағы жылы 23,2 миллиард теңгеге 1 575 пәтер сатып алу көзделуде – деген Ербол Қарашөкеев қоныстой иелеріне пәтер кілттерін табыстап, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тіледі.
Мерекелік жиында ақсақалдар ақ батасын беріп, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Осы күні Шу қаласының тұрғыны, жеті баланың анасы Гүлзинат Аманжоловаға да баспаналы болу бақыты бұйырды. Аймақ басшысы көпбалалы ананың жаңа шаңырағына құтты болсын айтып, теледидар тарту етті.
– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Жаңа оқу жылының алдында көптен күткен баспанамызға ие болып отырмыз. Мемлекет басшысына, облыс әкіміне осындай мүмкіндіктер үшін алғыс білдіремін. Бүгін осында пәтер кілтін алып отырған жаңа көршілерімді де шын жүректен құттықтаймын, – деді Гүлзинат Аманжолова.
Жаңа қоныстанушылардың жай-күйімен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді. Айта кетейік, облыста тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту мақсатында жыл сайын құрылыс көлемі ұлғайып келеді. Бұл бағытта өткен жылы 1100 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл 2 569 пәтерлі 51 көпқабатты тұрғын үйді тапсыру жоспарланған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді