Конституция – дамудың іргетасы

Конституция – дамудың іргетасы
Ашық дереккөз
Елімізде тарихи референдум арқылы Ата Заңымызға заман талабына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі екі жылдан астам уақыт өтті. Одан бері мемлекеттің саяси сахнасында және құқық қорғау саласында бірқатар реформа жасалды. Жаңа үлгідегі Конституция демократиялық елдің, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің іргесін бекіте түсті. Ата Заңға енгізілген өзгерістердің құқық саласы үшін де маңызы өте зор. Ол өз кезегінде «Прокуратура туралы» конституциялық заңға да өзгерістер енгізуге мəжбүр етті. Конституциялық сот құрылды. Осылайша, қоғамның қайта түлеп, заман көшіне ілесуіне түрткі болған Ата Заңымыздың 29 жылдық межесіне келіп қалдық.

Елімізде заң шығару, атқарушы жəне сот сынды биліктің үш тармағы бар екені белгілі. Ал, Конституциялық сот осы тармақтардың ешқайсысына да жатпайды. Оның қызметі мемлекеттік билік жүйесіндегі тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған. Осы мақсатта заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сəйкестігі тексеріледі. Айта кетейік, Конституциялық сот азаматтардан, ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан тəуелсіз мекеме. Сондықтан, тек Конституцияны жəне өзінің конституциялық заңын басшылыққа алып жұмыс істейді. Сондай-ақ, қандай жағдайда да соттардың жəне басқа да мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін мəселелерге араласпайды.

Жаңарған Конституция қоғам мен мемлекетті одан əрі жаңғырту үшін қажетті құқықтық негіздерді қалады. Мұның қатарында саяси өзгерістер, мемлекеттің əлеуметтік жауапкершілігін жəне құқық қорғау тетіктерін арттыру бағыттары бар. Соның ішінде, Мемлекет басшысының ұйытқы болуымен жасалған кең көлемді реформалардың басты бағыты – Президент өкілеттілігін қысқартып, Парламенттің рөлін арттыру жəне шешім қабылдау үрдістеріне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету. Бұл – біздің еліміз үшін мəні орасан зор оқиға.

Жалпы, Конституция – мемлекет жүйесін, оның саяси жүйесін құру үшін ең басты іргетасымыз. Қоғамдағы, күнделікті тіршілігіміз бен өміріміздегі ең маңызды қарым-қатынастарды реттейтін құрал. Əлемнің көптеген елінде біздің түсініктегі Конституция, яғни, мемлекеттің барлық саласын қамтитын ортақ басты заң жоқ. Ата Заңымыз қазіргі таңда өз заманына сай жетілген құжат болып саналады. Өзім отставкадағы судья болғандықтан, бүгінге дейінгі кəсіби қызметіміздің басым бөлігі еліміздегі заңдарды іс жүзінде жүзеге асырумен байланысты болғаны рас. Ал, заңдардың жүзеге асуы – Конституцияның өміршеңдігіне тікелей байланысты.

Рас, ел Конституциясының тарихы тереңде жатыр. Уақыт өтіп, дүние дамыған сайын қандай құжатта өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қажет ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда кейбір адамдар қазіргі Конституциямызға алты рет өзгеріс енгізілгенін айтып, соны сын садағына алуға асығып тұрады. Десе де, біз сол өзгерістердің санына емес, оның мазмұнына, мемлекетімізге қандай артықшылықтарды алып келіп жатқанына назар аударғанымыз дұрыс. Егер уақыт соны талап етіп тұрса, ел үшін қандай да бір пайда болса, өзгеріс енгізіп, Конституцияны заман көшіне сай дамытып отыру – қалыпты құбылыс.

 

Асылхан ДАРМУРЗАЕВ,

отставкадағы судья

Ұқсас жаңалықтар