Құқықтық сауаттылық артпай, киберқылмыс азаймайды Шын мәнінде, интернет-алаяқтарға алданып, тығырыққа тірелгендерді әңгімеге тартсаң, көбінің мәселесі шағын қаржы ұйымдарымен байланысты болып шыға келеді. Алаяқтар олардың атынан бірнеше рет несие ресімдеп, қолына ұстап көрмеген қаражатты мойнына іліп берген. Әйтпесе, қымбатшылық қос бүйірден қыспаққа алғанда екінің бірінің есепшотында миллиондап қаражат жатпайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға көбіне зейнеткерлер тап болады. Заңгер Жасұлан Шыршықбаев тұрғындардың құқықтық сауаттылығының төмендігі ең бірінші кезекте өздерін әттеген-айлатып отырғанын айтады. Білікті маман банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға телефонмен хабарласып немесе мессенджермен жазып, логин, пароль секілді құпия мәліметтерді сұрамайтынын, қажет болған жағдайда «бөлімшеге келіп кетіңіз» деп өтінетінін алға тартты.
– Кез келген маңызды мәселе телефонмен қоңырау шалу арқылы шешілмейді. Мұны барлығы білуі тиіс. Сізге қатысты қандай да бір мәселе туындаса, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері алдымен өзін таныстырып, тиісті мекеменің кез келген бөлімшесіне келуіңізді сұрайды. Олай болмаған күнде, олардың алаяқ екендігі айдан анық. Осыны ұмытпайық. Айта кететін тағы бір маңызды мәселе – әрбір интернетке қосылған компьютер мен планшетте, тіпті ұялы телефонда вирусқа қарсы бағдарламалар болғаны дұрыс. Өйткені, ол қажетсіз, күмәнді зиян келтіретін файлдарды тез анықтап, бәрін өзі-ақ жойып отырады. Жасыратын несі бар, интернетте жарнамасы жарқырап тұрған тауарларды көргенде, қай-қайсымыз да оны сатып алуға құлшынамыз. Десе де, мұндай жағдайда, ең біріншіден, сол тауарды алатын сайт қандай сайт, жалған емес пе, соны анықтап алу керек. Оның мекенжайы, байланыс телефондары бар ма, жоқ па – осы мәліметтерге мән беру маңызды. Реті келсе, сайтта көрсетілген нөмірге хабарласып, өкілімен сөйлесу қажет. Осы сайт арқылы бұрын тауар сатып алған таныстарыңыздың пікірін тыңдау артықтық етпейді. Ал, біздің азаматтардың көпшілігі аз ғана уақытты қажет ететін осы әрекеттерді орындауға құлықсыз. Керісінше, тұрғындар жеке құжатындағы және банк картасындағы мәліметтерді, кодтар мен құпия сөздерді оңды-солды таратуға бейім. Осыдан соң, интернет алаяқтардың құрығына түстім деп байбалам салады. Қысқасы, азаматтардың құқықтық сауаттылығы артпайынша, киберқылмыстың да саны азая түспесі белгілі, – деді Жасұлан Оразбекұлы.
ҚҰТҚАРАМЫН ДЕП ҚҰРЫҚҚА ІЛІНІП ҚАЛМАУ КЕРЕК
Сіздің дербес деректеріңізді, оның ішінде, байланыс деректеріңізді алғаннан кейін телефон алаяқтары іске кіріседі. Телефонмен жасалатын алаяқтықтың кеңінен тараған схемасы – банктер мен басқа да қаржы ұйымдары байланыс орталықтарының қызметкерлері немесе операторларынан түсетін қоңыраулар. Әдетте, қаскүнемдер қоңырау соғу үшін қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерін қайталауға мүмкіндік беретін SIP-телефония сияқты бағдарламалық қамтылымдарды пайдаланады. Әңгіме барысында банктердің жалған қызметкерлері сіздің картаңыздан әлдекімнің қаражатыңызды есептен шығаруға әрекет жасап жатқандығы туралы ескертуге тырысады немесе алаяқтардың сіздің атыңызға кредиттер ресімдеп жатқаны туралы «ақиқатқа толы аңызды» айта бастайды. Олардың осындай әрекеттерін тоқтату үшін ағымдағы шоттағы барлық ақшалай қаражатты дереу резервтік не сақтандыру шотына аудару қажет. Алаяқтар мәселені тез арада шешу үшін тіпті сіздің гаджетіңізге қашықтан қосылу бойынша өз қызметтерін ұсынуы да мүмкін.
Сондай-ақ, алаяқтар құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан да қоңырау соғулары мүмкін: «Қайырлы күн, мен құзырлы органның қызметкерімін. Сіздің атыңызға шағым түсті және «ірі мөлшердегі алаяқтық» бабы бойынша тергеу жүргізілуде. Сізге дереу полиция бөлімшесіне келу керек» немесе «Сіздің балаңыз, досыңыз не туысыңыз полиция бөлімшесінде отыр. Ол көлігімен адам қағып кетті, одан есірткі құралдары табылды немесе жаппай тәртіпсіздікке қатысты», – деп түрлі айла-тәсілдері арқылы қақпанға түсіруге әрекет жасайды. Осылайша, сіздің үрейіңізді ұшырған олар арыз ресімделмей тұрғанда мәселені шұғыл түрде шешу үшін белгілі бір шотқа қомақты қаражат аудару қажеттігін айтады. Нәтижесінде алаяқтардың мұндай құрығына негізінен жақын адамын құтқару үшін бар ақшасын беруге дайын тұратын қам көңіл қарт адамдар түсіп жатады.
Тұрғындар үшін тағы бір стрестік фактор әдетте абоненттің қоңырау соғу үшін қолжетімді болмауы. Айта кетейік, қаскүнемдер адамдардың психологиясын жақсы біледі. Олар кәсіби терминдерді қолданып, тез әрі сенімді сөйлейді, кейде қысым жасайды. Тіпті, шешім қабылдауға асықтырып, қорқытады. Көбіне қызу жұмыс істеп жатқан кеңсе не полиция бөлімшесінің әсерін беретін дыбыстарды қосып қояды және басқа да тәсілдерді қолданады.
ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ КЕҢЕС БЕРЕДІ
Әдетте, алаяқтар азаматтарды алдау үшін түрлі амалдарды қолданатыны рас. Тіркелген істерді саралап көрсеңіз, алаяқтар абоненттік нөмірді ауыстыруға арналған арнайы сервистерді (бағдарламалық жасақтама) белсенді пайдаланатынын аңғаратыныңыз анық. Яғни, олар бағдарламалық жасақтаманың көмегімен шынайы абоненттік нөмірді өзгертіп, жымысқы әрекеттерін жүзеге асыруға күш салады. Сондай-ақ, олар өздерін банктің қауіпсіздік қызметі, полиция немесе прокуратура қызметкерлері ретінде таныстыратынын қайтерсіз?
Рас, соңғы жылдары ұялы қосымшадағы «мобильді банк» қызметін пайдалану арқылы алаяқтық фактілер айтарлықтай жиілеп кетті. Бұл қызметті адамдардың банк шотын және карта нөмірін білу арқылы жүзеге асырады. Мысалы, сіз пәтерді немесе машинаны сату туралы хабарландыру бердіңіз делік. Біраз уақыттан кейін сізге сатып алушы қоңырау шалып, алдын ала төлем жіберу үшін банкомат карточкасының нөмірін жіберуді сұрайды. Қылмыскерлер сіздің банкомат карточкаңыз туралы ақпаратты иеленгеннен кейін шоттан ақша қаражатын жымқырады. Әдетте, алаяқтар өз құрбандарын арзан бағамен және тиімді ұсыныстармен тартады және ақша қаражатын электрондық әмиянға аудару арқылы алдын ала төлем жасауды талап етеді. Көптеген адамдар ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпайтын белгісіз адамдарға төлем терминалдары арқылы аударады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тұрғындарға кеңес береді:
– Сіздің картаңыздың жай-күйі туралы Сізге хабарлай алатын жалғыз ұйым – қызмет көрсететін банк екенін есте сақтау қажет. Егер сіздің картаңызда бірдеңе дұрыс емес деген күдік болса, егер сіз оны бұғаттау туралы смс-хабарлама алған болсаңыз, дереу банкке хабарласыңыз.
– смс-хабарламада көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалмаңыз және хабарлама жібермеңіз, бұл үшін қосымша ақы алынуы мүмкін.
– банк картасы туралы деректерді, бір реттік жасырын сөздерді, смс-кодты айтпаңыз. Бұл – ақпарат құпия және сіздің картаңызды жеке кабинет арқылы басқарады.
– ақшаны белгісіз шоттарға және телефон нөмірлеріне аудармаңыз.
– хабарландыруды мұқият оқып, оны орналастырған адам туралы ақпаратты қараңыз. Ұқсас тауарлардың орташа құнына назар аударыңыз. Егер сатушы сатып алынатын тауар үшін толық немесе ішінара алдын ала төлемді электрондық шотқа аударуды талап етсе, бейтаныс адамға қаншалықты сенуге дайын екеніңізді ойланыңыз. Бейтаныс адамдарға анонимді төлем жүйелері арқылы ақша аудара отырып, егер мәміле жасалмаса, оларды қайтару кепілдігі жоқ екенін есте сақтаңыз.
ҚИТҰРҚЫ ӘРЕКЕТТЕР ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?
Жалпы, ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет-алаяқтар ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, қитұрқы әрекеттерімен өз қақпанына түсіреді. Бұдан кейін, аз уақытта миллиондаған табыс тапқысы келетін азаматтар алаяқтардың арбауына оңай алданып, кейіннен полиция бөліміне арызданады. Алайда, алаяқтардың ізін табу оңай шаруа емес. Бірі шетелде отырып, жымысқы әрекетін жүзеге асырса, бірі ізін жасырып үлгереді екен.
Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын кез келген жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі (ИИН) арқылы несие алатын алаяқтар шыққанын естігенде бәріміз таңғалып едік қой. Ал, бұл күнде сіз бен біз адамнан қулық артылмайтындығына куә болып келеміз. Мәселен, қазір алаяқтар да заман «талабына» сай дамып, ендігі кезекте өзіңізге қоңырау шалып, банктегі қаражатты оп-оңай ғана шешіп алуға әрекеттеніп жүр. Бұл мәселеде кейбір «сәтті» шыққан «операциялары» да жоқ емес. Ендеше, оңай олжаны мақсат еткендердің схемаларын тізіп көрейік. Интернет алаяқтары Olx, Market, Kolesa сынды алу-сату желілерінде және басқа да түрлі жолдармен өздерінің қитұрқы әрекеттерін іске асыруға күш салуда. Иә, желілер әртүрлі, бірақ схема бір. Мысалы, сізге кезекті сатып алушы ретінде хабарласып, тауардың жағдайын сұрап, басқа қаладан екендігін және сізге курьер жіберіп қойғанын алға тартып, келісімшартқа өзіңіздің мәліметтеріңізді толтыруыңызды өтініп сілтемені жібереді. Ал, сіз еш күдіктенбестен сұраған мәліметтің барлығын толтыра саласыз. Осылайша, алаяқтардың өз мүдделерін іске асыруға сіз де байқамай атсалысып кетесіз. Бірақ, әр мәселеге сыни көзқараспен қарайтын әрбір азамат бұл арбауға бірден түсе қоймасы белгілі.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Қорыта айтқанда, бұл күнде халықтың көзі компьютерге, құлағы ақпараттық технология атауына әбден үйренді. Дегенмен, ақпараттық технологияның (ІТ) ғарыштық жылдамдықпен дамуы тұсында киберқылмыстың да көштен қалмай, қайта өршелене өсе түскенін анық байқап келеміз. Мұқият мән берсек, бір елдің өзге елден шекарасы шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпейақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың арқасы. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуатты байланыстар. Ұмытпасаңыздар, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ендеше, қашықтық талғамай, өз атауларын жүз құбылтып, мың түрлендіретін интернет алаяқтары ерте ме, кеш пе құрықталатыны айдан анық. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу – полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Өңірде қылмыс деңгейі 13,5 пайызға төмендеді
- 14 қыркүйек, 2024
Алдын алу шаралары артып, қылмыс азаюда
- 12 қыркүйек, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді