Ерекше жандардың еңбегі елеулі

Ерекше жандардың еңбегі елеулі
Ашық дереккөз
Елімізде жанарынан жарық тайған азаматтарға барынша қолдау көрсетілуде. Бұл бағытта облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы да көру қабілеті әлсіз жандарға арнап түрлі жобаларды іске асырып келеді. Соның бірі – асханада жүріп өздігінен тағам әзірлеуге бейімдеп, түрлі көкөністер мен азық-түлік таңдауда кеңес беруге бағытталған «Tiflo-асхана» жобасы.

Ерекше жандар үшін жүргізілетін әлеуметтік жобаға облыстың зағип жандары, «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшелері мен №2 арнайы «Болашақ» мектеп интернатының оқушылары қатысып, дастар қанның сәнін келтірер тағам түрлерін әзірлейді.

– Бұл қызықты әрі пайдалы жоба. Асхана өте дәмді, құрамы дәруменге бай, тез дайындалатын салат, тағам түрлерін әзірлеуге, тағдырлас жандарға мотивациялық кеңес беруге септігін тигізді. Мұндай жобалардың ерекше жандар үшін берері көп. Бұл бізге әлеуметтік кедергісіз ортаға бейімделуге, дыбыс бойынша түрлі тұрмыстық аспаптарды анықтауға, асхана құралдарын қауіпсіздік шараларын қолданып, сипап сезу арқылы тануға мүмкіндік туғызады, – дейді жоба қатысушысы, «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі Ғалымжан Есімов.

Кітапхана меңгерушісі Әлия Сағымбаеваның айтуынша, арнайы кітапхана тарапынан ерекше жандарды қолдауға бағытталған түрлі әлеуметтік бастамалар қолға алынған.

– Инклюзия бағытында кітапханашылар жоспарға сай және жоспардан тыс өткізіліп жатқан ірі іс-шаралармен қатар, бірнеше үлкен жобалық жұмыстар арқылы кітапханаға оқырман тартуда. Атап айтқанда, «Book-FM», «IZI Travel», «Инклюзия және театр», «Тифло-Музей» жобаларын мәдениетпен ұштастырса, «Балалардан балаларға», «Кітапхана-TV» әдебиет, «Жүрекжарды», «KENES-time», әлеуметтік саланы қамтып, «Қауіпсіздікті сақтайық» және «Үй тапсырмасы» жобалары мүмкіндігі шектеулі жандардың кітапқа деген қызығушылығын оятып, кітапхана қызметін жандандырып қана қоймай, оның имиджін қалыптастыруға да негіз болады. Бұл – арнайы ортаға жаңадан қосылған жандарға психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді, – дейді Әлия Бақытқызы.

Аталған жоба жоспар бойынша әр ай сайын жүргізіледі. Күні бүгінге дейін үш жыл ішінде әлеуметтік жобаға 200-ден аса оқырман қатысып, кітапхананың оқырмандар қатарын көбейткен. Кітапхана басшылығының айтуынша, алдағы уақытта облыстағы зағип жандардың сұраныстарына орай аталған жоба өз жұмысын жалғастыра бермек.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар