«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жалған ақпарат: залалы мен зауалы

Жалған ақпарат: залалы мен зауалы
Ашық дереккөз
Қазіргі таңда кез келген ақпараттың бүкіл әлемге таралуына санаулы секундтың өзі-ақ жеткілікті. Өйткені, интернеттің көмегімен айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырмыз. Бұл – заманауи техниканың жетістігі. Десе де, мұның зияны да жоқ емес. Әсіресе, бұл мүмкіндікті ел-жұртты әбігерге салуды көздеген арамниеттілер қалт жібермейді. Олар жалған ақпаратты қасақана тарату арқылы азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды іс-әрекеттеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруді көздейді. Шын мәнінде, мұндай әрекет ел тұрғындарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына, қоғам мен ұйымның мүдделеріне елеулі нұқсан келтіретіні айтпаса да түсінікті. Бұдан адамдардың өмірлік жағдайларын қиындататын, оларға елеулі залал келтіретін, зардап шектіретін жайлар туындауы өз алдына бөлек әңгіме. Жасыратын несі бар, бүгінде ойнап жүріп от басқан талай жанды көріп жүрміз. Өкініштісі, жалған ақпарат тарататындар бұл қылықтарының қаншалықты ауыр екенін саралап жатпайды. Олар мұндай ісі үшін жауапкершілікке тартылатындарын біле бермейді.

ТЕЛЕФОН ТЕРРОРИСТЕРІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?

Жалпы, жалған терроризм – жай бұзақылық емес, қоғамдық тәртіпке қол сұғатын қауіпті қылмыс. Әрбір жалған қоңырау немесе хабарлама бейбіт тұрғындар арасында үрей тудырып, маңызды кәсіпорындардың жұмысының тоқтауына себеп болады. Еліміздің Ішкі істер министрлігі осындай «орынсыз қалжың» үшін қандай жаза қарастырылатынын еске салады.

– Өткен жылы ішкі істер органдары жалған терроризм фактілері бойынша 118 қылмыстық іс тіркеді. 21 қылмыстық іс бойынша күдіктілер анықталып, ұсталды. 11 адамға қатысты үкім шығарылды, олар түрлі қылмыстық жазаға тартылды. Мұндай қылмыс жасаған адамдар арасында кәмелетке толмағандар саны артқанын атап өткен жөн. Мәселен, 2022 жылы терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар жасағаны үшін кәмелетке толмаған 12 жасөспірім ұсталды, олардың үшеуі бас бостандығын шектеуге байланысты нақты қылмыстық жазаға тартылды. Ал, былтыр 11 жасөспірім ұсталды. Бүгінде төрт балаға қатысты іс қылмыстық жаза жасына жетпеуіне байланысты тоқтатылды. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 127-бабы бойынша (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) жауапқа тартылды, оларға айыппұл салынды. Әртүрлі деструктивті топтарда балалар белгісіз адамдардың ықпалына түсіп, өздерінің жеке деректерін, телефон нөмірлерін, электронды жәшіктердің мекенжайларын беріп қояды. Ал, олар өз кезегінде балалардың атынан көрінеу жалған хабарламаларды жібере бастайды. Мұндай жағдайлар болды. Сондықтан ата-аналарға айтарым: баланың интернет желісінде болуын қадағалап, қандай сайттарға кіретінін және қандай ресурстарға қызығушылық танытатынын бақылауда ұстау қажет. Көрінеу жалған хабарламалар материалдық шығын әкеліп қана қоймай, шұғыл қызметтердің уақытын алады. Бізде қажетті техникалық құралдар, бағдарламалар бар. Сондай-ақ, шетелдік әріптестермен тығыз байланыстамыз. Мұндай қылмыстар жазасыз қалмайды», – деді Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Дархан Разуев.

Айта кетейік, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, я болмаса 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Спикер айтқандай, бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар, сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залал өтелуге жатады. Егер мұндай әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаған жағдайда залалды өтеу оның ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.

ФАКТЧЕКИНГ – ӘШКЕРЕЛЕУ ӘДІСІ

Фактчекинг – медиа саласындағы тренд сөздің бірі. Сондай-ақ, шетелдік медиа кеңістікте верификaция деген термин бар. Бұл технологияны меңгеру маңыздылығы көбіне еркіндік, объективтілік, бейтараптық және нақтылық сынды этикалық қағидалармен байланысты. Нақ осы екі терминнің айырмашылығын тәуелсіз журналист Халима Тәжіқұл ажыратып берді. «Фактчекинг – жалған ақпараттарды тексеру және оны әшкерелеу. Саяси әдістері, өзекті әлеуметтік тақырыптарды көтеріп, өз мақсатында пайдалануды көздегендерді әшкерелеуге арналған құрал деуге болады. Сайтта саясаттағы шенеуніктердің айтқан мәліметтеріне, келтірген деректеріне фактчекинг жасалады. Бұдан бөлек, қоғамда, ел арасында манипуляцияға толы дүниелерге осы әдіс қолданылады. Журналистің материалы әлі жарық көрмеген болса, онда фактчекинг жасамайды, ол кезде верификация жасайды. Осы екі нәрсені шатастырмау керек. Фактчекинг деген жарияланып қойған, жарық көрген мәліметке, дерекке жасалады. Ал, верификация әлі жарық көрмеген деректерді тексерудің тәсілі», – деп түсіндірді Х.Тәжіқұл.

Ал, фактчекер, Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы Думан Смақов жалған ақпараттың тарауы жасанды интеллект дамуымен өрши түскенін атап өтті. «Соңғы кезде жалған ақпарат көбейіп бара жатқанын өзіміз де көріп отырмыз. Бұған тек қана адамдардың күнделікті тарататын фейк ақпараты ғана емес, жасанды интеллект синтездейтін ақпараты қосылып жатыр. Мысалы, дипфейк деген секілді. Дипфейк – жасанды интеллект арқылы өңделген фотосуреттер, бейнелер немесе аудиожазбалар. Сондықтан, фактчекинг сіз бен біздің өмірімізді жеңілдету үшін, жалған ақпаратқа, алаяқтарға және басқа да алдауға тырысатын адамдардың қақпанына түсіп қалмас үшін өте маңызды. Тіпті, тұрмыстық өмірде егер пәтер жалға алсаңыз да, фактчекинг арқылы пәтер иесі жайлы бар деректі тексеріп алуға болады. Бұл – біздің өміріміздегі журналистиканың ең маңызды форматтарының бірі», – дейді маман.

Оның айтуынша, ақпаратты тексеру кез келген адамның қолынан келеді. Тек қажетті техникаларды үйренсе болғаны. «Фактчекингтің өзі төрт бөліктен тұрады. Жарияланған ақпараттың рас-өтірігін тексеру, шенеуніктердің уәдесін тексеру, мифтерді сейілту, бұл қоғамда қалыптасқан стереотиптердің, мифтердің рас-өтірігін анықтай отырып, күдіктен сейілту. Фактчекинг жасау кез келген адамның қолынан келеді, негізі форматы оңай. Бірақ өкінішке қарай, фактчекингте шыдамдылық, төзімділік керек. Егер бір ақпаратты таппасаңыз, оны іздей беруіңіз қажет. Мысалы, журналистік зерттеу сияқты форматтарда сіз астыртын алған ақпаратты немесе ашық әдістен өзге де ақпаратты қолдануға моральдық құқығыңыз бар, ал фактчекинг бұған мүмкіндік бермейді. Бірақ шын мәнінде, бұл өте жеңіл», – деді ол.

Мамандардың сөзінше, қоғам естіген әрбір ақпаратты қабылдамас бұрын, қарапайым ғана ой-елегінен өткізіп, сыни ойлауға тырысуы қажет. «Жалған ақпараттың салдары туралы айтқанда, біріншіден, бұл азаматтардың экономикалық қауіпсіздігіне байланысты. Мысалы, әлдебір банкте депозитте ақша болса, ол банк жабылайын деп жатыр деген ақпарат тараса, сіз ақшаңызды түгел шешіп аласыз және депозиттегі үстеме ақыңыз да жойылады. Тіпті, банк банкротқа ұшырауы мүмкін. Екінші салдар, денсаулыққа қатысты. Коронавирус пандемиясы кезінде түрлі шөптермен, адыраспанмен, жемістермен емделуге болады деген ақпарат тарады. Соның салдарынан осындай жолмен емделемін деп бақилық болып кеткендер де болды. Жалған ақпарат тарату және қасақана ақпарат тарату деген баптар бар», – деп атап өтті Думан Смақов.

КІНӘЛІЛЕР ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ҚҰТЫЛМАЙДЫ

Ішкі істер министрлігінің өкілдері фейк ақпараттардың қандай мақсатта жарияланғанын тексеру үшін интернет-ресурстарына ұдайы мониторинг жүргізіп отыратынын мәлімдеді. Мониторинг барысында құқыққа қайшы ақпараттар немесе жарнамалар сынды хабарламалар таратқан сайттарды анықтап, олардың қызметін тоқтату яғни, бұғаттау үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдайды. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі тек өз құзыретіне жататын салалар бойынша мониторинг жүргізеді. Мәселен, таратылған ақпарат мәдениет, әлеуметтік салаға қатысты болса, осы саладағы құзырлы министрліктер, мемлекеттік органдар, ақпараттың рас-өтірігіне қатысты түсініктеме беріп, таратушы тұлғаға қатысты тексеру жүргізуді сұрап, құзырлы органдарға шағым түсіреді. Сол бойынша тексеру-анықтау шаралары қолға алынады. Дегенмен, жалған ақпарат таратушылар жазадан құтылып кете алмайды. Түрлі мақсатта осындай қадамға барғандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте бірнеше бап қарастырылған. Министрлік жалған ақпарат таратушылар «Жала жабу», «Жалған ақпарат орналастыру, тарату» сынды арнайы баптарда көзделген шаралар аясында жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

– Қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделеді. Көрсетілген әрекет үшін ең жоғары жаза – 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру. Қылмыстық істер қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның, мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін туғызатын қасақана жалған ақпарат таратудың барлық фактілері бойынша тіркеледі, – делінген Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАЛАЙ КҮРЕСУДЕ?

Бұл күнде әлем елдері фейк жаңалықпен күрес шараларын тұрақты түрде қолға ала бастады. Жалпы, әлемде жалған жаңалықпен күрес шаралары 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлаудан кейін үдей түсті. Тіпті, 2017 жылы Коллинз ағылшын сөздігі бойынша «фейк ақпарат» жыл сөзі атанған еді. Осы орайда, бүгінде шет мемлекеттерде жалған жаңалыққа қарсы қандай іс-шаралар қолданып жатқанына назар аударсақ.

Швеция 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап фейк ақпаратпен күресетін агенттік құрды. Бұл психологиялық қорғаныс агенттігінің миссиясы – Швецияға, оның мүдделеріне қарсы бағытталған және басқа да адамды жаңылыстыратын ақпараттарды анықтау, талдау әрі оларға жауап беру арқылы елдегі ашық, демократиялық қоғам мен еркін ойды қорғау. Ал, Франция үкіметі 2021 жылы шетелдік дезинформациямен және фейк ақпараттармен күресетін агенттік құрған еді. Сондай-ақ, 2018 жылы бұл елде фейк ақпараттың алдын алу үшін оған қарсы екі заң қабылданды. Ел президенті Эммануэль Макрон бұл қадам азаматтық бостандықтарға қауіп төндіреді деген сынға қарамастан, әлеуметтік желілердегі фейк ақпаратпен күресу үшін бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң да қайта қаралатынын айтқан.

Көршілес Өзбек елінде де Қылмыстық Кодекске жалған ақпарат таратуға қатысты жаңа бап енгізілді. Заңға сәйкес, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін баспасөзде, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте жалған ақпарат таратқаны үшін 3,75 мыңнан 10 мың долларға дейін айыппұл салу немесе 240 сағатқа дейін мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмыстарға жегу немесе екі жылға дейінгі түзеу жұмыстары, екі жылдан үш жылға дейінгі бас бостандығын шектеу шаралары қарастырылған. Атап өтейік, президент Шавкат Мирзиёев ел заңнамасына коронавирус туралы жалған ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын енгізуді көздейтін түзетулерге қол қойған.

Сингапурда қабылданған жаңа заңда ел үкіметі Facebook сияқты әлеуметтік медиа сайттарынан Сингапур билігі жалған деп санайтын жазбалар туралы ескертулер мен «қоғамдық мүддеге» қарсы пікірлерді алып тастауды талап етеді. Германия 2018 жылы Facebook және Twitter сияқты әлеуметтік медиа компанияларына желілеріндегі жек көрушілік не өшпенділік бағытында жазылған пост не сөздерді тез арада жою туралы заң қабылдады. Қысқаша NetzDG деп аталатын бұл заңға сәйкес, сайттарға тыйым салынған мазмұндағы мәтіндерді жою үшін 24 сағат уақыт беріледі немесе 50 миллион еуроға дейін айыппұл салынады. Ал, Wikipedia интернет-энциклопедиясының негізін қалаушы Джимми Уэльс Wikitribune жобасын іске қосты. Онда журналистер жаңалықтарын не материалдарын жарияламас бұрын, ақпаратты қайдан алғанын, сондай-ақ оқиғаға негіз болған жазбалардың түпнұсқаларын ұсынуы керек.

Қорыта айтқанда, жалған ақпараттың жолын кесудің бірден бір жолы – жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының тез арада халықпен кері байланысқа шығуы. Егер ауданда, ауылда елді елең еткізген ақпараттар тарала қалса, жергілікті полиция бөлімі болсын, әкімдік болсын халыққа дер кезінде хабарлап, ресми ақпарат беріп отырғаны дұрыс. Сонда ғана жалған ақпараттың жолы кесіледі. Таралған күннің өзінде халық құзырлы органдардың ресми ақпаратына сенеді де, ақпарат таратушының сөзі зая кетеді. Яғни, халыққа ашық әрі анық ақпарат беріп отырған абзал. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да осы негізде қалыптасса керек.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар