«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құландық тұрғындардың тілегі орындала ма?

Құландық тұрғындардың тілегі орындала ма?
Ашық дереккөз
Т.Рысқұлов ауданының орталығы – Құлан ауылындағы Панфилов көшесінде орналасқан 4 көпқабатты үйдің тозығы жеткен. Білетіндердің айтуынша, салынғалы бергі елу жылда күрделі жөндеу көрмегендіктен, бастапқыда төбесі қара қағазбен жабылып, ол тесілген. Соның салдарынан жауын-шашынды күндері іштегі пәтерлерге су өтеді. Оған қоса дәліздің де, ауласының да сиқы сын көтерерліктей емес.

Дегенмен, онда адамдар өмір сүріп жатыр. Ондағы тұрғындар жағдайын айтып жүріп, жергілікті басшылық несиелік негізде күрделі жөндеу жүргізбекші болған. Бірақ, ол да республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты тоқтап қалыпты. Алайда, тұрғындар өздері тапқан мердігер компания №1 үйдің жертөлесін жөндеуді бастай бергенде электр желісінің кабелі үзіліп, соның салдарынан біраз тұрғынның тұрмыстық техникалары күйіп кетіпті. Тұрғындар біраз уақыт бұрын басталған жөндеу жұмыстарының тоқтап қалғанын және электр жүйесі кабелінің үзілуі салдарынан күйген тұрмыстық техникаларының жағдайын айтып, әлеуметтік желі арқылы шағымдарын жариялаған болатын. Осыған орай жағдайды көзбен көріп, мәселенің мәнісін білу үшін ауданға арнайы бардық.

Әуелі аталған көпқабатты үйлерге барып, тұрғындармен тілдестік. Олардың сөзінше, мердігердің құрылысшылары жертөледе жөндеу жұмыстарын бастағаннан-ақ пәтерлерде электр жарығы жыпылықтап, артынша токтың кернеуі төмендеп, жарық лампаларын қосса, жанбайды, бірақ тұрмыстық техникаларды қосса қызарып, ток келіп тұрғанын байқатқан.

Содан соң тұрғындар аудандық электр желісін тарату мекемесіне хабарласып, мамандарын шақыртқан. Электриктер келіп, кернеу төмендегенін айтып, сыртқы және жертөледегі трансформаторда жұмыс істегеннен соң ток қосылған. Арада бір апта өткенде кернеуі, керісінше жоғарылап, біреуінің мұздатқышы, енді бірінің теледидары секілді тұрмыстық техникалары күйіп кеткен. Әсіресе, жаз айында мұздатқышы істен шыққандар азық-түлігін сақтайтын жер таппай, қиналғандарын айтуда. «Енді сол шығындарды кім өтейді? Қазір тұрмыстық техника арзан тұрмайды, жөндету де тегін емес», дейді тұрғындар.

Бұл базына ларын әлеуметтік желіге жариялағандарына да аудандық электр желісін тарату мекемесі «ол жердегі электр желісінің тозығы жеткен, аталған көшенің электр желісі жерасты кабелімен жүргізілген, АЭЖ мекемесінің құзырында емес екенін мәлімдейміз», деп жазған болатын. Енді кімнің жауапкершілігінде екенін сұрап, біз де хабарластық.

– Панфилов көшесінде 4 үй бар. Оларға Кеңес өкіметі кезінде біздің трансформатордан 4 кабель жүргізілген. Біздің қарамағымызда тек трансформатор ғана, оны жылда жөндеп, уақтылы майын құйып тұрамыз, автоматтары күйсе, дер кезінде жөндеп отырамыз. Кабельдің тозығы жеткен, ауыстыру керек болатын, ауыстырылмаған, сондықтан осылай болды. Кабельдер біздің жауапкершілікке кірмейді. Коммуналдық шаруашылықты жүргізетін мекеменің қарамағында. Ақау сол кабельден шыққан. Бірақ, біз «тұрғындар жарықсыз отырмасын» деп өз тарапымыздан уақытша сым жалғап бердік. Тұрғындар бізге тек қолданған ток үшін ақы төлейді, ал үзілген кабельді жалғап беруді, мүмкін жөндеу жұмыстарын жасап жатқан компания немесе коммуналдық шаруашылық бөлімі жасап беруі керек. Сол трансформатордан арғы жағындағы жер үйлер де ток алып отыр, кабелі үзілген үйдің қасындағы №2, 3, 4 үйлердің де тогы үзілген жоқ, тек 1-үйдің ғана кабелі тозығы жеткендіктен үзілген, – дейді аудандық электр желісін тарату мекемесінің бас инженері Ахмедияр Тулеков.

Біз шұғыл Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Медет Аденовке хабарластық. Ол да үзілген кабель өздерінің бөлімінің балансына кірмейтінін, бірақ күрделі жөндеудің сметалық құжаттамасына аталған 4 көпқабатты үйдің ішкі электр желілерін түгел жаңарту кіргенін айтты. Ал, қазіргі уақытта жертөледегі қуат кабелі ашық түрде салбырап жерде жатыр. Тұрғындар «оған, тіпті тышқан секілді жәндік тиіп кетсе де тағы үзіліп кетуі әбден мүмкін, сонда жарық тағы сөніп, қайта жөндеткен техникаларымыз тағы да күйіп кете ме?» деп алаңдаулы. Медет Оңғарұлы бұл кабельдер күрделі жөндеу кезінде жаңартылып, гофр құбырының ішіне отырғызылып, қабырғаға бекітілетінін айтты. Оған дейін, расында да тұрғындарға қайтпек керек?

– Мен №1 үйдің тұрғынымын, көшіп келгеніме де көп бола қойған жоқ. Таңертеңнен кешке дейін жұмыста боламын, сондықтан токтың кернеуінде өзгерістер болған сәтте ешқандай тұрмыстық техникаларым қосулы болмай, күюден аман қалды. Біздің үйдің жертөлесіне мердігер компанияның жұмысшылары ішін қырып, әктеп, шебен тас төсеп жатқандарын көретінмін, бірақ қазір жұмыстары тоқтап тұр. Осыдан біраз бұрын №3 үйдің төбесін ашып тастап, ол да тоқтап, өткендегі жаңбыр жауған күні ондағы көршілер үйлеріне су қатты өткенін айтқандарын естігенмін. Көппәтерлі үйіміздің үлкені келіп, жөндеу жүргізуге келісімшартқа көктемде қол қойдыртқан болатын. Міне, жаз аяқталуға жақын. Енді сол жұмыстарды тезірек орындап, жаңбырлы күздің салқын күндері басталмай аяқталса екен дейміз. Күз де таяп қалды, жөндеу әлі жалғасқан жоқ, осыған алаңдап отырмыз, – дейді Әлия Айтқұлқызы.

Басталған күрделі жөндеудің тоқтап қалуын аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегі жауаптылар былайша түсіндірді.

– Панфилов көпқабатты тұрғын үйлерде 248 пәтерде мыңға жуық халық тұрады. Республикалық бюджеттен «Облыстық бюджеттерге кредит беру, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу» бағдарламасы бойынша Құлан ауылындағы 4 көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарына 2024 жылға бюджеттік кредит түрінде қаржы қарастыру бойынша келісім алынған. «Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне күрделі жөндеу жүргізу тәртібін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 29 сәуірдегі №246 бұйрығының 17 тармағына сәйкес, үй кеңесінің шешімімен мердігер компания «BATConsalt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таңдалған. Сонымен қатар, операторлық қызмет көрсетуші ұйым құрмай, әкімдікке қарасты «Құлан Энерго Жылу» ШЖҚ КМК-ның жарғысына өзгеріс енгізу бойынша жұмыстар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінен келісім алынып, жарғыны өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге бөліммен мердігер компания арасында келісімшарт жасалған. Алайда, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арасында несиелік келісім жасалмауына байланысты республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмай отыр. Жоғарыда көрсетілген министрліктер арасындағы несиелік келісімшарт жасалып, қаражат қарастырылған жағдайда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Медет Аденов.

Мән-жайды білмек үшін мердігер компанияның басшылығымен де хабарластық. Олар да жөндеу жұмыстарының тоқтау себебін қаржымен байланыстырды.

– Бұл үйлер жетпісінші жылдары салынған. Содан бері жөндеу көрмегендіктен, ток кабельдері ескірген. Жертөлеге кіргенімізде ток кабельдері ашық-шашық салбырап тұрды. Біз тек жертөлеге шебен тас төсеп, әктедік. Егер ток үзілердей жүктеме түсіретін болсақ, дәнекерлеу жұмыстарын істер едік. Әлі ол жаққа дәнекерлеу жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Бұған шағымданған тұрғындар прокуратураға арыздансын. Осы істі жақсы түсінетін мамандардан сарапшылар келіп, тексерсін. Біздің мұнда кінәміз жоқ екендігі сонда анықталады. Әзірге шу шығарып жатқан тек әйел адамдар, олар токтың жүйесін түсінбейді. Ер азаматтары неге айтпайды? Әзірге осы саланың мамандары сараптама жасамайынша ештеңе айта алмаймыз, осыған дейін де тұрғындарға түсіндіріп келдік, ендігісі заң аясында шешілсін. Ал, біз жөндеу жұмыстарын осыған дейін тиісті қаржы бөлінбегендіктен қарқынды жүргізе алмадық, енді қаржы түскеніне қарай тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз, – деді «BATConsalt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Талғат Тельтаев.

Байқағанымыздай, тұрғындар күн суытатын күз келіп қалды деп уайымдағанымен жөндеуді жүргізетін мердігер компанияға төленетін қаржы әлі күтілуде. Шатырын жаңарту үшін төбесі ашылған, ескі кабелі үзілген токты уақытша сыммен жалғаған үйлердің тұрғындары жөндеудің аяқталғанын әлі қанша күтеді? Бізбен тілдескен кейбір тұрғын «Ендігі үмітіміз облыс әкімінде, базынамызды қалай жеткіземіз?» деп қалды. Құландық тұрғындардың тілегі орындалар ма екен?..

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар