«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қайырымдылықтың қасиеті мол

Қайырымдылықтың қасиеті мол
Ашық дереккөз
Қоғамның қозғалысына өз еркіңмен үлес қосу – ізгІ жолдың үлкені. Өзін ғана ойлау әркімнің қолынан келеді, ал қоғамның дамуына ықпал ету – кең ауқымдағы маңызды іс. «Азаматтық қоғам» деген ұғымның анықтамасы жеке тұлғаның және бейресми, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың дамуы, жұмысын жолға қоюы. Яғни, көпшіліктің мемлекеттік көмектен тыс қоғамдық қолдауларға ие болуы. Азаматтық қоғам бағытындағы жұмыстар Шу ауданында да жүйелі түрде іске асып келеді.

Осындай азаматтық қоғам бағытына қомақты үлес қосып жүрген ұйымның бірі – Шу ауданындағы «Ерікті аналар. KZ» қайырымдылық қоры. Аталған қайырымдылық қорының төрайымы Гүлнұр Қырбайқызының өзі 6 перзентті өмірге алып келген «Күміс алқа» иегері. Аталған қайырымдылық қоры 2017 жылдан бастап жұмыс істеп, 2021 жылы облыстық әділет департаментіне заңды түрде тіркелген. Қазіргі таңда ерікті аналар мен ерікті студент қыздарды ұйымның жұмысына шақырып, іске асқан жобалары мен нәтижелері көптің көңілінен шығып отыр.

Сонда бұл қайырымдылық қоры немен айналысады, қаржыны қайдан алады деген сауалдар туындауы мүмкін. Кім кімнің де солай ойлауы орынды. Қордың басты мақсаты – көмекке мұқтаж аналарға, ерекше жағдайдағы балалары бар отбасыларға қайырымдылық жасау.

Гүлнұр Садықованың бұрын кәсіпкерлік салада жүргені де жұмыстың алға басуына ықпал еткен секілді. Яғни, демеуші іздеу кезінде, қаржыны жинақтау барысында жеке кәсіпкер ретіндегі табандылығы көп ықпалын тигізіпті. Осылайша, «Ерікті аналар. KZ» қайырымдылық қоры аудандағы көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, жалғызбасты қарттарға, аз қамтылған отбасыларға, сырқат балалары бар аналарға мүмкіндігі келгенше көмегін аямаған. Аталған көмекке мұқтаж отбасыларға азық-түлік жеткізу, киім-кешекпен қамту жұмыстары қайырымдылық қоры тарапынан тұрақты жүргізіліп келген. Осы ретте киім-кешектің қалай жиналатыны туралы айта кетсек. Яғни, «Ерікті аналар» қайырымдылық қорының арнайы нүктесіне ауданның бақуатты тұрғындары киілген киімдерін жуып тазалап, әкеліп тастайды. Ол сол жерде сұрыпталып, дайын болып тұрады. Жуылған, таза киімді көпбалалы отбасындағы балалар қуана қабыл алып бірнеше жыл киіп, тоздырып тастауы мүмкін. Қордың көмегін пайдаланғандар аз емес. Сондай мұқтаж жанның бірі, 12 баланың анасы Мариям Омарова: «Алланың нәсіп еткен 12 перзенті бар. Ешкімге міндетіміз жоқ. Мынау бағаның байлауы жоқ кезеңде көпбалалы отбасыларға оңай емес. Отағасы 110 мың теңге жалақы алатын жұмыста істейді. Шүкір, әрине. Ол қаражаттың жетіңкіремейтіні белгілі. Сондай сәтте «Ерікті аналар» қайырымдылық қорынан көмек сұраймыз. Ешқашан жоқ деген емес. Азық-түліктен көмектеседі. Киім-кешекпен қарайласады. Осы Гүлнұр Қырбайқызы басқаратын қоғамдық қайырымдылық қорының көп жақсылығын көрдім», – дейді.

Ал, тағы бір тұрғын Мөлдір Берікова: «Жалғыз өзіме балаларды қарау, жағдайын жасау оңайға соққан жоқ. Сондықтан аталған қоғамдық қордан көмек сұрағанымды жасырмаймын. Кеудемнен итерген жоқ. Шамалары келгенше азық-түлікпен қолдады. Кейде қарызға қаражат сұраған күндерім болды. Қарызға қаржы алып, уәделескен уақытта қайтарып отырдым. Оның өзі – көмек. Қазір біреулер үстіне пайызын қосып, қарыз беруді де кәсіпке айналдырып жіберді. Мен өзім де, Нұрасыл Тұрсынхан деген балам да екінші топтағы мүгедекпіз. Баламның көзі ауырады. Бұрын мүлдем көрмей қалған еді. Қазір алдына қойған асын өзі іше алады. Менің жанымды түсінген қайырымдылық қорына рақмет. Жолдасым бір мекемеде жұмысшы. Балаларым есейді. Жағдайымыз жаман емес.

Аталған қордың айналасында мыңға жуық әйел бар. Біреуге көмек керек болса, осында жүгінеміз. Соңғы рет баласына ота жасатамын деген келіншекке де қаражат жинап бердік. Біздің ауданда ойын алаңдарында ерекше балаларды кіргізу тегін. Бірнеше ерекше жағдайдағы балаларды жинап, тегін ойнауына мүмкіндік жасадық. Ескі жиһаздарды бір ғимаратқа жинап, босаған жеріне шеге қағып, сынған жерін бүтіндеп, сырлап, бізге керек деген отбасыларға қайтадан беріп жатырмыз. Оның өзі – көмек. Оқушы балалар арасында «Күзгі балл» байқауын ұйымдастырдық. Ол сайысқа менің ерекше жағдайдағы балам да қатысып, ән шырқап, өнер көрсетті. Жүлделі екінші орын алды. Сап-сау балалармен бірге жарысып жүлде алғанына балам қуанып, қанаттанып қалды. Өмірге құлшынысы артты. Бір сөзбен айтқанда, «Ерікті аналар» қайырымдылық қорының жұмысы өте ауқымды. Талай тірлікті атқарып, талай отбасын қуантып келеді. Бұл қайырымдылық қорына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді. Аталған қоғамдық қайырымдылық қорында еріктілер қатарында жүргендер көп. Тіпті, қайырымдылық қор ашылғалы бері игі істің басықасында жүрген бірнеше ерікті бар. Солардың ішіндегі белсендісі Венера Сұлтанғалиева: «Мен қазір осы Гүлнұр Садықова төрайымның көмекшісімін. Ауданның үш аумағында кеңселеріміз бар. Сол жерде отырып жұмыс жүргіземіз. Тұрғындар әкеліп өткізген киімдерді сұрыптап, реттеп, мұқтаж отбасыларға үлестіреміз. Өзім 5 баланың анасымын. Өзіміз көпбалалы болған соң, аналардың жағдайын жақсы түсінеміз. Менің 7 жыл қасында жүріп қайырымдылық қорының төрайымынан үйренгенім өте көп. Осы жылдарым үшін өкінбеймін. Керісінше, қайырымдылық істі жүзеге асырғаныма қуанамын. Аталған қайырымдылық қорының жұмыстары өте ауқымды. Жүзеге асып жатқан жүйелі жұмыстарын қалай айтып өтсек те артық емес. Талайдан алғыс алған ізгі жандардың көсегесі көгере берсін», – дейді.

Қ а й ы р ы м д ы л ы қ қ о р д ы ң құрылудағы мақсаты әлсіз топтарға қол ұшын беру болса керек. Шу ауданына шуақ шашқан «Ерікті аналар» қоры бұл үдеден шығып отыр. Жоспарын айқындап алған ұйымның алдағы уақыттарда игі істердің басынан табыла береріне шулықтар бек сенеді. Бұл ұйым Шу ауданына ғана емес, өзге өңірлерге де қайырымдылық көрсетуімен ерекшеленеді. Сондықтан мұндай ізгілік жолында мақсатты жоспарларын жүзеге асырған қайырымдылық қорының жүйелі жұмыстарына Шудың бойын жайлаған тұрғындар риясыз риза. Әрине, бір ауданның мұқтаж отбасыларының мәселелерін шешу тек «Ерікті аналар» ұйымының міндеті емес. Бұл ретте жұдырықтай жұмылып еңбек ету өзге де белсенді ұйымдар мен жауаптылардың міндеті. Бұл ретте аталған қайырымдылық қорының төрайымы Гүлнұр Садықова: «Тәуекел деп істі бастап, жұмыс атқарып келе жатқанымызға жеті жылдан асты. Шу ауданының ауылдарында тұратын әйел азаматтардың бәрі біздің қордың атқарып отырған жұмысынан толық хабардар. Мұнан бөлек өзге өңірлерге де азық-түлік жеткіземіз. Мәселен, көктем айларындағы су тасқыны кезінде батыс және солтүстік өңірлерге жұрт болып жұмылды. Сол кезде біз де өз үлесімізді қостық. Қоғамдық қор ашылғалы бері қасымнан кетпей, бірге жүрген қыздар бар. Олардың ұйымның дамуына қосып отырған үлестері үлкен. Сондықтан сондай белсенді жандарға ай сайын сыйлық ретінде 85 мың теңге көлемінде қаражат та беріп тұрамыз. «Сыйға – сый» дегендей, біздің де кішкентай ілтипатымыз осындай. Біздің қоғамдық қор аудандағы жүздеген ананы, жүздеген баланы қуантып, жүздеріне күлкі сыйлады. Сол үшін өзіміздің де көңіліміз жайдары. Біреуге көмек берген, жәрдемдескен өте жақсы іс. Сондықтан қасымда демеу болып жүрген барлық көмекшілеріме, еріктілерге шын көңілімнен рақметімді айтамын, – деді.

Азаматтық қоғамның дамуы осындай өз еркімен қоғамның дамуына, жекелеген отбасыларға қол ұшын созған ұйымдар арқылы жүзеге асады. Байқап отырғанымыздай, бір ғана «Ерікті аналар» қайырымдылық қоры жүз мыңнан аса тұрғыны бар Шу ауданына үлкен көмек көрсетіп отыр. Өзі отбасында бірнеше бала өсіріп, мынандай қоғамдық ұйымды басқара білу – үлкен жауапкершілік. Мұндай белсенді ұйымдардың көбейгені жақсы. Талайдың алғысын алған аталған қоғамдық қордың жұмысына көмекке мұқтаж отбасылардың баршасы риза. Бұл ұйымның ізгі жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар