Әсіресе, Бәйтерек, Ақментей және Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындарына үнемі су жетпей қалады. Ал, шын мәнісінде Жуалы ауданында жерасты суы жеткілікті. Ауданға іргелес жатқан Ақсай, Көксай шатқалдарынан келетін су үзілмейді. Бірақ, жаз басталысымен тұрғындарға ауыз су жетпейді. Дәл қазіргі уақытта аталған көшелерге ауыз су кестемен беріліп жүр. Суға қажеттілік екі есе артатын мезгілде қалыптасқан мұндай қолайсыздық тұрғындарды біршама әбігерге салып отыр.
– Мен Бәйтерек көшесінің тұрғынымын. Соңғы 3-4 жылда біздің көшеде күн қыза бастағаннан ауыз судың қарқыны бәсеңдеп кетеді. Ал, суға жаздың күні мұқтаждық әдеттегіден бірнеше есеге артады. Себебі, қысқа салат әзірлейміз, тосап қайнатамыз. Одан бөлек үйдің жөндеу жұмыстарына жазда ғана кірісуге мүмкіндік болады. Балалардың, немерелердің киімін де күн сайын жуып отыру керек. Ал судың қарқыны бәсең болған соң кір машина су тартпайды. Той-томалақ, келімді кетімді қонақтарымыз жазда көбейетіндіктен, бұл бізге үлкен мәселе болып отыр. Жаздың басында су тек кешке келетін. Қазір түскі уақытта үзіліс болып, таңертең түске дейін және кешкісін түнгі 12–1-ге дейін ағады. Сол аралықта шаруаларымызды бітіріп алуға тырысамыз. Бірақ, көршілердің бәрі сол уақытты межелеп күтіп отырғандықтан судың қарқыны түсіп кетеді де, кейде үй тіршілігі аяқсыз қалып жатады. Бұл бізге қиын болып тұр, – дейді ауыл тұрғыны Ляззат Керімбаева.
Ауыл тұрғындары ауданды сумен қамтып отырған «Жуалы-Су» мекемесіне талай шағымданған. «Бәрібір нәтиже жоқ» дейді олар. Айтуларынша, кестемен берілетін су тап түс мезгілінде, су аса қажет уақытта тоқтап қалатын көрінеді. Әсіресе, қариясы мен еңбектеген сәбиі бар үйлерге бұл әжептәуір салмақ салып отыр.
– Үйде үш айлық бала бар. Мен де жетпістен асқан қариямын. Баланың жөргегін жуатын кезде су таппай қаламыз. Ыдыстарға толтырып алған суымыз монша мен ыдыс жуудан артылмайды. Аптап ыстық төбемізден өтіп бара жатқан соң аулаға су сеппесек тағы болмайды. Естуімше, жоғарғы көшеде тұратын тұрғындар суды баубақша суаруға пайдаланып, үнемдеуге тырыспайды. Соның себебінен бізге су жетпей қалатын көрінеді. Бұл биыл ғана болып жатқан мәселе емес. Бірнеше жылдан бері осы жайдан көз ашпаймыз. Биыл жаз соншалықты құрғақ болған жоқ. Жауын-шашын аз жауған жоқ. Су тапшылығын болдырмайтын қосымша әдістер ойлап тапса жақсы болар еді. Шаруамызға айтарлықтай кесірі тиіп отыр, – дейді ауыл тұрғыны Рзақия апа.
Бір қызығы, ауданның өзге аймақтары ауыз судан тапшылық көріп отырған жоқ. Тіпті кей үйлерге құбыр арқылы келетін судың қарқыны күшті. Ал дәл аудан орталығындағы көшелерге ауыз су не себепті жеткіліксіз болып отырғанын ауыл әкімі Рәтбек Көсембаев былай деп түсіндірді: «Бәйтерек, Ақментей, Бауыржан Момышұлы көшелеріне ауыз су кестемен беріледі. Жазғы уақытта су жетіспеушілігіне байланысты сағат 12:00-бастап 17:00-ге дейін Қайрат ауылында орналасқан су жинау бассейніне су толтырылады. 17:00-ден бастап құбырға су жіберіледі. 2025 жылы жаңа скважина бұрғыланады. Су жүйесін жаңарту жоспарлануда». Ауыл әкімі таулы аймақта судың не себепті жетіспей отырғанына қисынды жауап айтқан жоқ. Сондықтан облыс әкімдігінің энергетика ж ә н е т ұ р ғ ы н ү й - ком м у н а л д ы қ ш а руа ш ы л ы ғ ы б а с қ а рм а с ы н а қайырылуды жөн көрдік. Аталған мекеменің сумен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Смат Сатымбеков Бауыржан Момышұлы ауылындағы су жүйелері өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жөндеу көрмегенін айтты.
– Жуалы ауданының Бауыржан Момышұлы ауылындағы ауыз су жүйесі жетпісінші жылдардан бері жөндеусіз пайдаланылып келеді. Ауылда 3060 аулада 15 мыңнан астам халық тұрады. Ауыз су құбырының ұзындығы 89,6 шақырымды құрайды. Жаз мезгілінде ауыз су жетіспеушілігі туындайтындығы рас. Себебі, тұрғындар ауыз суды бақша суаруға пайдаланады. Сонымен қатар, ауыз су құбырлары ескірген. Осыған байланысты 2023 жылы жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, Бауыржан Момышұлы ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Тиісті құжаттар толық әзірленіп, сараптамадан өткізілген соң бюджетке өтінім жолданатын болады, – дейді сала маманы.
Бай табиғатымен белгілі Жуалы жері судан тапшылық көреді дегенге адам иланбайды. Оның үстіне талайдың таңдайын жібіткен, мәуелі мың бұлақтың өзегі болған Мыңбұлақтың қайнарындағы ауылда ауыз судың жоқтығы зор әбестік секілді. Аудан аумағында 21 су бассейні орналасқан. Б ұ ғ а н қ а р а м а с т а н ат қ а р у ш ы мекемелердің берген жауаптарына қарасақ, жуалылықтардың жүйкесіне су мәселесі әлі бірнеше жыл жүк түсіретін секілді. Жауапты мамандар тұрғындардың ысырапшылдығын айыптайды. Бірақ ауылда суды көлкөсір пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Жаз басталса жұрттың бас ауруына айналатын жайды болдырмау үшін баламалы тәсілдер қарастыру жауапты мамандардың ойына келмей жатқанына таңымыз бар.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді