Журналистердің жұмысымен танысты

Журналистердің жұмысымен танысты
Ашық дереккөз
Ақпарат саласы мемлекеттегі идеологиялық ахуалды тұрақтандыруға тікелей сеп болып отырған бағыттың бірі. Бүгінгі таңда өңірде бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттің ақпараттық саясатын жүйелі жүргізіп келеді. Бұл ретте аталған салаға жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов облыс орталығындағы БАҚ редакцияларына арнайы бас сұғып, қалам иелерінің жалпы жағдайымен танысты.

Серік Жақсылықұлы бірінші кезекте өңір журналистикасының ұстаханасына айналған Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйіне атбасын бұрды. Мұнда қазіргі таңда бірнеше БАҚ кеңсесі орналасқан. Әуелі облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмыс барысымен танысқан Серік Жақсылықұлына аталған мекеменің басшысы Алмат Садуақас атқарып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап берді. Сала жетекшісі одан әрі Данияр Асқарұлы басқаратын «Auliеata Media» ЖШС-на арнайы бас сұқты. Медиахолдинг құрамына кіретін облыстық ғасырлық тарихы бар «Aq jol», «Знамя труда», «Аrai» жастар газетінің редакциясына арнайы табан тіреп, журналистермен тілдесті. Аталған басылымдардың редакторлары газеттің жазылым жайы туралы аз-кем ақпарат беріп, негізгі жұмыс бағыттары туралы айтып берді. Өз кезегінде медиахолдинг басшысы Данияр Асқарұлы өңірдегі ақпарат ағынының негізгі қозғаушысына айналған БАҚ-тың бүгінгі жетістіктері туралы ақпарат берді. Әсіресе, биыл газетке жарияланған мақалаларды әлеуметтік желі арқылы оқырман назарына ұсыну мақсатында құрылған контент орталығының жұмысын ерекше атап өтті. Одан бөлек, медиахолдингке қарасты Jambylinfo.kz ақпарат агенттігінің республика бойынша рейтингте үздік жүздікте тұрғанын айтып, ақпараттарды лезде таратуда кәсіби мамандардан құралған команда бар күшін салып жатқанына да тоқталды. Қорытындылай келе қазіргі таңда медиахолдингте ешқандай күрмеулі мәселе жоқтығын, тек жалғыз түйткіл журналистер жалақысының аздығы, соның салдарынан кадр тапшылығы қатты сезілетінін атап өтті.

– Ақпарат саласы қоғамдық пікірге әсер етуші, идеологияның негізгі тетігі. Сондықтан да қалам иелеренің мәселесіне жіті мән беру керек. Жалақыны көтеру тетіктерін саралаймыз. Мәселені назардан тыс қалдырмаймыз, – деді Серік Жақсылықұлы.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ 

Ұқсас жаңалықтар